«Бір жетімнің маңдайын сипағанға жұмақтың жеті қақпасы ашылады» деген сөз бар. «Жетім көрсең, жебей жүр» дейді қазақ. Жетімдік – тағдырдың жазуы. Оны ешкім сұрап алмайды. Пешенесіне солай беріледі. Қоғам тасбауырланып бара жатқан мына заманда жетімдердің саны көбеймесе, азаймай тұрғаны өкінішті. Көкек ана мен жауапкершіліктен ада әкенің ойсыз әрекеттері талай баланың көзін жәудіретіп, жетімдіктің қамытын жастайынан киюге мәжбүрлеп отыр. Өмірге Жаратушының ықтиярымен келген шақалақтың ешқандай жазығы жоқ болса да, тағдырдың осындай талқысына түседі.
Әкенің ақылын, шешенің аялы алақанын сезінбеген баладан бір жылылық күтудің өзі әбестік шығар-ау. Сондықтан ата мен ананың рөлін бұл тұрғыда мемлекет атқарады. Өсіреді, тәрбиелейді, оқытады, жетілдіреді. Мұның бәрі дұрыс. Дей тұрғанмен, олардың қоғамда өз орнын табуы ең маңызды мәселе. Орта мектептен соң жоғары білім алып, бір салаға маманданып, отбасын құрып, осы қоғамның толыққанды азаматы ретінде қалыптасуына дейін көп тіршілік атқарудың керектігі анық. Сондықтан мемлекет ата-ана қамқорлығынан ерте қалған жастарға ұдайы көңіл бөліп отырады. Біз бұрнағы күні сондай бір әсерлі көріністің куәсі болдық. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жетім қалған 17 балаға баспана кілтін берді.
– Біз де қатты толқып отырмыз. Тағдырдың жазуымен ата-анасыз өстіңіздер. Талай қиыншылықты бастан өткердіңіздер. Бірақ сіздерді қанаттыға қақтырмайтын, тұмсықтыға шоқыттырмайтын Тәуелсіз еліміз бар. Әкелік қамқорлығын аямайтын Елбасымыз бар. Сондықтан әрқайсыларыңыздың ойға алған арманның орындалатынына сенемін. Бүгінгі кездесуіміз де соның дәлелі, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Аталған игі бастама «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының шеңберінде іске асқан. Осыдан-ақ бағдарламаның жемісті жұмыс істеп жатқанын көруге болатын шығар.
Он жеті бала. Он жеті тағдыр. Он жеті болашақ. Міне, жыл басында осынша жастың үміт шырағы лаулап жанды. Оны біз жастардың жанарынан анық көрдік. Жетім қалған жастарға пәтер кілтін тапсыру рәсімінде сөз алған Римма Тұрышева тебірене сөйледі.
– Біз ата-ананың жылуын сезінбей өссек те, туған еліміздің қамқорлығын ұдайы көріп келеміз. Өзім «Ақмешіт» гуманитарлы-техникалық институтын есеп және бухгалтер мамандығы бойынша аяқтадым. №136 орта мектепке мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Жақында отбасымызда үшінші сәбиіміз өмірге келмек. Міне, осындай қуанышқа барлық отбасыммен келіп отырмын. Жеке пәтер алып отырмыз. Бұдан артық қандай бақыт керек?! Бізді күресінге түскен тағдырымызға күрсініс араластырмай, қайта барынша қолдап-қорғап келе жатқан Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз,– деді ол.
Жетімдіктің зардабын енді ешкім тартпасын деп тілейік.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
ҚЫЗЫЛОРДА.