Ел егемендігінің 30 жылына қадам басқан тұста Елбасының ең ұлы туындысы ретінде ел астанасын айтуға болар еді. Арқа төрінде айбыны асқақтаған елорда бүгінде жаһан жұртының жанарын жалт қаратқан жауһар шаһарға айналды. Сәт санап ажары адамзат баласын арбап келе жатқан еліміздің бас қаласына атбасын бұрғандар саны артып келеді. Олар жүз түрлі сәулет өнерінің озық үлгісі үйлесім тауып, жүзіктің тасындай нұр шағылған ел астанасын көруге ынтызар. Ең бастысы, Нұр-Сұлтан қаласында туризмді түлетудің ауыз толтырып айтуға болатын әлеуеті бар.
Елорда – Елбасының ең ұлы туындысы
Бүгінде туризм – атүсті қарауға болатын салмақсыз сала, болашағы жоқ бағыт емес. Керісінше, елге келушілердің есебінен еңсесін тіктеп, табысын арттырып, бюджетін толықтырып отырған мемлекеттер жеткілікті. Ебін тапқандар елді қызықтырып, жұртты сүйсіндіріп жүр. Барын бағамдап, жоғын түгендей білген мұндай мемлекеттер орман-көлін, асқар тауын, жазира белін, жанға жағымды жағажайын насихаттайды. Өткен үш онжылдықта Қазақстан да бұл салада кенжелеп қалды деп айта алмаймыз. Мәселен, жыл өткен сайын көркі көпшілікті таңқалдырған елорда төріне келушілердің қатары толыға түсті. Тұңғыш Президентіміздің төл туындысы бүгінде көз сүйсіндіреді.
Елордадағы туризм туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір сөзінде «Біз іште де, сыртта да жаппай туризмді дамыту қажеттігі жайлы бұрыннан бері айтып келеміз. Астана бұл мәселеде республикада айрықшы орынды иеленуі, бүкіл әлемнің туристері тартылатын орталық болуы тиіс. Мен осыған тырысудамын. Қаланың ғимараттары, сәулет бейнесі бірегей, бәрі туризмді дамытуға сәйкес келеді. Қазір Астанаға іскерлік және басқа да мәселелер бойынша келген кез келген адамды турист деп санауға болады», деген болатын.
Расымен де, осы күнгі ел астанасы сөзсіз әлемнің туристері тартылатын орталыққа айналып шыға келді. Бұл, ең алдымен, Елбасының ерен еңбегі. Ең бастысы, елорданың гүлденгені – елдің түрленгені. Себебі Алтайдан Атырауға, Арқадан Алатауға дейінгі теңдессіз территорияда қанат жайған Қазақ елінің жүрегі де, тұғырдан түспес тірегі де – осы шаһар. Елордадағы туризм дамыса ел аумағындағы туризм де түлей түседі.
Бұл ретте, Мемлекет басшысының сөзі ойға оралады: «Біз, қазақ халқы, ұлы тарихи тұлғалардың ізбасар ұрпағы екенімізді ешқашан ұмытпауымыз қажет. Ата-бабаларымыздың рухын туризмнің озық үлгілері арқылы дәріптеуіміз керек. Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8%-ға жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн, ал ішкі туристер саны 8 млн адам болады. Ал туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек. Туризм өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар керек. Сол себепті біз туризм мамандарын дайындайтын университет ашу қажет деген шешім қабылдадық».
Нұр-Сұлтан қаласы – еліміздің саяси, экономикалық, мәдени орталығы ғана емес, бұдан бұрын шетелдік, отандық азаматтарды өзіне тартып тұратын туристік шаһар. Мұндай қадам әлдеқашан жасалып қойған. Ендігі мақсат – ел астанасындағы осы саланы дамыту, жаңғырту, жаңа белеске көтеру. Бұған қажеттінің барлығы бар. «Бірінші бағыт – оқиғалық, іс-шаралар туризмін дамыту, әлем чемпионаттарын көптеп ұйымдастыру. Екінші бағыт – медициналық туризм. Халықаралық сарапшылар Нұр-Сұлтанда медициналық туризмнің үлкен әлеуетін көріп отыр. JSI аккредиттеген жеті ұйымның алтауы астанамызда орналасқан. Үшіншіден, Нұр-Сұлтан – Еуразиядағы үздік көрме орталығы. Біз Халықаралық конгрестер мен конференциялар қауымдастығының Еуразиядағы ең ірі мүшесіміз. Халықаралық деңгейдегі шаралар шетелдік қонақтарды көбейтіп қана қоймай, қала экономикасының дамуына ықпал етеді», дейді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов.
