Бұл күндері Бангладештің Дакка қаласында садақ атудан Азия біріншілігі өтіп жатқаны белгілі. Жарыстың екінші күнінде Қазақстан командасы Сары құрлық чемпионатындағы екінші медалін жеңіп алды.
Қазақстанның Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметінше, блоктық садақ атудан Қазақстан ерлер командасы құрлық додасының финалында өнер көрсетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Сергей Христич, Ақбарәлі Қарабаев және Андрей Тютюн үштігінен құралған Қазақстан құрамасы бас жүлде үшін өткен бәсекеде Оңтүстік Корея құрамасынан бір-ақ ұпай айырмасымен ұтылып қалды – 235:236.
Айта кетейік, бұл – Азия чемпионатындағы Қазақстан құрамасының екінші медалі. Бұған дейін классикалық садақ атудан Қазақстанның әйелдер командасы қола медаль жеңіп алған еді.