Шымкент қаласында қойма өртеніп, ондаған кәсіпкер тақырға отырды. Бұл туралы «КТК» телеарнасы хабарлады.
1300 шаршы метр аумақты алып жатқан логистикалық орталыққа кәсіпкерлер азық-түліктен бастап құрылыс заттарына дейін сақтаған болатын. Осында болған өрттің салдарынан соның бәрі күлге айналды. Ал оқиға орнына келген өрт сөндірушілерге қойма маңында гидранттың болмауы қиындық туғызыпты. «20 миллион шығынға баттық. Негізінде қойманы айына 200 мың теңгеге жалға алған едік. Осы сома ішіне күзет пен өрт қауіпсіздігі де кіреді. Енді қоймаға жауапты қызметкерлер біздің сұрағымызға жөнді жауап бермей отыр», - дейді кәсіпкер Татьяна Шнякина.
Қоймадан шыққан қызыл жалын сөндірілгенше, пойыздардың жүруіне тыйым салынған екен. Әзірге өрттің шығу себебі мен одан болған шығын көлемі анықталған жоқ.
Әмірхан Алмағанбетов.
Дереккөз: «КТК» телеарнасы.
Фото: Tor.rbc.ru.