Елбасы ұсынған Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарының «Нұр-Сұлтан қаласын зерттеушілерді, студенттерді, кәсіпкерлерді, бүкіл өңірден туристерді тартатын «Еуразияның іскерлік, мәдени және ғылыми орталығына айналдыру» деп аталатын 69-тармағы бар. Бүгінде осы тармақты жүйелі жүзеге асыру мақсатында «Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығы» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласын тартымды туристік бағыт ретінде дамыту, жоспарлау және ілгерілету бойынша ауқымды жұмыс атқарып келеді.
Іскерлік туризм ілгері басып келеді
Қаланы іскерлік (MICE) туризмнің бағыты ретінде ілгерілету және дамыту шеңберінде дестинацияның белсенді маркетинг құралдарының бірі болып табылатын іскерлік іс-шараларды (биддинг) тартуға өтінімдер беру жүргізіледі. Осылайша, 2021 жылы бас-аяғы барлығы 7 өтінім берілді. Оның қатарында 2023 жылы ұйымдастырылатын жоғары білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық агенттіктер желісінің конференциясы (INQAAHE); 2023 жылға негізделген ENTER eTourism Conference – Халықаралық ақпараттық технологиялар және туризм федерациясы; 2024 жылға белгіленген халықаралық шаңғы спорты федерациясының конгресі (FIS Congress); 2024 жылға жоспарланған какао бұршақтарын өндірушілердің дүниежүзілік конгресі және 2025 жылға көзделген Дүниежүзілік гастроэнтерологтер конгресі, 2026 жылға жоспарланған халықаралық географиялық одақтың аймақтық конференциясы; 2026 жылы өтетін IFCC WorldLab клиникалық химия және зертханалық медицина Федерациясының халықаралық конгресі бар.
Қауымдастық мүшелерінің дауыс беруі негізінде Нұр-Сұлтан қаласы 2023 жылы жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттіктерінің халықаралық желісінің (INQAAHE) конференциясын өткізу құқығын жеңіп алды. Бұл конференция 2023 жылғы мамыр-маусым айларына жоспарланып отыр. Аталған іс-шара 4 күнде ақылы негізде 300-ден астам делегаттың басын қосатын болады. Сондай-ақ 2022 жылғы мамырда Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Дүниежүзілік бизнес конфедерациясының (WORLDCOM) іс-шарасын – Bizz Awards беделді марапаттау рәсімін тартуға бұрын берілген өтінімнің нәтижесі шықты.
Іскерлік туризмді дамытудың қосымша тетігі нарықтың стейкхолдерлерімен (жергілікті салалық қауымдастықтар, корпоративтік сектор өкілдері және сервистік компаниялар) әріптестік қатынастар орнату саналады. Осыған байланысты, серіктестік қауымдастықтармен жұмыс бойынша (33 мүше), корпоративтік сектор өкілдерімен жұмыс бойынша (26 мүше) әріптестік бағдарламаларын және қаланың MICE NUR-SULTAN серіктестік бағдарламасын (62 қатысушы компания) жүргізеді. Сонымен қатар 2021 жылдың 5-6 мамырында MICE индустриясы бойынша онлайн тренинг ұйымдастырылды. Оны халықаралық спикер – MICE Knowledge компаниясының басқарушы директоры, доктор Роб Дэвидсон (Лондон, Ұлыбритания) өткізді. Тренингке барлығы 49 адам қатысып, орамды ойларын ортаға салды.
