Тәуелсіздік алғалы ел саясатының басым бағытының бірі бизнесті қолдау болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан – ТМД мемлекеттері арасында алғаш болып кәсіпкерлерге жүйелі түрде қолдау көрсетіп келе жатқан ел. Елбасы 1992 жылдың 5 мамырында Қазақстанда алғаш рет кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың 1992-1994 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын мақұлдады, шілде айында «Жеке кәсіпкерлікті қорғау және қолдау туралы» заңға қол қойылды. Осылайша, Тұңғыш Президенттің бастамасымен орта және шағын кәсіпкерлікке қолдау көбейіп, қолайлы жағдай жасала бастады.
Іргелі істер бастауы
Мемлекеттің бай-қуатты болуы деген не? Бұл – сол елде өмір сүріп жатқан әр адамның табысты болуы. Ал бизнеспен айналысу – әл-ауқатыңды жақсарту деген сөз. Еліміздің осы саланы дамытуға ерекше екпін түсіруі де сондықтан.
Жалпы, Қазақстан бизнесті жүргізуге ең қолайлы жағдайы бар елдер қатарына кіреді. Демек, бизнеспен шұғылданғысы келген, кәсібін ашуға оңтайланып жүрген азаматтарға ыңғайлы жағдай бар. Мұндай азаматтарды қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар да көптеп қабылданып жатыр. Бұрынғыдай жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынды. Әкімшілік кедергілер азайды. Салық ауыртпалығы қысқарды. Кәсіпкерлерге берілетін жеңілдетілген кредит көбейді. Бизнеске қолайлы орта қалыптастыруға қолбайлау болып отырған құқықтық нормалар да күшін жойып, ШОБ-ты реттеу «таза парақтан» басталмақшы. Ендігі мақсат – орта және шағын бизнестің үлесін арттырып, ел дамуын орнықтыра түсу.
Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары басым бағыт ретінде бірінші кезекте кәсіпкерлерді қолдауға көңіл бөлінді. Күрделі кезеңнің қиындықтарына қарамастан, бизнестің дамуы мен қалыптасуына бағытталған алғышарттар осы кезеңде пайда бола бастады. 1992 жылдың өзінде елімізде әртүрлі қызметтермен айналысатын 34 мыңнан астам жаңа фирма құрылыпты.
Кезінде ала дорба арқалаған отандастарымыз күнкөріс қамымен алыс-жақын шетелдерге шығып, тауар тасып, сауда-саттықпен айналысып кеткені есімізде. Қалай дегенмен де бұл сауданың өзі елдегі шағын кәсіпкерлікті ынталандырудың бір қадамы болды. Өйткені жұртшылық мемлекетке алақан жайып отыруға болмайтынын ұғынып, өз-өздерін асырауға көшті. Сөйтіп ақша табудың жолын игерді. Коммерцияның қыр-сырына қанықты. Сауда жасауды үйренді. Саудагерлер өздеріне ғана емес, өзгелерге де, мемлекетке де пайдасын тигізіп, тауар айналымына үлесін қосты.
Тәуелсіз Қазақстанның кәсіпкерлік тарихына үңілсек, нәсібін кәсіптен тапқысы келген жандарды нақты қолдау шаралары 2000-жылдардан басталыпты. Осы кезеңдерде Елбасының бастамасымен бизнесті қолдау мен қорғауға бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, 2001 жылдың шілдесінен бастап қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесі 20-дан 16 пайызға, әлеуметтік салықтың көлемі 26-дан 21 пайызға азайтылыпты. 2002 жылдан бастап, кәсіпкерлерге салық жеңілдігін ұсынатын жаңа сипаттағы Салық кодексі күшіне енді.
