Павлодар облысының соңғы 10 айдағы макроэкономикалық көрсеткіштері көңіл көншітерліктей. Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингке қатысқан облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, осы жылдың қаңтар-қазан айларында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 трлн теңгені құраған. Өңдеу өнеркәсібінің үлесі 60 пайыздан асады. Бұл ретте облыс шикізаттық емес өндіріс көлемін өндіру бойынша республикада үшінші орында тұр. Бүгінде облыстың шикізаттық емес экспорты республикалық көлемдегі әрбір 8-ші долларды еншілеп отыр. 2025 жылға дейін 2 трлн теңгеден астам сомаға 186 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Соның нәтижесінде, өңірдің экспорттық әлеуеті тағы 28 пайызға артады деген болжам бар. Өңдеу секторы машина жасау (129 пайыз), тамақ өнімдерін өндіру (108,7 пайыз), химия өнеркәсібі (141 пайыз) және мұнай өңдеу (110 пайыз) есебінен өсуде.
– Тәуелсіздік жылдары облыста толыққанды мұнай-химия кластері қалыптасты. Мәселен, бүгінде бензин өндірісінің үштен бірі біздің өңірге тиесілі. Ал мұнаймен қыздырылған кокс бізде ғана шығарылады. Машина жасауды дамыту темір жол кластерін қамтамасыз етеді. Бұл ретте жергілікті машина жасау саласы бес өнеркәсіптік кәсіпорыннан тұрады. Олар елдегі тиісті өндірістің 73 пайызын құрап отыр. Осы айда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев серпімді клеммалар мен бұрандаларды шығаруға рұқсат берді. Бұл ТМД-дағы бірегей зауыт саналады. Кәсіпорын аталған өнімдерге деген ұлттық тасымалдаушының қажеттілігін толығымен өтемек. 2024 жылы ұста-бандаж кешенін іске қосу жоспарланған. Бұл кешен де ішкі нарықты толық қамтып, шетелдерге шығу мүмкіндігін қарастырмақ, – деді Ә.Сқақов.
Әкімнің айтуынша, өңірдегі азық-түлік өндірісі агроөнеркәсіп кешеніндегі маңызды қадамдардың нәтижесінде алға басуда. Мәселен, 10 айдың қорытындысы бойынша облыс ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымының өсу қарқыны жағынан көшбасшы атанып келеді. Бұл көрсеткіш соңғы екі жылдың ішінде 100 млрд теңгеге ұлғайды. Биыл павлодарлық диқандар 30 жылдың ішінде алғаш рет 1 млн тоннадан астам астық жинады. Қарақұмық түсімі елдегі барлық көлемнің жартысынан көбін құраған. Ал республикадағы сәбіздің үштен бір бөлігі, картоптың 16 пайызы осы өңірге тиесілі.
– Суармалы егіншілікті қарқынды дамытып келеміз. Бүгінде оның аумағы 135,9 мың гектарды құрайды. Ет, сүт өндірісі, қайта өңдеу бағыттары да дамуда. Жыл басынан бері ет өнімдерінің экспорты 40 пайызға өсті. Жыл соңына дейін 4 мың ірі қара мал басына арналған тағы 5 мал шаруашылығы нысанын іске қосу жоспарлануда. Қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірісі 9 айда 90 млрд теңгеден асты. Жыл соңына дейін барлығы 32 нысан іске қосылады. Осының барлығы біздегі агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Қазір бюджеттен берілген субсидиялардың 1 теңгесіне 4 теңге жеке инвестициядан айналуда, – деді облыс әкімі.
Ә.Сқақов пандемияға қатысты шектеулерден кейін шағын және орта бизнес сенімді түрде қалпына келе бастағанын жеткізді. Бұл ретте кәсіпорындар саны 1,5 мыңға, ал олардың өнімдері 60 млрд теңгеге өскен. Бұған шағын және орта бизнесті қолдауға арналған мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар септігін тигізуде. Жыл басынан бері «Бизнестің жол картасы», «Қарапайым заттар экономикасы» және «Еңбек» бағдарламалары бойынша 58,8 млрд теңгеге 1 524 жоба қолдау тапқан. Мысалы, шыны өндіретін кәсіпорын мемлекеттік көмектің нәтижесінде, Еуропадан қажетті жабдықтарды сатып алуға және жаңа цехтың құрылысын бастауға мүмкіндік алған.
– Сондай-ақ біз екінші деңгейлі банкпен бірлесіп, кәсіпкерлерді қолдау бағдарламаларын іске қосудамыз. Мәселен, былтыр жас бизнесмендер үшін кепілсіз кредит беру желісі дәл осындай ынтымақтастықтың нәтижесінде іске қосылды. Биыл бизнестегі әйелдерге арналған бағдарлама басталды. Сонымен қатар шағын және орта бизнес Business Ertis бағдарламасы аясында алты бағыт бойынша көмек алуда. Яғни кәсіпкерлердің мәселелері нақты шешіліп, әлеуметтік бизнес қолдауға ие болуда. Сондай-ақ бағдарламада ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қарастырылған, – деп нақтылады аймақ басшысы.