Бүгінгі таңда ел астанасында іскерлік (MICE) туризмнің жетекші компаниялары мен кәсіби сатып алушылар (халықаралық қауымдастықтар, туристік операторлар және т.б.) үшін таныстыру турларын ұйымдастыру жобасы сәтті іске асып келеді. Аталған турлардың басты мақсаты – Нұр-Сұлтан қаласын MICE-туризмнің бағыты ретінде ілгерілету, сондай-ақ халықаралық іс-шараларды ұйымдастырушылардың қаланың туристік әлеуеті туралы таным-түсінігін арттыру, елордада іскерлік іс-шараларды тартуға жәрдемдесу саналады. Мәселен, Түркия компаниялары үшін алғашқы тур ұйымдастырылды. Бұған қоса, Мажарстан, Ресей Федерациясы және БАӘ компаниялары үшін тағы 3 тур қолға алынады.
Nur-Sultan Pass туристік картасын 500 мың адам сатып алды
2021 жылы мамырда Nur-Sultan Pass туристік картасының жарты миллионыншы сатылымы www.citypass.kz порталында тіркелді. Әрине, COVID-19 пандемиясы жағдайында елордаға қызығушылық танытқан шетелдік туристер саны қысқарғаны анық. Алайда еліміздің түкпір-түкпірінен атбасын бұрған меймандар санының өскені байқалады. Пандемия жаңа шешімдерді табуға серпін берді. Биыл сәуір айында Astana Invest қалалық инвестицияларды дамыту орталығының қолдауымен Crocos компаниясы Nur-Sultan Pass туристеріне арналған смарт-картаның онлайн сатылымын Aviata.kz-те іске қосты. Енді билеттерді онлайн сатып алу сервисінде Aviata.kz арқылы әуе немесе теміржол билеттерін ғана емес Nur-Sultan Pass онлайн смарт-картасын да сатып алуға болады.
CityPASS жобасын дамыту аясында шектеу шараларын ұстана отырып, Astana Invest қолдауымен Crocos компаниясы «Бәйтерек» монументінде орналасқан туристік ақпараттық орталықта автономды робот-кеңесші – Promobot орнатты. Promobot елорданың үздік орындары туралы ақпараттарға қанық, балалар үшін де, ересектер үшін де қызықты экскурсия өткізе алады. Сол сияқты CityPASS картасын сатады. Бұл инновациялық, қауіпсіз және интерактивті шешім пандемия кезінде туризмді дамыту мүмкіндіктерін кеңейтіп қана қоймай, жақсы жаққа дамытып, кейінгі кезеңге бейімделуге көмектеседі.
Nur-Sultan Pass – бұл туристердің Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, Ұлттық мұражай, Триумфалды арка, «Бәйтерек» монументі, океанариум, «Джунгли» паркі және Ailand СОО-дағы шолу дөңгелегі, Нұр-Әлем (EXPO 2017), «Атамекен» кешені, «Алжир» мұражай кешені, HOP-ON-HOP-OFF және теплоходпен саяхат (жаз мезгілінде) сынды түрлі орындарға жасайтын экскурсиясы. Осылайша, елорданың көрікті жерлерін аралап қана қоймай, картаның қолданылу мерзімінде қала автобустарында тегін жүру мүмкіндігі қарастырылады. Қазіргі уақытта картаның құны – 5 990 теңгеден басталады (құны картаның әрекет ету мерзіміне байланысты өзгереді). Бұл ретте смарт-карта иесінің ақшалай қаражатын шамамен 70%-ға үнемдейді.
Nur-Sultan Pass картасын www.citypass.kz және Aviata.kz сайттарынан сатып алуға болады. Сондай-ақ болашақта Crocos компаниясы өзінің брендтелген өнімін шығаруды және карталарын Air Astana әуе компаниясының сайтында сатуды жоспарлап отыр.
Visit Nur-Sultan туристер ағынын арттырады
Нұр-Сұлтан қаласының туризм саласындағы соңғы жетістіктерінің бірі – 2021 жылғы мамырда қаланың Visit Nur-Sultan атты серіктестік бағдарламасының басталуы. Бұл қаладағы туризмнің барлық субъектілерін бір мақсатпен біріктіретін алғашқы бағдарлама – көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартып, пандемиядан кейін елорданың туристік ағынын арттырады. Қазіргі уақытта бағдарлама орналастыру орындары – Visit Nur-Sultan Comfort, тамақтану нысандары – Visit Nur-Sultan Taste, көрікті жерлер – Visit Nur-Sultan Discover, сервистік орындар – Visit Nur-Sultan Support және көлік компаниялары – Visit Nur-Sultan Transport бойынша сертификаттауды қамтиды.
