Аспанда қанша жұлдыз бар? Айдың түсі қандай? Күн неге жерді айналады? Ал жер неге домалақ? Жарықтың жылдамдығына өлшем бар ма? Біз не үшін түнді қарамен, күнді сарымен бояймыз? Білесіз бе, бұл сұрақтар иллюзияға толы болғанымен, бәрінің де жауабы бар. Ал оны бізге астрономдар айтады.
Жоғарыдағы сауалдарды тұрмыстық кескіндеме және жанрлық портрет шебері, голланд суретшісі Ян Вермеердің «Астроном» картинасына қарап құрадық. Көркемөнердің алтын ғасырында, жо-жоқ еркіндік пен гүлдену дәуірінде дүниеге келген талант иесі бейнелеу өнері тарихында орны ерек тұлға. Ол тек қылқалам шебері емес, тәп-тәуір кәсіпкер де болған адам. Оның ғалым Энтони Ван Левенгукпен қарым-қатынаста бекер болмағаны көпке мәлім.
Оның мансабы туралы нақты мағлұмат жоқ, өмірбаянына үңілсеңіз тек өнермен қоршалған. Оған көбіне италиялық кескіндемелер мен Караваджо шығармашылығы ерекше әсер еткені айтылады. Картинадағы қанық түстер мен бояулардың тығыз қабаты италиялық көңіл күйді береді. Жанрлық сюжеттер жұмысының жетекші лейтмотиві мен ерекшелігіне айналғаны даусыз.
Суретші өзінің кезекті жұмысы үшін 45х41 сантиметр өлшемді кенеп пішімін таңдаған. Байқайсыз ба, кескіндемешінің өзіне тән қолтаңбасы оның жарықты әдемі үйлестіруінен-ақ білінеді. Ал мінезі қарапайым бейнені монументалды бейнеге айналдыруында, сонымен қатар күнделікті өмірдің ұсақ-түйегіне мән беруінде тұр.
Шығармадағы глобус сияқты географиялық картада Нидерландтың жер көлемі бейнеленген. Сол арқылы суретші ұлтын мақтан тұтады. Өйткені қызғалдақтың отаны саналатын ежелгі мемлекет XVII ғасырда халықаралық сауданың нәтижесінде бай елдердің біріне айналды.
Картинаның атауы – ақыл мен ғылымнан хабар беріп тұрса, ондағы кейіпкер ғаламшардың иесі есебінде жерді айналдырады. Нәзік жарықтандырылған көрініс адамзат пен ғаламшардың қарым-қатынасын дәл бейнелейді және бұл қарым-қатынаста білім маңызды екенін айшықтайды. Ол кестедегі мәтіндерден де көрініс табады. Картинадағы адам – Энтони Ван Левенгук. Ол – микроскопты құрастырушы.
Айтпақшы, суретші мен ғалым бірін-бірі жақсы білген. Тіпті бірлесіп талай шаруаны тиянақтаған екен. Бұл туындыны әйгілі суретші досына арнағаны анық. Досы арқылы бүкіл ұлттың ғылымына шолу жасайды. Картинаның құпиясы да сонда жатқандай...