Ә.Сқақовтың айтуынша, ауылдық инфрақұрылымды дамытуға баса назар аударылуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2019 жылдан бастап Павлодар облысының 120 мыңға жуық тұрғыны немесе облыстағы барлық ауыл тұрғындарының жартысына жуығының өмір сүру жағдайы жақсарған. 169 әлеуметтік нысан салынып, жөнделген. Биыл 70 жоба іске асырылуда. Оның басым бөлігі аяқталмақ. Мысалы, 10 мектеп, 4 балабақша жөнделіп, дәрігерлік амбулатория салыныпты. 80 шақырымнан астам кентішілік жолдарға орташа жөндеу жүргізілген. Әкім таза ауыз суға қол жеткізу мәселесі де ерекше бақылауда екенін алға тартты және жыл соңына дейін қолжетімділік деңгейін 94,7 пайызға жеткіземіз деп сендірді. Жалпы, соңғы екі жылда бұл көрсеткіш 20 пайызға өскен екен. Жобаларды жеделдете жүзеге асырып, 2024 жылы 100 пайыздық көрсеткішке жету міндеті тұр.
– Қалалардың инфрақұрылымдық дамуына да ерекше көңіл бөлінуде. Павлодар облысы – елдегі ең урбанизацияланған өңірлердің бірі. Облыс халқының 71 пайызы – Павлодар, Ақсу және Екібастұз қалаларының тұрғындары. Биыл Екібастұзды 2025 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары әзірленді. Ол төрт негізгі блок пен 114 іс-шарадан тұрады. Оның 90 пайызға жуығы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Бюджет қаражаты негізінен инженерлік және әлеуметтік нысандарды жаңартуға, салуға жұмсалады. Ең ірі жобалардың қатарында мұз аренасын, шығармашылық орталық салу, 20 мектепті жаңғырту бар. Бұл – Екібастұздың даму бағыттарының бірі ғана. Әзірленген құжат іс жүзінде барлық саланы қамтиды. Оның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де жоғары болмақ. Атап айтқанда, 16,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, орташа айлық жалақы 43 пайызға өседі. 200 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға беріліп, өнеркәсіптік өндіріс 1 трлн теңгеге дейін жетпек, – деді Ә.Сқақов.
Биыл 60 жылдығы аталып өткен Ақсу қаласы жылына 1 млн тоннадан астам ферроқорытпа өндіруде. Республика электр энергиясының 17 пайызын ақсулықтар ұсынып отыр. Шаһарда 28,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оған қоса әлеуметтік осал топтардың өкілдері үшін 16 пәтер сатып алынбақ. «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы бойынша екі мектептің жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Келер жылы мұз сарайының құрылысын аяқтау жоспарланған.
– Павлодарда биыл облыстық аурухана жанынан инфекциялық бөлімше ашылды. Облыста тұрақты инфекциялық төсектік орын қоры пандемияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 2,4 есе артты. Денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың басқа бағыттары да біз үшін маңызды. Павлодардың жаңа шағын ауданында көпсалалы аурухана салуды, сондай-ақ өңірде тағы үш ауылдық медициналық мекеме құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. 2024 жылға дейін барлығы 12 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілмек. Тәуелсіздік жылдары облыста 96 медициналық нысан салынды. Солардың бірі – кардиохирургиялық орталық. Мұнда бүгінде аз инвазивті, күрделі аритмологиялық операциялар, күрделі құрылғыларды имплантациялау және гибридтік араласулар жүргізіледі. 9 жыл ішінде орталықта 18 мыңнан астам операция жасалды. Өзге өңірлердің тұрғындары да бұл жерден жоспарлы және шұғыл көмек ала алады. Өткен жылдан бері кардиохирургиялық орталықта инсульт орталығы жұмыс істейді. Жүрек-қантамыр жүйесі аурулары бар пациенттерді емдеу үшін озық технологияларды одан әрі енгізу жоспарлануда, – деді әкім.
Өңірде медициналық кадрлық әлеуетті арттыруға да маңыз берілген. Бұл ретте жас мамандардың тұрғын үй және басқа да мәселелерін шешуге назар аударылуда. Әкімнің мәліметінше, жыл басынан бері ауылға жұмыс істеуге келген 85 дәрігер көтерме ақы алған. 52-сі бюджеттік несиеге қол жеткізді. Павлодарда 400 орынды қамтитын медициналық колледж студенттері мен медицина қызметкерлеріне арналған жатақханаларды іске қосу жоспарлануда.
– Ауылдарға баратын мұғалімдер үшін тұрғын үй сертификаттарын енгізу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Былтыр «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін» төсбелгісі тағайындалып, бүгінде оны 59 мұғалім алып үлгерді. Оларға 1 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 3 млн теңгеге жуық қаржы берілді. Екі жыл ішінде саланың бюджеті екі есе өсті. Оның ішінде білім беру нысандарын материалдық-техникалық жарақтандыруды қаржыландыру 12 есе ұлғайды. Оқу орындарын кешенді жабдықтап, абаттандыру үшін былтыр «Заманауи мектеп» өңірлік бағдарламасы әзірленді. Ол 2025 жылға дейін 85 мектепті қамтиды. Тәуелсіздік жылдары Павлодар облысының оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадалардан 9 мыңға жуық медаль жеңіп алды. 20 жыл бойы аймақ құрамасы республикадағы ең үздік олимпиадалық команда саналады, – деді ол.
Бүгінде өңірде 3 091 спорт ғимараты жұмыс істейді. Тәуелсіздік жылдары мәдениет нысандарының саны екі есе артқан.