Клара Шайыр ауылындағы мектептің жетінші класында оқып жүргенде оқушылардың мектепаралық фестиваліне қатысады. Орыс тілінде өлең оқып, екінші орынға ие болады. Сол кезде есіктің алдында үш-төрт баланың арасында тұрған Әбіштің көзіне түседі. Клубтың іші салқын болса керек, оның жеңіл киінгенін көрген Әбіш: «Апырым-ай, мына қыз тоңып қалмаса екен» депті. Кейіннен сегізінші класқа жеткенде, Клара Үштағанға көшеді. Сондағы Таушық мектеп-интернатында ауданның 13 колхозынан келген балалар оқитын болады. Солардың ішінде Әбіш те бар еді. Осылайша, бұлар Таушықта тағы кездесіп, бір мектепте оқи бастайды. Әбекең интернатта тұрып оқыса, Клара туыс аға-жеңгесінің үйінде тұрады. Клара Әбіштен бір класс төмен оқыған. Сол кезден бастап екеуі бір-біріне көңіл аудара бастайды. Әбіш комсомол ұйымының хатшысы, ал Клара – ұйымның мүшесі. Осылайша, 9-класта Әбіш жүріс-тұрысы да, өзі де сұлу, қос жуан бұрымы көйлегінің етегінен түскен аласа бойлы қызға ғашық болып қалады.
Мектептес достары екеуін Лира, Муза деп атапты. Әбіштің айырылмастай сырлас досы, Клараның парталас сыныптасы Сайын Назарбекұлы осы «романның» жанашыры болған екен. Ол хат-хабар жеткізіп, екеуінің арасында туған сезімнің нығаюына ықпал еткен. Кларада Әбіштің сәлем хаттарын мұқият оқып, оның мазмұнын жаттап алатын көрінеді. Осылайша, Әбіштің Кларасына немесе Лираның Музасына ғашықтығы өте шынайы сезімге ұласады. Әбіштің Клара – Музасын ұнатуының басты себебі әдемі, сәнді бойжеткеннің мінезі болатын. Ол өз бағасын жақсы білетін, мектепте қыздармен де, ұлдармен де көп шүйіркелесіп, жалпылдап сөйлеспейтін, жүріс-тұрысы кербез ерекше қыз болған. Оның ішкі дүниесі айтқан бір ауыз сөзі мен көзқарасынан-ақ көрініп тұрса керек. Әбекең өзінің Музасын жан дүниесінің музыкасы деп санаған.
Сонау жылдары Әбекең елордадағы Мәскеу көшесіндегі Президент Іс басқармасына қарасты ауруханаға түсіп қалып, жұмыстан соң халін білейін деп барған едім. Келсем, палатада Клара апайдан басқа Сайын ағамыз да отыр екен. Шай үстінде көп әңгіменің басы қозғалып, қызықты да жүрекжарды естеліктердің куәсі болғаным бар. Сол жерде мен Клара апай мен Сайын ағамыздың бір класта оқығандарын алғаш рет естідім. Жоғарыда сөз болған Муза мен Лираның арасындағы ғашықтықтың кейбір қырлары мен сырлары әзіл-қалжың үстінде тартымды әңгіменің арқауына айналып еді.
Мектепті Әбекеңнен бір жыл кейін бітіріп, Клара апай Ақтөбедегі медициналық институтқа оқуға түседі. Ал Әбекең болса Алматыдағы оқуында. Олар жаз айларында арагідік көрісіп тұрыпты. Клара институтты бітіргенде, оны сол кездегі Кеңес Одағындағы жоғары оқу орнын аяқтағандарды бөлу тәртібіне сәйкес Алматы облысының Балқаш ауданына қызметке жібермек болады. Сол сәтте Клара апай тізгінді өз қолына алып, осындай жағдай болып жатыр, мәселені тез шешу керек деп Әбекеңе телефон соғады. Тек неке куәлігі ғана олардың бірге болуына кепілдік беретіндігін Клара жақсы түсініп, бұл мәселеге өзі қозғау салған екен. Осы хабарды ести сала, жас журналист Әбекең түнделетіп өзінің ұстазы З.Қабдоловтың үйіне келіп: «Ақтөбеге баруға бір билетке, ал Алматыға қайтарға екі билет алуға» ақша сұрайды. Ұстазы көмегін аямайды. Сөйтіп, Әбіш Ақтөбеге жалғыз барып, Алматыға екеу болып оралыпты. Мектеп қабырғасында бастау алған бұл махаббат оншақты жыл бойына жалғасып, ақыры өз шешімін 1964 жылы тауып, Лира мен Муза отау құрады. Бұл өмірде бір-ақ рет ғашық болған жандарға ғана тән нәрсе болар.
