• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Желтоқсан, 2021

Кәсіпті нәсіп еткендер – елге құт

1139 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік алғалы ел саясатының басым бағытының бірі бизнесті қолдау болып келеді. Осы тұрғы­дан алғанда Қазақстан – ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқан ел. Елбасы 1992 жылдың 5 мамырында Қазақстанда алғаш рет кәсіпкерлікті қолдау мен дамы­тудың 1992-1994 жыл­дарға ар­нал­ған мемлекеттік бағдар­лама­сын мақұлдады, шілде айында «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» заңға қол қойыл­ды. Осылайша, Тұңғыш Прези­денттің бастамасымен орта және шағын кәсіпкерлікке қолдау көбе­йіп, қолайлы жағдай жасала бастады.

Іргелі істер бастауы

Мемлекеттің бай-қуатты болуы деген не? Бұл – сол елде өмір сүріп жатқан әр адамның табысты болуы. Ал бизнеспен айналысу – әл-ауқатыңды жақсарту деген сөз. Еліміздің осы саланы дамытуға ерекше екпін түсіруі де сондықтан.

Жалпы, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер қатарына кіреді. Демек, бизнеспен шұғылданғысы келген, кәсібін ашуға оңтайланып жүр­ген азаматтарға ыңғайлы жағдай бар. Мұн­дай азаматтарды қолдауға арналған мем­лекеттік бағдарламалар да көптеп қабыл­данып жатыр. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынды. Әкімшілік кедергілер азайды. Салық ауыртпалығы қысқарды. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген кредит көбейді. Бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға қолбайлау болып отырған құқықтық нормалар да күшін жойып, ШОБ-ты реттеу «таза парақтан» басталмақшы. Ендігі мақсат – орта және шағын бизнестің үлесін арттырып, ел дамуын орнықтыра түсу.

Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары басым бағыт ретінде бірінші кезекте кәсіпкерлерді қолдауға көңіл бөлінді. Күрделі кезеңнің қиын­дық­тарына қарамастан, бизнестің дамуы мен қалыптасуына бағытталған ал­ғышарттар осы кезеңде пайда бола бас­тады. 1992 жылдың өзінде елімізде әртүрлі қызметтермен айналысатын 34 мыңнан астам жаңа фирма құрылыпты.

Кезінде ала дорба арқалаған отандас­тарымыз күнкөріс қамымен алыс-жақын шетелдерге шығып, тауар тасып, сауда-саттықпен айналысып кет­кені есімізде. Қалай дегенмен де бұл сау­даның өзі елдегі шағын кәсіпкерлікті ын­таландырудың бір қадамы болды. Өйткені жұртшылық мемлекетке алақан жайып отыруға болмайтынын ұғынып, өз-өздерін асырауға көшті. Сөйтіп ақша табудың жолын игерді. Коммерцияның қыр-сырына қанықты. Сауда жасауды үйренді. Саудагерлер өздеріне ғана емес, өзгелерге де, мемлекетке де пайдасын тигізіп, тауар айналымына үлесін қосты.

Тәуелсіз Қазақстанның кәсіпкерлік тарихына үңілсек, нәсібін кәсіптен тапқысы келген жандарды нақты қолдау шаралары 2000-жылдардан басталыпты. Осы кезеңдерде Елбасының бастамасымен бизнесті қолдау мен қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, 2001 жылдың шілдесінен бастап қосымша құн салы­ғының (ҚҚС) мөлшерлемесі 20-дан 16 пайызға, әлеуметтік салықтың көлемі 26-дан 21 пайызға азайтылыпты. 2002 жылдан бастап, кәсіпкерлерге салық жеңілдігін ұсынатын жаңа сипаттағы Салық кодексі күшіне енді.

