Алматыда «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» атты қос бірдей кітаптың таныстырылымы өтті. Егемендіктің еңселенуіне елеулі үлес қосып, ел тыныштығын қалтқысыз қадағалап келе жатқан қуатты құрылымның бедерлі жылдар белесіндегі тарихи сәттері таңбаланған туындылар тәуелсіздік тойына тарту ретінде жарық көріп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мемлекет тыныштығының қорғаны. Алайда, қызығы мен құпиясы мол бұл саланың қызметі жайлы көп айтыла бермейді. Оқырманға жол тартқан қос кітапта барлаушылардың былайғы жұрт біле бермейтін жауапты қызметінің қыр-сыры, есімі ерлікке ұласқан азаматтардың айбынды жолы кеңінен өріс алған. Ауыр желдің өтінде жүріп арманынан алыстап қалған жандардың есімін кейінгілерге үлгі ету мақсатында ерлікпен қаза тапқан батырлардың өмір-өнегесі құнды еңбекте әсерлі баяндалған. Кітаптың таныстырылымына Ұлттық қауіпсіздік қызметінің ардагерлері, қызмет бабында ерлікпен ажал құшқан азаматтардың туыс-туғандары, журналистер мен сала мамандары қатысты.
– Уақыт өте келе тарих беті ашылып, жазылуға тиіс дүниелер жазылып жатыр. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің жауапты қызметі жайлы көпшілік біле бермейді, өйткен себебі бұл тақырып айтылып, жазылмайды. Осындай кітаптар арқылы бүгінгі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің офицерлері, жауынгерлері қандай қызметке жұмылғанын жұрт біліп, олардың иығына жүктелген жауапкершілік жүгінің салмағын сезіне түседі. Осы тұрғыдан алғанда бұл кітаптардың маңызы зор, – дейді «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі Алматы қалалық филиалының жетекшісі Марат Мәжитов.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовтың жетекшілігімен жарық көрген ұжымдық еңбек еліміздің барлық өңірлеріндегі кітапханаларға таратылып, «Меломан» кітап дүкендер желісі арқылы сатылымға түсетін болады. Сондай-ақ оқырман қауым кітаптың электронды нұсқасымен Kitap.kz интернет-платформасы арқылы да таныса алады. Елбасы Жарлығымен құрылған ҰҚК Шекара қызметінің өткені мен бүгіні, өткерген алмағайып кезеңдері кеңінен сараланған мақалалар шынайы дереккөздерден, архивтерден алынған дәйектер негізінде жазылған.