Жалпы, Әбекеңнің отбасы соғыс кезінде қиындықты көп көреді. Айсәуле ана шахтада жұмыс істеп, трест жабылған соң Ондыда колхозшы болған. Мал бағып, құрылыста да жұмыс істеген. Біртуар дара ұлдың анасы Айсәуле: «Жарығым-ау!» деп, жалғыз ұлын жеткізем деген сенімін жоғалтпай, Әбішінің тілегін тілеп, «Жалғызым, Әбішім» деп, сол үшін өмір сүрген. Сондықтан Айсәуле ана олармен бірге болып, ақылы мен өсиетін айтып, өмір сүруге үйретті. Келінін азаматы мен туыстарын сыйлауға баулыды. Балаларын тәрбиеледі. Ол кісі бөтен сөзі жоқ, «жарығым, шырағым» деп сөйлейтін, бірақ айтатынын бетке айтатын адам болыпты. Жалпы, келін болған қырық жылда Клара апай ақ жаулықты анадан қатты сөз естімепті. Ол Айсәуле анасының шапағатын сезініп, оны аяулы анасындай көріп, көпті үйренгенін айтады.
Клара Жұмабайқызына жазушының бабын табудың өзі де оңай болмағаны белгілі. Абыздың жұбайы ретінде ол оның жазушылығы мен қызметіне қамқорлық жасады, ойға шомылып, жазу жазып жатқанда көңілін бөлмеуге тырысты. Әбекеңнің Алматыдағы тұрған үйлері Жазушылар одағына жақын болса керек, екеуі отау құрғаннан кейін бүкіл жолдастары мен әріптестері осы үйдің дастарқанынан дәм татып, тіпті түскі асқа да келіп тұрыпты. Айсәуле ананың үйге адам келгенде қабағыңды шытпа деген ақылын ескеріп, жолдастары келгенде оларды сыйлап, дұрыстап қарсы ала білді. Сондықтан Клара апамыз көп жақсы мен жайсаңдарды қонақ қылып күте білген. Фурманов көшесіндегі үйде үлкен-үлкен жиындар болып, келелі-келелі сөздер айтылған екен. Жас жазушылар, талантты студенттер, тіпті небір атақтылар мен ұлылар да Клара апамыздың қолынан дәм татқан көрінеді. Бұл әңгімелердің барлығының төркіні ел болу, басқалардан кем болмау, ұрпақ қамына қатысты болған еді. Ол рас. Астанаға көшіп келген соң да, достарының көбісі Алматыда қалғанына қарамастан, бұл кісілердің үйінің есігі әрқашан ашық болып, келімді-кетімді адамдардың қарасы азайған емес. Біз де Клара апайдың дастарқанынан, ол кісінің өз қолынан, талай рет дәм татып, ғажайып әңгіме-дүкеннің ортасында болған едік. Сол үйде қаншама тұлғалы азаматтармен танысып, олардың қызық та мәнді сөздерін естідік. Қуанышты күндер мен қайғылы кезеңдерде де қастарынан табылуға тырыстық...
Әйел адамға үйді ұстау, азаматты күту де, әрине, оңай шаруа емес. Өмірі бітпейтін үй шаруасын, бала тәрбиесі мен бала-шағаның денсаулығы, дастарқанды жайнатып, қонақ күтудің бәрі Клара апайдың мойнында болды. Әуелі киетін киімдеріне дейін мөлшерлеп, Әбекеңді ертіп бармай-ақ, өзі ала беретін және олардың барлығы, негізінен, дәл келетін. Абыздың бағына жұбайы Клара оны ерінбей күтетін, оның кейбір мінездерін көп сынап, мінемеген де. Клара Жұмабайқызы үлкен тұлғаның қасында 51 жыл болыпты. Ол жоғары білімді дәрігер ретінде еңбек жолын Алматы қаласында учаскелік дәрігер болып бастаған. Еңбек кітапшасында Алматыдағы №1 қалалық емханада қатардағы дәрігер, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарғандығы туралы жалғыз-ақ сөйлем жазылыпты. Сонымен бірге ол кісінің еңбек кітапшасына енбей қалған тағы бір «лауазымы» болды, ол – Абыз Әбіштің «жеке емдеуші дәрігері». Клара апай – Әулет, Зәузат, Сәулет, Дәулет сияқты ұл-қыздарының анасы. Ал немерелері Абыл – «Аққошақан» қолдарында өсіп, тәрбиеленді.