Ал 2006 жылы жариялаған Жол­дауында Тұңғыш Президент 2007 жыл­дың қаңтарынан бастап ҚҚС көлемін 14 пайызға дейін төмендету, сондай-ақ шағын және орта бизнеске салық салудың бірыңғай мөлшерлемесін азайту (әр тоқсанға 3 пайыз) міндеттерін қойды. Сонымен қатар 2008 жылдың қаң­тарынан бастап, әлеуметтік салық­тың мөлшерлемесі 13 пайызға төмен­детілді. «Мен кәсіпкерлердің үнемі ал­дынан шығып отыратын, көп жағ­дайда парақорлыққа, билігін асыра пайдаланушылыққа қатысы бар талай кедергілер туралы жақсы білемін. Осыған орай мемлекеттік органдардың барлық өкілінен шағын және орта бизнеске деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді талап еттім. Менің бастамаммен 2003 жыл­дың қаңтарынан қазан айына дейін тек­серу­лерге арнайы мораторий жариялан­ды. Бұл шара кәсіпкерлердің еркін тыныс алып, өз шаруасына көбірек уақыт бөлуіне мүм­кіндік берді. Бұдан бөлек, 2003 жыл­дың желтоқсанында Бас прокуратура «заң бұзушылық анық­талған жағдайларда» бақылау және қадағалау органдарының тексеру жүр­гізуін қабыл алмау құқығына ие болды. Қолға алынған осы шаралардың нәти­жесінде 2004-2007 жылдары заңсыз тексерулердің саны 3,5 есе азайды. 2006 жылдың қаңтарында «Жеке кәсіпкерлік туралы» заң қабылданып, жеке кәсіп­керлік субъектілерін тексерудің тәрті­бін белгіледі. Осы жылдың наурыз айында қазақстандықтардың жеке баста­машылдығын еркін жүзеге асыруына жағдай жасалғанын, кәсіпкерлердің тек оны тиімді пайдалана білуі керектігін толық сеніммен мәлімдеуіме мүмкіндік туды. Мыңдаған қазақстандық бұл ұранға үн қосты», дейді сол кезеңдерді еске алған жазбаларында Елбасы.

Көптеген мемлекеттің әл-ауқаты кәсіп­кердің көптігімен өлшене­ді. Өйт­кені кәсіпкер бар жерде ел эко­номи­касы ор­нық­ты дамиды, жұмыс­сыздық азаяды, тауар­лар мен қызмет көр­сету сервисі артады. Елдегі табыс­ты азаматтардың саны ұлғаяды. Қазақ­станның ұстанған саясаты да осы. Бірақ әкімшілік кедергілер қанша жерден азайды дегенмен де жойылып кеткен жоқ. Бизнеске жарияланған мораторий аяқталысымен кәсіпкерлерді тексеру тағы үдеп кетті. Ақыры, 2008 жылы жариялаған Жолдауында Елбасы бизнеске түсетін әкімшілік ауыртпалықты қысқартуға тағы да пәрмен берді. Шағын және орта бизнесті тексеруге қайта­дан мораторий жария­ланып, ол 2009 жылдың шілде айына дейін созылды. Сол 2009 жылы Үкі­метке бизнеске тексеру жүргізудің бар­лық рәсімін реттеу жүктелді. Ауқымды жұмыс атқарылды, соның нәтижесінде 2011 жылдың қаңтарында «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» заң күшіне енді. 2008-2010 жылдар аралығында мемлекет ШОБ-ты қолдауға 400 млрд теңге жұмсады. Бұл 10 мың кәсіпкерлік нысанды демеуге және 13 мың жұмыс орнын сақтап қалуға көмектесті.

Міне, кәсіпкерлікті қолдау мен қор­ғаудың арқасында осы саладағы халық­тың үлесі 2011 жылы 29 пайызға жетті. 2012 жылы жеке кәсіпкерлік 2,5 млн қазақстандықты жұмыспен қамтыды.

Бизнесті қорғау – басым бағыт

Елімізде орта және шағын бизнеспен айналысатын азаматтардың 60 пайыздан астамы – сауда, ауыл шаруашы­лы­ғы, қоғамдық тамақтандыру, көлік саласында қызмет етеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргідей пандемия жағдайында ШОБ-ты қолдау ерекше басымдыққа ие. Ста­тистиканы сөйлетсек, шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылы 32,7 трлн теңгенің өнімін шығарған. Биылғы 1 қаңтарда ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың саны 3,4 млн адамды құраған. Іскерлік ахуалды жақсарту бойынша қабылданған реформалар Қазақстанға 2019 жылы Doing Business рейтингінде 25-орынға көтерілуге мүмкіндік берді.

Кәсіпкерлерді жеңілдікпен не­сие­­лендіру жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында 663 млрд теңге сомасына 16 мыңнан астам жоба жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған. Был­тырғы жыл қорытындысы бойынша 2,5 трлн теңге көлеміндегі жеңіл­детіл­ген несиемен 47 мыңнан астам жоба қамтылған.

Экономиканың зардап шеккен сектор­ларын­дағы шағын және орта бизнес кре­д­ит­терін қайта қаржыландыруға да мем­лекет қолдау көрсетіп отыр. Ұлт­тық эко­номика министрі Әсет Ерға­лиев­тің айтуынша, 2020 жылдың 15 нау­рызы мен 2021 жылдың 15 нау­рызы аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қай­та қаржыландыру үшін субсидиялар берілді. Биыл аталған тізбе 145 эконо­микалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне кеңейтілді. Кеңейтілген тізбе бойынша субсидиялар 132 млрд теңге кредиттік портфель сомасына 2 мың жоба бойынша төленеді. «Осы жыл­дың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында несиелерді жеңілдетілген түрде қайта қаржыландыру, мерзімін 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Осы жұмыс аясында 93 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші анықталды. 425,5 млрд теңге несие сомасына 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда», деді Үкімет отырысында Ә.Ерғалиев.