Көшпелі тексеру нәтижелері қонақжайлық секторындағы 12 компанияның талаптарға сәйкестігін растады және Visit Nur-Sultan Comfort сәйкестік сертификатын алды. Одан әрі бағдарламаның барлық қатысушылары Visit Nur-Sultan каталогтарының базасында жарияланады. Олар Қазақстанның әлемдегі дипломатиялық өкілдіктері және Қазақстандағы басқа елдердің өкілдіктері, халықаралық көлік тораптары (әуежайлар, вокзалдар), сондай-ақ халықаралық қонақ үйлер базасында таратылады.
Медициналық туризм – елорда дамуының ертеңі
Туристік қызметтің тағы бір бағыты – медициналық туризмді дамыту. Медициналық туризм Нұр-Сұлтан қаласында даму әлеуеті жоғары бағыт болып саналады. Өйткені қалада Joint Commission International (JCI) – Денсаулық сақтау саласындағы неғұрлым объективті және беделді халықаралық сертификаттау, оның ішінде бүкіл Қазақстан бойынша 6 ұйым орналасқан. Медицинаның сұранысқа ие бағыттары: кардиохирургия, нейрохирургия, стоматологиялық көмек, буындарды протездеу, репродуктивті медицина (ЭКО), пластикалық хирургия.
Қаланы медициналық дестинация ретінде ілгерілетудің негізгі артықшылықтары: шетелдіктер үшін медициналық қызметтердің бағасы әлемдік бағадан төмен; медицинаның белгілі бір салаларындағы Орталық Азиядағы көшбасшылық; Нұр-Сұлтан қаласының көліктік қолжетімділігі. Осы медициналық туризмді дамыту шеңберінде көшпелі және қарсы ақпараттық турларды ұйымдастыру, мамандандырылған көрмелерге қатысу, турларды жылжыту жоспарлануда. Жергілікті туроператорлармен бірге ақпараттық қолдау көрсетілуде.
Сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының кино дестинациясы ретінде ілгерілету және қалада кино туризмін дамыту жоспарлануда. Түсірілім алаңы ретінде қалада локациялар ұсыну қаланың туристік әлеуетін ілгерілетудің тиімді құралы саналады. Танымал фильмдердің түсіру орындары кейін туристің бағытын таңдаудағы маңызды факторлардың бірі болады. Халықаралық тәжірибе: ең жарқын мысалдар – «Властелин колец» және «Игра престолов» сияқты жобалардың түсірілімдері. «Властелин колец» – Жаңа Зеландияда: туристер санының өсуі 2000 жылы 1,7 млн адам болса, 2006 жылы түсірілім орнына 2,4 млн адам; «Игра престолов» – Дубровник, Хорватияда: туристердің жалпы саны 2008 жылы (түсірілімге дейін) 8 млн адам болса, 2013 жылы 184 млн адамға жетті. Сериалдың түсірілім орындарына саяхат: 2015 жылы 300 млн адам; 2018 жылы күніне 8 мыңнан астам адам.
Қазірдің өзінде кино-туризм бағытын дамыту жұмыстары басталды. 2021 жылдың жазында елордада Украинаның үш дүркін чемпионы және дрифтинг бойынша чемпионаттардың бірнеше мәрте жеңімпазы Александр Гринчуктың қатысуымен Nur-Sultan Drift Challenge бейнеролигінің түсірілімі халықаралық фильмдерді, жарнамалық роликтерді, клиптерді және басқа да іс-шараларды түсіруге арналған «Кино-дестинация» алаңы ретінде қала брендін ілгерілету мақсатында өткізілді.
Халықаралық зерттеулерге сәйкес, көптеген туристер жарнамалар мен кино эпизодтарында көрген саяхат орындарын таңдайды. Бейнероликте елорда жаңа – динамикалық, бірегей және заманауи қырынан көрсетілген. Түсірілім қаламыздың заманауи сәулеті аясында сол және оң жағалаудың ең әдемі және көрнекті орындарында өтті. Бейнеролик идеясы – Нұр-Сұлтан қаласы жаңа локация болып табылатын жарыс ойыны.