Бар өмірін Әбішке арнаған Айсәуле ананың орнын басып, оны айрықша мейірмен, ықыласпен күткен Клара Жұмабайқызы қиындыққа төзіп, отбасының берекесін сақтап, ананың да, баланың да бабын таба алған деуге толық негіз бар. Сондықтан болар, Айсәуле енесі өмірден өтерінің алдында оған «Ризамын, ризамын» деген екен. Әбішіне алпыстан асса да кішкентай баласындай қараған мейрімді ана келіні Клараға «Әбішті ренжітпеңдер» депті. Әуелі пайғамбар жасындағы Әбішін шөбересі, Әбішінің немересі Абылға, кәмелетке толмаған жап-жас балаға да «Әбішке қамқор бол» деп аманаттаған көрінеді.
Айсәуле ана 2001 жылдың 29 қарашасында қайтыс болды. Ол кезде біз Мемлекеттік хатшының хатшылығында қызмет істеп жүргенбіз. Суық хабарды ести салысымен хатшылықтың меңгерушісі Амангелді Қайырбаев екеуміз Әбекеңнің үйіне барып, Клара апайдың айтуымен марқұм болған Айсәуле анамызды жайғастыруға көмектестік. Амангелді Қайырбайұлы Маңғыстауға Әбекеңмен бірге ілесіп барып, жерлеу рәсіміне қатысып қайтты. Айсәуле ана Ата қауымы Қамысбай қорымына жерленді. 2009 жылы Онды ауылының кіре берісінде «Ай-Ана» – «Ел тілегін тілеген аяулы аналарға бек риза ұрпақтан» атты ескерткіш-мүсін орнатылды. Ұлы Отан соғысында шейіт болған күйеулерінің артында қалған ұл-қыздарын аман өсіріп, тәрбиелеп, азамат қылып жеткізген барлық аналарға арналғанымен, ескерткіштің негізіне, басты тұлғасының кескіндемесіне Ә.Кекілбаевтың анасы Айсәуле Жұмабайқызының бейнесі алынған. Маңғыстау ауданының орталығы Шетпенің оңтүстік-шығысында орналасқан осы Онды ауылы – Әбекеңнің туған жері. Ондағы орта мектеп бүгінде «Әбіш мектебі» деп аталады.
2019 жылғы Абыз Әбіштің 80 жылдығының қарсаңында Маңғыстауға барғанымызда Айсәуле ананың биік тұғырда отырған тұлғасын да көрдік, «Әбіш мектебіне» де бардық. Бір ғажабы, облыстағы барлық іс-шаралар жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өтті. Мәселен, Ақтауда әуежайдан қарсы алудан бастап жап-жас еріктілер аяғымызды жерге тигізбей, көтеріңкі көңіл күймен келген қонақтарға қызмет көрсетті. Жастардың көзінен Әбіш Кекілбаев сияқты кемеңгер тұлғаға құрмет пен осындай жерлестерінің барлығына деген үлкен мақтаныш сезімдерін байқадық. «Ай-Ана» ескерткіш-мүсін алдындағы қонақтарды қарсы алу рәсімін ауыл әкімі мен оқушылардың өздері атқарды. Облыс, аудан әкімдері қонақтардың арасында тұрды. Бұл не деген құрмет, қандай ықылас пен сүйіспеншілік, қаншама шынайы сезім десеңізші! Мектепте де дәл осылай болды. Бастауыш сынып оқушылары мен мұғалімдер арнайы әзірлеген қойылымдарын көрсетіп, кезінде ата-аналары ырымдап балаларына «Әбіш» деп ат беріп, Әбекеңнің батасын алған аттастары Әбіш аталарының да, оған арналған өлеңдерін де оқып, қонақтарды риза қылды. Клара Жұмабайқызы облыстағы аудан колледждері мен лицейлерінің үздік студенттеріне арнайы тағайындалған Ә.Кекілбаев атындағы стипендияларды табыс етті.
Клара Жұмабайқызы Әбекеңнен «алай бұлай бола қалсаң, сені не қыламын, мына кітаптарыңды не істеймін?» дегеніне ол онша мән бермеген көрінеді. Абыз Әбіш дүниеден озған соң бұл мәселе қайта көтеріледі. Ол өзінің құдай қосқан ерімен бірге жерленуін қалап, Әбекеңді «Ұлттық пантеонға» жерлейміз дегенде, осы сұрақты турасынан қойып, тіптен ондағы ерлі-зайыптыларды жерлеу реті мен басына орнатылатын құлпытастарының пішініне дейін өз пікірін айтып, біраз мәселенің басын ашуға септігін тигізіпті. Ол кісі сонымен қатар Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығын атап өтуге, музейін ашу, ескерткішін тұрғызу мәселелеріне де үлкен мән беріп, алдын ала қамданып, ол қалай өтер екен деп уайымдап, оның дұрыс өтуіне бар күш-жігерін жұмсады десек, артық айтпаған болар едік.