Биылғы бірінші тоқсанның қоры­тындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кредиттердің 232 млрд теңге сомасына 5 884 жоба субсидияланған, 87 млрд теңге несие сомасына 6 892 жоба бойынша кепілдік берілген. Аграрлық несие корпорациясы аясында 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілген.

Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында биз­несті микрокредиттеудің жаңа бағыты қолға алыныпты. Осы бағыт шеңберінде айна­лым қаражатына 5 млн-ға дейін және инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Бұл ретте 5 млн теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде беріледі. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қалаларда және ауылдарда бюджеттік микрокредиттер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жылдық 6%-бен беріледі. Екінші жартыжылдықта «Жұмыс­пен қамту жол картасы» бағдарламасы шең­­берінде шағын несиелендіру іске қосы­лады. Бұл микрокредиттер «Бастау Бизнес» түлектеріне «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасында құрылатын Микроқаржы ұйымы арқылы берілмек.

Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау­дың тағы бір түрі – «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 7 млрд теңгеге дейін субсидия беру мер­зімі 5 жылға дейін ұлғайтылды. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие сомасы шектелме­ген, оның субсидиялау мерзімі 10 жыл­ды құрайды. Бұған қоса, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдар­ламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шең­берінде тауарлар мен көрсетілетін қыз­меттер тізбесі 150 экономикалық қыз­мет түрінің жалпы жіктеуішіне дейін ұлғайтылды. Пандемия салдарын ескере отырып, мемлекет бизнесті салықтық ынталандырудың бірқатар шарасын қабылдады. Үкіметтің баспасөз қыз­меті таратқан мәліметке сүйенсек, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнау­лы салық режімдерін қолданатын шағын және микрокәсіпкерлік субъек­тілерін табыс салығынан 3 жылға босату қолданылады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қызмет көрсету салаларында алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режімі енгізілді.

Жалпы, бизнеске жүктемені азайту, оның ішінде бірқатар салықтық жеңіл­дік және салықтық әкімшілен­діруді жеңіл­дету, кәсіпкерлердің қар­жы­лан­дыру­ға қолжетімділігін жеңіл­дету мақ­сатында 60-тан астам қолдау шара­ларын енгізу көзделіп отыр. Былтыр жыл­дың соңында «Бизнестің жол кар­тасы» бағдарламасының «Мик­роша­ғын кәсіпкерлік несиелері бо­йынша порт­фель­дік субсидиялау және кепілдік беру» атты бірінші бағыты іске қосылды. Бұл бағыттың мақсаты – мемлекеттік қол­дау шараларымен микро және шағын кәсіп­кер­лерді көбірек қамту. Бүгінгі күні осы бағыт аясында 18,9 мың жобаға қолдау көрсетілді, олардың жалпы несие сомасы 103,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде субсидиялау бойынша 43,5 млрд теңгеге 8 мың жоба және кепілдендіру бойынша 59,8 млрд теңгеге 10,9 мың жоба. 2021 жылда 13,1 мың жобаға 71,9 млрд теңге қолдау көрсетілді. Бұл 2020 жыл­дың 4 тоқсанымен салыстырғанда жоба саны бойынша 2,2 есе және несие сома­сы бойынша 2,3 есе артық. 2021 жыл­дың 1 тоқсанының қорытындысы бойын­ша негізгі мемлекеттік қолдау бағдар­ла­малары келесі өңірлерде жоғары сұранысқа ие.

Жалпы, бизнесті қолдау алдымен заң нормаларымен бекітілуі тиіс. Сон­дық­тан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жол­дауын­да реттеушілік саясаттың базалық қағи­дат­тарын өзгертіп, соның аясында биз­несті «таза парақтан» реттеуді тапсырды. Қазір осыған байланысты заң жобасы әзір­леніп жатыр. «Таза парақтан» реттеу деге­німіз – реттеу саясатындағы негізгі тәсіл­дерді өзгерту және кешенді әрі тиім­ді реттеуді құру арқылы мемлекеттік рет­теу­дің барлық тәсілін түбегейлі қарау. Егер осы заң қа­былданып жатса, бизнеске қойы­ла­тын талаптардың жүгі жеңілдеп, ол нақ­­ты нормалармен жүргізілмек. Кәсіп­кер­­лердің мұң-мұқтажы да заң аясында шешілмек.

Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірледі.

Министрліктің мәліметінше, ұлттық жобада 4 түйінді бағыт бойынша 10 міндетті шешуге баса назар аударылмақ. Олар: кәсіпкерлік белсенділікті арттыру; кәсіпкерлердің өсуін ұлғайту; еш­кім көп айналыса қоймаған қызмет пен тауар түрлерін қалыптастыру және бәсеке­лестікті кешенді дамыту.

