Мадридте өтіп жатқан Дэвис кубогы финалдық кезеңінің топтық бәсекесінде Қазақстан мен Швеция кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мадрид кортына Қазақстаннан дүниежүзілік рейтингте 183-сатыда тұрған Михаил Кукушкин мен Швециядан әлемнің 171-ракеткасы Элиас Имер шықты.
Бірінші партияда швециялық теннисші 3:0 есебімен алға шықты. Ол өзінің басымдылығын сақтап, сетті жеңіспен аяқтады.
Екінші сетте Элиас Имер алға озса да, Михаил Кукушкин таразы басын теңестірді. Есеп - 4:4. Содан кейін Имер тағы бір брейк жасады, Кукушкин де одан қалыспады – 6:6. Бірақ тай-брейкте Имердің жолы болып, есеп – 7:6 (7:4) болып өзгерді. Нәтижесінде, Имер 9 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың төртеуін сәтті пайдаланды. Кукушкин болса 1 эйс, 3 брейктен (4 брейк-пойнт) аса алмады.
Тартысты ойын 1 сағат 52 минутқа созылды.
Екінші бәсекеде Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик пен рейтингте 93-сатыдағы Микаэль Имер күш сынасады. Содан кейін жұптық сында Андрей Голубев пен Александр Недовесовке Андре Горанссо мен Роберт Линдстедт қарсы тұрады.