• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Қараша, 2021

Түрікменстанның бейтараптығы бітімгершілік, бейбіт сипатқа ие

278 рет
көрсетілді

Түрікменстанның Қазақстандағы елшілігі екі ел ынтымақтастығы тақырыбына арналған баспасөз мәслихатын өткізді.

Түрікменстанның Қазақстандағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Батыр Ред­же­пов жиында соңғы уақытта белсенді дамып келе жатқан Түрікменстан-Қазақстан бауырластық қатынастарына ерекше назар аударды. Елші атап өткендей, Тү­рік­менстан БҰҰ Бас Ассамблеясының тиісті қарарларымен екі рет расталған өзі­нің тұрақты бейтарап мәртебесіне сүйене отырып, әлемнің көптеген елі­мен белсенді және сындарлы диалог жүр­гізуді қолдайды. Бұл тұрғыда Қазақ­стан­­мен өзара байланыстарды дамыту және нығайту Түрікменстанның сырт­қы саяси күн тәртібінде маңызды орын алады. «Түрікменстанның бастама­сы­мен 2021 жыл Бейбітшілік және сенім жылы деп жарияланғаны белгілі. Өйткені Түрікменстанның бейтараптығы бітімгершілік, бейбіт сипатқа ие. Біз бүкіл әлемде бейбітшілікті насихаттаймыз», деді Б.Реджепов.

Сондай-ақ елші Қазақстан мен Түрік­менстан арасындағы екіжақты ынты­мақ­­тастыққа тоқталып өтті. Қазіргі таң­­да саяси-экономикалық және се­нім­ді се­рік­тестік негізінде құрылған Тү­рік­менс­тан-Қазақстан диалогы жаңа сер­пін мен мазмұнға ие. Біздің мемлекеттің өза­ра ын­тымақтастығы жеке мүддені көз­де­­мейді. Түрікменстан мен Қазақстан Еуразия кеңістігінде игілікті мақсаттарды жү­зеге асыруда екіжақты күш-жігер мен инфра­құ­рылымды біріктіріп, нәтижесінде ау­қымды жобалар іске асып жатыр», деді ол.

Түрікменстан елшісі елдің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәсе­лелерінде де Қазақстанмен белсенді өзара іс-қимыл орнатқанын атап өтті. Елші ірі халықаралық ұйымдар шең­бе­рінде ынтымақтастық пен бірлескен қа­дамдарды үйлестіру деңгейі жоғары екеніне ерекше тоқталды. Қазақстан тарапынан Түрікменстанның бейтарап сырт­қы саяси бағыты мен оның бас­та­ма­­ларының, соның ішінде энерге­тика, көлік және экология сияқты халықаралық серіктестіктің маңызды бағыттары бойынша қолдау жоғары бағаланады. «Әртүрлі деңгейдегі жемісті мемлекетаралық байланыстар, яғни саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және гуманитарлық-мәдени әріптестік өзара тиімді іс-қимыл­дың жарқын мысалы екенін айта аламыз», деді Б.Реджепов.

Түрікменстан мен Қазақстан БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі, Экономикалық және әлеу­меттік кеңес, Адам құқықтары жө­нін­дегі кеңес және басқа да маңызды органдарына сайлауда өзара қолдау көрсетті. 2021 жылы Қазақстан БҰҰ қабырғасында Түрікменстанның бастамасы бойынша құрылған бейтараптық достары тобына және пандемия кезінде, сонымен бірге одан кейінгі Орталық Азиядағы пре­вен­тив­ті дипломатия және көліктік ын­ты­мақ­тастық тақырыбы бо­йын­ша қа­рар­лардың бірлескен автор­лы­ғына қо­сылды. 2021 жылғы маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың бастамасымен құ­рылған Азия­дағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің (АӨСШК) ха­лық­аралық форумында Түрікменстанға бай­­қаушы мәртебесін беру туралы шешім қабылданды.

Мемлекеттер басшылары Гурбан­гулы Бердімұхамедов пен Қасым-Жомарт Тоқаев­тың жүйелі кездесулері, олар­дың өзара жылы және сенімді қарым-қаты­нас­тары Түрікменстан мен Қа­зақ­стан­ның екіжақты және көпжақты форматта, бірінші кезекте ірі халықаралық ұйым­дар аясында табысты құрылатын дәс­түрлі әріптестікті жандандыру мен кеңей­туге ұмтылысының үздік дәлелі. Жиын барысында Б.Реджепов Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 5-6 тамыздағы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының үшінші консультативтік кездесуіне қатысу мен Түрікменстанға сапары туралы егжей-тег­жейлі айтып берді. «Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түрікменстанға мемлекеттік сапары барысында Мемлекеттер басшылары Қазақстанда Түрікменстанның Мәдени күндерін атап өту туралы келіскеніне тоқталды. Ел Президенттерінің ресми кездесуінен кейін өзара байланыс қайта серпін алды. Бүгінде біз Түрікменстанның Мәдени күндерін атап өту мақсатында Қазақстанның Мә­де­ни­ет және спорт министрлігімен бір­лес­кен жұмыс істеп жатырмыз», деді Б.Реджепов.

Елшінің айтуынша, аталған мәдени шараны өткізу келесі жылға жоспарланып отыр. «Сондай-ақ мәдени шаралардан бөлек, екіжақты сауда-экономикалық қатынас та бір ізге қойылған. Олардың арасында ынтымақтастық туралы достық қатынастар туралы шарт бар. Одан бөлек, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің 2017 жылы Қазақс­тан­ға жасаған мемлекеттік сапары шеңберінде қол қойылған стратегиялық әріптестік тура­лы шарт өз күшінде», деді елші.