Құрылыс материалдары тоқтаусыз қымбаттап бара жатқаны талай айтылып жатыр. Елімізде олардың құны 28%-ға шарықтаған. Тиісті министрліктер, ведомство өкілдері қымбатшылықты тежеу шараларын жасап жатырмыз дегенімен, бір көтерілген бағаның түсетін түрі көрінбейді.
Құрылыс саласы мамандарының айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығындағы қымбатшылық – әлемде болып жатқан құбылыс. Дүние жүзінің көптеген мемлекетінде бағаның қымбаттауы байқалған. Knight Frank консалтингтік компаниясының деректеріне жүгінсек, әлемдегі тұрғын үй құрылысының орташа бағасы биылғы жартыжылдықта 9,2%-ға өскен. Бұл – 2006 жылдан бергі алғашқы өсім екен.
Әлемдік жылжымайтын мүлік саласын сараласақ, бәрінен бұрын Түркияда тұрғын үйдің бағасы еселеп артыпты. Мұнда бір жылдың ішінде баспана құны бірден 29,2%-ға шарықтаған. Осы елде риэлтор болып жұмыс істейтін Жанна Қасымбаеваның айтуынша, пандемия кезінде Түркияда үй бағасы 10-15%-ға төмендеген. «Алайда карантиндік шектеу шаралары жұмсарғанда үйдің бағасы да қымбаттай бастады. Бірақ баспана бағасы көтерілгенімен оған сұраныс азайған жоқ. Әсіресе соңғы бір жылда Жерорта теңізі жағалауындағы Түркия курорттары аймағынан баспана алушылар күрт көбейді. Олардың ішінде отандастарымыз да көп», дейді риэлтор.
Тұрғын үйлердің қымбаттауы жағынан екінші орында Жаңа Зеландия (+25,9%) тұр. Үшінші орында – АҚШ (+18,6%), Словакия (18,6%) және Швеция (17,2%). Қысқасы, 55 елдің 18-інде тұрғын үйдің екі есеге қымбаттауы байқалған.
Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы баға да осыған ұқсас. Биылғы қазан айындағы көрсеткіш бойынша жаңа үйдің бағасы бір жылдың ішінде 14,6%-ға ұлғайған, деп хабарлайды Finprom ресурсы.
Елде тұрғын үй бағасының өсуіне құрылыс материалдары құнының шарықтауы басты себеп болып отыр. Құрылыс саласының сарапшылары үй салуға қажетті тауарлардың құны аспандағаны өз алдына, олардың жетіспеушілігі де үлкен мәселе болып отырғанын айтады. «Пандемия кезінде құрылыс қарқыны әжептәуір бәсеңдеп қалған еді. Кейбір компаниялар салып жатқан құрылыстың бағасын түсіруге де мәжбүр болды. Үйге сұраныс та төмендеп кеткен болатын. Бірақ биыл жыл басынан бері жаңа баспанаға деген сұраныс күрт артты. Бұған жұртшылықтың зейнетақы қорында жинақталған артық қаражатын үй сатып алуға пайдалануы да әсер еткен болуы керек. Ең бастысы, сұраныс еселеп артты. Құрылыс та қайта жанданды. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында үйдің бағасы қымбат болса да өтіп тұр. Мысалы, біздің компанияның биыл пайдалануға берілген үйі әп-сәтте сатылып кетті. 800-дей пәтері бар тұрғын үй кешенінен бір өзі 100-ден астам пәтер сатып алған адам бар. Сондықтан материалдардың қымбаттауына қарамастан құрылыс баяуламайды. Өйткені үйге деген сұраныс бар», дейді елордалық құрылыс компаниясының техникалық директоры М.Райханов. Оның пікіріне қарағанда, осындай жоғары сұраныс бар кезде бағаның түсуі де екіталай.
Құрылыс шығындарының басым бөлігін құрылыс материалдары алатыны белгілі. Nasdaq қор биржасының мәліметі бойынша құрылыс компанияларының тарихында бұрын-соңды мұндай қымбаттау мен шығындалу болмапты. Тек шілде айының өзінде материалдардың бағасы былтырғыдан 19,4%-ға көтерілген. Ал өндіруші кәсіпорындар өз өнімдерінің бағасын 28%-ға қымбаттатқан. Бұл – 2021 жылдың қазан айындағы көрсеткіш.
Құрылыс материалдарының бағасы, әсіресе биылғы мамыр айында ерекше өскен. Ашық дереккөздерге сенсек, пластикалық материалдар шығаратын кәсіпорындар өз өнімдерінің бағасын 13,7%-ға ұлғайтқан (бір жылдың ішінде). Саздан жасалған тауарлар – 16,2%-ға, кірпіш, қыш жабындар – 18,5%-ға, бетон бағасы бірден 14,2%-ға артқан.
«Металдан жасалған материалдардың құны да аспандап тұр. Металлургиялық компаниялардың өнімдері 30,9%-ға, құбырлар мен профильдер құны 19,8%-ға қымбаттаған. Ал бұрын осы материалдардың бағасы жылына әрі кетсе 0,3%-ға ғана өсетін», дейді сарапшылар.
«Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықтағы қымбатшылықты болдырмау мақсатында бірталай шара қабылдап жатқанын хабарлағаны есімізде. Бірақ баға құрықталар емес. Өйткені қолға алынған шаралардың бәрі уақытша ғана бағаны тоқтатады, одан кейін қайта қымбаттайды. Бұған жылу, жарықтың, жанар-жағармайдың, дизель отын бағасының өсуі де ықпал етіп отырғаны анық. Енді баға түседі деп дәмеленудің қажеті жоқ, тек нарықтың осы заңына бағынып, оған бейімделу қамын жасау керек», дейді сарапшылар.