• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қараша, 2021

Өндірушілерді қолдауға бағытталған іс-шаралар

159 рет
көрсетілді

Қазақстанда жергілікті үлесті арттыру, отандық кәсіп­керлерді қолдау шараларының аясын кеңейтіп, жергілікті өндірісті ынталандыру тетіктерін көбейту туралы Елбасы–Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та нақты тапсырмалар бергені анық.

Бұл тапсырмаларды орындау үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры нақты шаралар қабылдап, оны орындау арқылы тауарлар мен қызметтер айналымындағы отандық үлесті арттырып отыр. Үкімет отырысында Қордың отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған шаралары мен сол шаралардың он айдағы қорытындысы туралы баяндаған «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» басқар­ма төрағасы Алмасадам Сәтқа­лиев нақты нәтижелер мен болашақтағы жоспарлар туралы ақпарат берді.

Мәселен, Қордың компа­ниялар тобының жалпы сатып алу жоспары 3,6 трлн теңге болса, соның ішінде 2021 жыл­дың 10 айындағы қол қойыл­ған келісімшарттардың сома­сы 3,3 трлн теңгені немесе жал­пы жоспардың 91,7% құрады.

Егер бұл жоспарды нақты бағыттарға бөліп қарасақ, онда тауарларды сатып алу үлесі он ай ішінде 1,6 трлн теңгені, жұ­мыстардың үлесі 0,8 трлн теңгеге, қызметтердің үлесі 0,9 трлн теңгені құраған.

«Отандық үлесті арттыру мақсатында қазақстандық компаниялармен тауар, жұ­мыс­тар мен қызметтерді сатып алу аясында 2,9 трлн тең­генің келісімшарттарына қол қо­­йылды. Осылайша, он ай ішінде жергілікті үлестің кө­ле­мі 2,5 трлн теңге болды», де­ді А.Сәтқалиев Үкімет отырысында.

Отандық кәсіпкерлерді қол­дауда «Қарапайым заттар экономикасы» саласының дамуына ерекше назар бөлінеді. Мәселен, осы жылдың он айында «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасында тауар­мен шаққандағы жергі­лікті үлес 2020 жылғы көрсет­кіштен 8 пайызға артып, 2021 жылы 78 пайызды немесе 40,2 млрд теңгені құраған.

«Егер бұл қаражатты әр са­ланың үлесіне бөлсек, «Қара­пайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жеңіл өнеркәсіп саласындағы компаниялар – 0,6 млрд теңге, тамақ өнеркәсібіндегі компаниялар – 0,5 млрд теңге, құрылыс материалдары саласындағы компаниялар – 6 млрд теңге, химия саласындағы өндірістер – 18 млрд теңге, машина құрылысы саласындағы компаниялар – 13,7 млрд теңге, қағаз өндірісі сала­сындағы компаниялар– 1,3 млрд теңге, фармацевтика бағытындағы кәсіпорындар 0,1 млрд теңге игерген», деді ол. Жалпы, жыл соңына дейін отандық өндірістің үлесін арт­тыруға бағытталған жоспарлар түгелдей орындалмақ.

«Самұрық-Қазына» ұлт­­­тық әл-ауқат қорының отан­­дық кәсіпкерлерді қол­дауға бағытталған үлкен жұмыс­тарының бірі – жергілікті компаниялар арасындағы мемлекеттік сатып алу көлемін арттыру. Қор отандық тауар өндірушілерді қолдау және сатып алуларды дамытуға бағытталған жұмыс­тарды бір ізге қойып үлгерген.

Айта кетерлігі, Қор­дың жал­пы сатып алу келі­сім­шарт­тарының үлесінде отандық өнді­рушілермен 1,2 трлн тең­геге немесе жалпы сатып алу­лардың 75 пайызына тең кө­лемде келісімшарттар жа­салған.

Отандық кәсіпорындардың сатып алу жүйесін дамыту үшін Қор сатып алулар ка­тего­рияларын басқару теті­гін қолданады. Бұл тетіктің арқа­сында отандық тауар өн­дірушілер нақты қолдау көреді және сатып алулардың ең оңтайлы жүйесі қалыптасады.

