• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Пікір 24 Қараша, 2021

Қоғамның алтын діңгегі

3864 рет
көрсетілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаев жақында өткен Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің кеңей­тілген отырысында «Елдіктің жеті тұғы­ры» атты қағидаттар жиынтығын таныс­тырды.

Соның бірі отбасы мен салт-дәстүр қоғамның діңгегі екені жайлы айтып, «Отанға деген сүйіспеншілік өз отбасыңа, ауыл-аймағыңа, еліңе деген махаббат пен жанашырлықтан басталады. Отбасы – ұрпақ тәрбиесінің ұс­таханасы, қоғамдық қатынастардың бас­тауы саналатын бірегей институт. Жаһан­дану үдерісі тұрмысымыз бен салт-санамыз­ға өзгеріс әкелгенмен, ғасырлар бойы қалып­­тасқан құндылықтардан бас тартуға бол­май­ды. Қай кезеңде де біз үлкенге – ізет, кішіге құрмет көрсетуді дәріптейтін ата дәстүрімізді берік ұстануымыз қажет. Отба­сы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай. Сол үшін дәстүрдің озығын алып, тозығын тастап, елдік болмыстың өзегін сақтай білуіміз керек», деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Расында, Елбасы айтқандай, қай қоғамда қандай заманда болсын отбасы – қоғамның мызғымас берік ұстыны, айнымас алтын діңгегі. Ұлттық тәрбиенің өзегі де осы отбасынан басталады. Яғни жақсы адам – өнегелі отбасының  жемісі. Адамның ағзасы миллиондаған жасушадан құралатыны сияқты, мемлекет те миллиондаған отбасыдан тұрады. Жасушасы сау адам тыныш-бейбіт өмір сүретін болса, отбасылары тәлімді-тәрбиелі мемлекет ешқандай берекесіздікке ұрынбай, берекелі өмір сүреді.

Жоғарыда Елбасы айтқандай, қазақ халқы осы ғасырға жойылып кетпей, жол ортада азып-тозып жоғалып кетпей аман-есен жетуі – байырғы берік отбасылық тәрбиенің әсері. Түрік педагогі Мұстафа Ергаш өзінің еңбегінде: «Отбасының тірегі – ері мен әйелі. Бұлар оттегі мен сутегі сияқты. Бұл екі элементтің қосындысынан су пайда болады. Су – өмірдің нәрі, ол лайланса, тіршілік те лайланады» десе, үнді ғұламасы Жавахарлал Неру: «Толық тұлға басқарған отбасы тол­қы­ны басылған теңіз сияқты», депті.

Жоғарыдағы пайым-пікірлерден шығатын қорытынды: отбасылық ахуал толық болу үшін отағасы мен отанасының тұлғалық бол­­мысы бүтін болуы керек. Яғни екеуі де иманды, парасатты, отбасылық өмірді мемлекеттің негізі деп қарайтын, ісіне адал, күнделікті тірлігінде харам дүние қол­дан­­бай­тын, көршінің хақысына ұқыпты, ағайын-туғанға қайырымды, бір-біріне бауыр­мал, жәрдемшілігімен ерекшеленуі керек. Осындай толыққанды тұлғалық қасиетке ие емес адамдар толық отбасын құра алмайды. Жартыкеш отбасын құрады, жартыкеш ұрпақ тәрбиелейді.

Жартыкеш отбасынан жартыкеш тәрбие алған бала Абай атамыз айтқандай, «Не өзі адам болып жарытпайды, не ата-анаға жақсылық көрсетпейді…». Тереңдеп айтсақ, тәрбиесіз өскен бала көршінің баласын бүлдіреді, ол екінші көршінің баласын бүлдіреді, сөйтіп бір ақымақтың кесірінен күллі ауыл-аймақ бүлінеді. Осындай жаман­дық­тан аталарымыз қатты сақтанған. «Ұлың өссе, ұлы жақсымен көрші бол, қызың өсе, қызы жақсымен көрші бол» деп бекер айтпаған.

Толық тұлғалық қасиетке ие болмаған адамдардың (отбасылардың) белгісі – әрқашан тек өздерін дара етіп көрсетуге құмар. Тағы бір кемшілігі – өмір толқындарын сана сүзгісінен өткізбей-ақ, шикі күйінде қабылдап, оң-терісін сұрыптамай қолма-қол жүзеге асырып жібереді. Сыртқы әлемі үнемі басқаға тамсанумен, қызғанумен өтеді. Күнделікті құбылмалы өтірікке алданып өмір сүреді. Баршылықты көтере алмайды, жоқшылық келсе күйрей жеңіледі. Өйткені толық адам дәргейіне жете алмаған пенде өмірді шынайы көруге қабілетсіз. Өзі білмейді, білгеннің тілін алмайды. Жарты адамның шынайы бет-бейнесін ешқашан көре алмайсыз, себебі санасы бүркемеленген, тұңғиық әрі тұрақсыз. Осындай отбасында дүниеге келген бала дәл осындай тәрбие алады. Атамыз қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп тегін айтпаған.

Елбасы атап өткен толық отбасын құру деге­німіз – қайткен күнде бай болу емес, отба­сы­лық тәрбиенің жақсы сабақтасты­ғы­ның үзілмеуі. Қазақтар дәл осы сабақтас­тыққа ерекше мән берген. Шаңырақ тәр­бие­сін үзбеу үшін сенімді, ұлағатты отбасы­ның қызына ұлын ертерек атастырып қоя­­тын болған. Сөйтіп, отбасылық тек-тәр­тіп­­тің сақталуына айрықша мән берген. Өйт­кені тексіз-тәрбиесіз, көргенсіз келін шаңырақ­тың ішкі тәртіп-тәрбиесін бұзатын болғандықтан, осы жайдан қатты сақтанған. Алда-жалда кейбір тәрбиесі осалдау жас келін табалдырық аттаса, емендей енелері сыртқа дымын білдірмей, өз өнегесін үйретіп, тәрбиелеп алған.