Инфрақұрылым игілігі
Туристік инфрақұрылымды дамыту шеңберінде де 2021 жылы бірқатар жобалар іске асырылды. Мәселен, қаланың туристік тартымдылығын арттыру, туристің қолайлы жағдайларын қалыптастыру, сондай-ақ Нұр-Сұлтан қаласының имиджін жақсарту, туристік индустрия субъектілерін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға және деңгейін жетілдіруге ынталандыру мақсатында 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласының «Сервис және туризм колледжінің» және 25 қонақ үйдің қызметкерлеріне көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бойынша курстар өткізілді. Сондай-ақ, қалада электросамокаттарды минут сайын жалға алу бойынша инвестициялық жоба іске асырылды. Инвесторлар – Jet Kazakhstan ЖШС және Ozim Scooters ЖШС. Қалалық кеңістікте пайдаланылатын электрсамокаттардың жалпы саны – 850 бірліктен астам.
Елорданың көрікті жерлерімен танысу үшін халықаралық интернет-платформада жаяу аудиоэкскурсия izi.travel жобасы енгізілді – 150 нысан бойынша 6 тілде (орыс, қазақ, ағылшын, түрік, неміс, қытай тілдері). Биыл пайдаланушылар саны 25 мыңнан асты. Аудио экскурсиялардың Интернет-платформасы тегін, қолжетімді және әлемде танымал, оны офлайн режімінде де қолдануға болады, бұл, әсіресе, саяхатшылар үшін ыңғайлы.
Елордаға келген әрбір қонақта қала туралы түсінік қалыптастыру, туристік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілері, көрікті жерлер туралы қажетті анықтамалық ақпарат беру, сондай-ақ елордадағы қонақ үйлер мен қоғамдық тамақтану объектілері туралы ақпарат беру үшін 2 туристік ақпараттық киоск жұмыс істейді: Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы 1-терминалы және «Астана Бәйтерек» монументі.
Сонымен қатар ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап 1 қарашаға дейін «Арбат Нұр-Сұлтан» аумағында ақпараттық киоск ашылды. Бұл ақпараттық киоскіде маусымдық жұмыс режімі орнатылған (көктемнен күзге дейін). Осы жылдан бастап ақпараттық киоскіде елорда қонақтарының 9 мыңнан астам өтініші өңделді. Сонымен қатар анықтама-ақпараттық қолдау көрсету мақсатында қала қонақтары мен экспаттарының ыңғайлы болуы үшін елордада 8 800 080 38 38 бірыңғай туристік Call-орталығы жұмыс істейді. 1 мыңнан астам қоңырау өңделді.
Сонымен қатар елордада Red Bus туристік экскурсиялық автобус бағыты жұмыс істейді. 3 500-ден астам сапар жасалды. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы Red Bus экскурсиялық автобусы елордаға барған кезде көрікті жерлердің бірі және визит карточкасы саналады және туристердің келуі үшін қолайлы жағдай жасауға, қаланың туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған. Автобустар аудиогидтермен жабдықталған, онда туристерге экскурсия 8 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай, неміс, түрік, француз, испан) ұсынылады.
2021 жылы маркетингтік қызметтер мен науқандар аясында бірқатар көрсеткіштерге қол жеткізілді. Бүгінгі таңда Instagram-да 416 жарияланым және Facebook-те 338 жарияланым әзірленді және жарияланды. Сондай-ақ елорданың туристік әлеуеті туралы 35 бейнеролик түсіріліп, жарияланды. Бұл жарияланымдар интернеттегі маркетингтік науқанда келесі көрсеткіштерге ие болды: Instagram қамту – 9 364 861 адам; өзара әрекеттесу – 2 млн; Facebook қамту – 10 547 857 адам; өзара әрекеттесу – 1,5 млн; Контекстік-медиалық жарнама – 400 мыңға жуық сайтқа кіру; Youtube – 2 млн-нан астам қаралды. Барлық жарияланымдар туристік және MICE әлеуетін ілгерілетуге, қалада өтетін іс-шараларды, астананың көрікті жерлерін және басқа да іс-шараларын ілгерілетуге бағытталған.