«Осы тетіктің арқасында 2021 жылы отандық тауар өн­дірушілермен серіктестік және өнім сатып алу туралы жалпы сомасы 62 млрд теңгеге 42 келісім жасалған. Сондай-ақ Қор бірінші кезекте сатып алу жасайтын компаниялар тізімін (Қорға қарасты компаниялар) бекіткен», дейді Алмасадам Сәтқалиев.

Айта кетейік, қазір бұл тізімге 900-ден астам отандық өндірушілер енген. Олармен жалпы сомасы 884 млрд теңге шамасында келісімшарттарға қол қойылған.

Отандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған үлкен жұмыстардың бір бағыты – им­порт алмастыру бағдарла­масы. Жыл сайын қор Хол­динг­ке қарасты барлық ком­па­ниялардың таза импорттан келіп отырған тауарлар пулын қалыптастырып, жариялап отырады. Сонымен қатар өндірушілерге Қазақстан аума­ғында жаңа өндіріс ошақтарын ашуға мүм­­кіндік беретін оф­тейк-келісімшарттарға қол қо­йылады.

«Бағдарламаны жүзеге асырған уақытта жалпы сомасы 79,1 млрд теңге болатын 177 офтейк-келісімшарттарға қол қойылды. Соның нәтижесінде, 2 мың жұмыс орны ашылып, 220 млрд теңге сомада инвес­тиция тартылды. Бюджетке шамамен 18 млрд теңге көле­мінде салық төленді», деді Үкі­мет отырысында Алма­са­дам Сәтқалиев.

Министрлер кабинетінің алдында отандық тауар өндіру­шілерді қолдауға арналған өз­ге де қосымша шаралар тура­лы айта келе А.Сәтқалиев Үкі­­мет тапсырмасына орай, пан­­­демия кезінде «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық биз­несті қолдау үшін қандай ша­­раларды қолға алғанын баян­дап берді.

«Пандемия кезінде бизнес­ті қолдауға бағытталған шараларды тізсек, ең алдымен тауар өндірушілер тендерлік өтініш пен орындау келісімшартын өткізуден босатылды. Соны­мен қатар тапсырыстың ке­мінде 30 пайызы көлемінде аванс төленіп, оны беру мер­зімі 30 күннен 10 күнге дейін қысқарды. Сондай-ақ төтенше жағдай кезінде келі­сім­шарт міндеттерін орындай алмаған кәсіпкерлерге айып­пұл салынбанған», деп хабарлады А.Сәтқалиев.

«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған өзге де шаралар туралы ақпарат бере отырып, 2021 жылы жүзеге асыруға енгізілген сатып алудың жаңа тетіктеріне тоқталды.

«2021 жылы Қор сатып алудың жаңа әдісін – электронды дүкен арқылы сатып алу тетігін енгізді. Егер бұрын сатып алу процесі конкурс өткізіп, келісімшартқа қол қойғанға дейін 22 күннен 43 күнге дейін уақыт алса, енді элек­тронды дүкен арқылы өте­тін процесс 1 күннен 5 күнге дейін уақыт алады. Осы ар­қылы жұмыс шығыны 9 есе­ге дейін азайды», деді А.Сәт­қалиев.

Айта кетейік, осы жылдың маусымында «Квазимемле­кеттік сектордың жекелеген субьектілерінің сатып алу­лары» туралы жаңа заң қабыл­данғаны белгілі. Ал Қордың өте ыңғайлы сатып алу үлгісін енгізіп, жүзеге асыру арқылы отандық тауар өндірушілер шынайы қолдауды сезініп отыр.

«Қазақстан Республикасы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қорды басқару жөніндегі кеңес­те атап өткендей, сатып алу қызметіне қатысты қолданысқа еніп жатқан ша­ралардың экономикалық тиім­­ділігі жоғары болып отыр. Кеңес кезінде Үкімет­ке «Самұрық-Қазына» қоры­ның қазіргі сатып алу жүйе­сін сақ­­тап қалу туралы ұсы­ныс ай­­­тылған еді», дейді А.Сәт­қалиев.

Сөз соңында «Самұрық-Қазына» қорының 2022 жылға ар­налған жоспарларын баяндай келе, А.Сәтқалиев Қор қазіргі сатып алу жүйе­сін сақ­тап қалатынын, бірақ қосымша цифрлы мүмкін­діктерді пайдалана отырып, ол жүйені технология жағынан жетілдіре беретінін атап өтті.