2019 жылы өңірлерге алғашқы сапарларының бірінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Маңғыстау облысына барып, өңір басшылары және қоғам өкілдерімен кездесуі кезінде Ә.Кекілбаевтың 80 жылдық тойының лайықты деңгейде өтетіндігін айтып, Әбекеңді «Қазақтың абызы», қазақ әдебиетінің классигі, ұлттық интеллигенцияның көрнекті өкілі атауы және Клара Жұмабайқызын өзінің сол жағына отырғызуы оның көңілін орнына түсіреді. Соның алдында Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат Төрағасы ретінде де Ұлттық кітапханада Ә.Кекілбаев атындағы залдың ашылуына келіп қолдау көрсеткенін де айта кету керек. Президент сөзінде тұрды. Әуелі Ақтаудағы іс-шараларға өзі арнайы ат басын бұрып, Қазақтың Абызы – Әбіштің ескерткіші мен музейін ашып берді.
Мемлекет басшысының осындай шынайы ықыласы мен қолдауы Клара апайға қанат бітіргені рас. Ол шаршап, денсаулығының сыр бергеніне қарамастан, аяғына ота жасатудан да бас тартып, тек арасында аз уақытқа ауруханаға жатып алып, тыным таппай дайындық жұмыстарын бәсеңдетпей, барлық мәселелерді үйлестіріп, оларды шешуде нағыз қажырлылықтың үлгісін көрсетті. Алматы, Ақтау, Атырау және Нұр-Сұлтан қалаларындағы іс-шараларда сөз сөйлеу, БАҚ өкілдеріне сұхбат беру және тағы басқа мәселелер сол күз айларында Клара апайдың күнделікті ісіне айналып кетті. Кейде арасында «осы іс-шараны лайықты деңгейде өткізсем болды...» дегенді де айтып қалып жүрді... Сөйтсе, ол барлық күш-жігерін жинап, Әбекеңнің аруағын аспандатып, есімін мәңгілік етуді өзінің өмірінің мәніне айналдырса керек. Тіптен оны өмірінің соңғы межесі ретінде белгілеп те қойғандай... Сегіз айдай уақытты аралатып, 2020 жылғы шілдеде Әбіштің Музасы Абыз Әбішінің артынан кете барды... Бұл, шын мәнінде, үлкен махаббат және нағыз ерлік еді! Ол көзі тірісінде өз бағасын алды – Президент Қ.Тоқаев Клара Жұмабайқызына өз қолымен «Парасат» орденін табыс етті.
Пандемия індетінің кесірінен көпке дейін барудың реті келмей, биыл 30 қазан күні Әбіш Кекілбаевтың Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы болып тұрғандағы хатшылығының қызметкерлері – көмекшісі Тілекқабыл Боранғалиев, кеңесшілері Бақытжан Ордабаев, Жапсарбай Қуанышев және Әбекеңнің немересі Абыл Әбіш Кекілбаев пен Клара Жұмабайқызының бастарына барып, дұға жасатып, құран бағыштап қайттық. Өйткені 1996 жылдың дәл осы күні Әбіш Кекілбаевты Мемлекеттік хатшы етіп тағайындау туралы Президенттің Жарлығы шыққан болатын. Сол жарлық біздің басымызды қосып еді. 2019 жылғы Абыз Әбіштің 80 жылдығының қарсаңында Маңғыстау облысында өткен үлкен жиындардың бірінде Клара Жұмабайқызы үшеуімізді «Әбіштің балалары» деп атап, біздің мәртебемізді көтеріп, үлкен құрметке бөлеген еді. Сондықтан екеуінің, Лира мен Музаның, қатар жатқанын көру, оларға тағзым ету біз үшін өте маңызды болатын. Көңіліміз орнына түсіп, сағынышымызды басып қайттық... Алақанымызды жайып отырғанда өліге иман, тіріге берекет беріп, ата-бабамыздың аруағы қолдап, құдіреті мол Құдайдан туған жерімізді бекем, елімізді аман ете гөр деп дұға тіледік!
Жапсарбай Қуанышев,
қоғам қайраткері