Бірінші бағыт шеңберінде кәсіп­керлік белсенділікті арттыруға көңіл бөлініп, халық арасында бизнес-құзы­рет­терді ұлғайту үшін кәсіпкерлік дағ­дыларға оқыту мүмкіндігі беріледі. 150 мың жұмыссыз бен нәтижесіз жұмыспен қамтылған адам аталған шарамен қам­тылады. Осылайша, қаржылай емес қол­дау шараларын алған кәсіпкерлік субъек­тілерінің саны 637 940 бірлікті құрайды. Сондай-ақ 995,3 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде тұрақты – 335,1 мың, уақытша – 660,2 мың.

Ал кәсіпкерлердің өсуін ұлғайтуды болжайтын екінші бағыт бойынша кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені ауқымды түрде төмендету жоспарланып отыр. «2025 жылға дейін барлық мем­лекеттік реттеу құралдары (талаптар, рұқсаттар, есептілік, мем­лекеттік бақы­лау) қайта қаралады. Биз­нес үшін мем­лекеттік көрсетілетін қызметтердің қол­жетім­ділігі мемле­кеттік органдардың ақпа­рат­тық жүйе­лерін «Бизнеске арналған үкі­мет» пор­талымен біріктіру арқылы іске асыры­лады. Барлық жоспарланған шара­лар­ды іске асыру бизнеске түсетін жүк­те­мені түбегейлі азайтуға және жаңа эко­но­микалық ахуал жағдайын­да іскерлік бел­сенділікті дамытуға мық­ты серпін беруге мүмкіндік береді», делін­ген министрліктің ресми сайтын­дағы хабарламада.

Ұлттық жоба аясында микробизнес субъектілері үшін микрокредиттер мен гранттар түрінде қаржылай қолдау да жалғасады. 8,6 мыңнан астам азамат өз ісін ашу және дамыту мақсаттары үшін микрокредиттерге қол жеткізе алады. 50 мыңнан астам жас кәсіпкер жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттарға қол жеткізе алады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 50 мың азамат өзінің кәсіпкерлік әлеуетін ашу үшін гранттар ала алады, деп уәде береді министрлік.

Үшінші бағыт шеңберінде туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар шара көзделген. Елдің туристік әлеуетін ашу мақсатында 1000 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай туризм саласының ІЖӨ-дегі көлемі 1,5 есеге (2019 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда), салаға жеке инвестициялар көлемі 3 еседен аса өседі. Ішкі туристік ағын 4,5-тен 8 млн адамға, сырттан келетін туристер саны 1 млн-нан 3 млн адамға дейін (2019 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда) көбейеді. «Сапарлар» жіктемесі бойынша көрсетілетін қызметтер экспорты 6,5 есе 3 млрд АҚШ долларына дейін өседі.

Сондай-ақ гидтер мен экскурсия жүргізушілердің қызметін 95%-ға дейін цифрландыру, туристік маршруттарды мобильді байланыспен қамтуды 1,8 есеге ұлғайту, орналастыру орындарының 95%-ын E-QONAQ ақпараттық жүйесі­мен қамтуды қамтамасыз ету жоспарлануда.

Ал бәсекелестікті кешенді дамыту бағыты үш міндетті іске асырумен жүзе­­ге аспақ. Оның алғашқысы – баға белгі­леуді бұрмалауды жою арқылы электр энер­гетикасы саласындағы на­рық­тарға қол­же­тімділікті қамтамасыз ету болса, екіншісі – биржалық сауданы дамыту. 2025 жылға қарай бензин, дизель отыны, авиакеросин, битум, сұйытылған мұнай газы нарықтары биржалық саудамен қамтылмақ.

Ал үшінші міндет – экономиканы мемлекет иелігінен алу. Осыған сай 20 монополиялық операторды тарату және қайта ұйымдастыру жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай бірыңғай операторлар саны 1,6 есеге 30 бірлікке дейін қыс­қарады. Бәсекелестікті кешенді дамыту мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 14%-ға дейін қыс­қартуға мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, кәсіп­кер­лікті дамытуға бағытталған ұлт­тық жоба толығымен іске асырылса, мемлекет мынадай нәтижеге қол жеткізеді: ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 35%-ға дейін ұлғаяды, 995,3 мың жұмыс орны құрылады; мемлекеттің эко­но­ми­кадағы үлесі 14 пайызға дейін төмен­детіледі.

Міне, бизнесті қолдау мен дамыту­дың осындай шаралары нәсібін кәсіптен та­уып жүрген миллиондаған адамға көмек болады деген сенімдеміз. Әрине егер бұл қолдаулар нақты иесіне дұрыс жетсе...