Ал 2006 жылы жариялаған Жолдауында Тұңғыш Президент 2007 жылдың қаңтарынан бастап ҚҚС көлемін 14 пайызға дейін төмендету, сондай-ақ шағын және орта бизнеске салық салудың бірыңғай мөлшерлемесін азайту (әр тоқсанға 3 пайыз) міндеттерін қойды. Сонымен қатар 2008 жылдың қаңтарынан бастап, әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 13 пайызға төмендетілді. «Мен кәсіпкерлердің үнемі алдынан шығып отыратын, көп жағдайда парақорлыққа, билігін асыра пайдаланушылыққа қатысы бар талай кедергілер туралы жақсы білемін. Осыған орай мемлекеттік органдардың барлық өкілінен шағын және орта бизнеске деген көзқарасты түбегейлі өзгертуді талап еттім. Менің бастамаммен 2003 жылдың қаңтарынан қазан айына дейін тексерулерге арнайы мораторий жарияланды. Бұл шара кәсіпкерлердің еркін тыныс алып, өз шаруасына көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 2003 жылдың желтоқсанында Бас прокуратура «заң бұзушылық анықталған жағдайларда» бақылау және қадағалау органдарының тексеру жүргізуін қабыл алмау құқығына ие болды. Қолға алынған осы шаралардың нәтижесінде 2004-2007 жылдары заңсыз тексерулердің саны 3,5 есе азайды. 2006 жылдың қаңтарында «Жеке кәсіпкерлік туралы» заң қабылданып, жеке кәсіпкерлік субъектілерін тексерудің тәртібін белгіледі. Осы жылдың наурыз айында қазақстандықтардың жеке бастамашылдығын еркін жүзеге асыруына жағдай жасалғанын, кәсіпкерлердің тек оны тиімді пайдалана білуі керектігін толық сеніммен мәлімдеуіме мүмкіндік туды. Мыңдаған қазақстандық бұл ұранға үн қосты», дейді сол кезеңдерді еске алған жазбаларында Елбасы.
Көптеген мемлекеттің әл-ауқаты кәсіпкердің көптігімен өлшенеді. Өйткені кәсіпкер бар жерде ел экономикасы орнықты дамиды, жұмыссыздық азаяды, тауарлар мен қызмет көрсету сервисі артады. Елдегі табысты азаматтардың саны ұлғаяды. Қазақстанның ұстанған саясаты да осы. Бірақ әкімшілік кедергілер қанша жерден азайды дегенмен де жойылып кеткен жоқ. Бизнеске жарияланған мораторий аяқталысымен кәсіпкерлерді тексеру тағы үдеп кетті. Ақыры, 2008 жылы жариялаған Жолдауында Елбасы бизнеске түсетін әкімшілік ауыртпалықты қысқартуға тағы да пәрмен берді. Шағын және орта бизнесті тексеруге қайтадан мораторий жарияланып, ол 2009 жылдың шілде айына дейін созылды. Сол 2009 жылы Үкіметке бизнеске тексеру жүргізудің барлық рәсімін реттеу жүктелді. Ауқымды жұмыс атқарылды, соның нәтижесінде 2011 жылдың қаңтарында «Мемлекеттік бақылау мен қадағалау туралы» заң күшіне енді. 2008-2010 жылдар аралығында мемлекет ШОБ-ты қолдауға 400 млрд теңге жұмсады. Бұл 10 мың кәсіпкерлік нысанды демеуге және 13 мың жұмыс орнын сақтап қалуға көмектесті.
Міне, кәсіпкерлікті қолдау мен қорғаудың арқасында осы саладағы халықтың үлесі 2011 жылы 29 пайызға жетті. 2012 жылы жеке кәсіпкерлік 2,5 млн қазақстандықты жұмыспен қамтыды.
Бизнесті қорғау – басым бағыт
Елімізде орта және шағын бизнеспен айналысатын азаматтардың 60 пайыздан астамы – сауда, ауыл шаруашылығы, қоғамдық тамақтандыру, көлік саласында қызмет етеді. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, қазіргідей пандемия жағдайында ШОБ-ты қолдау ерекше басымдыққа ие. Статистиканы сөйлетсек, шағын және орта бизнес субъектілері 2020 жылы 32,7 трлн теңгенің өнімін шығарған. Биылғы 1 қаңтарда ШОБ-та жұмыспен қамтылғандардың саны 3,4 млн адамды құраған. Іскерлік ахуалды жақсарту бойынша қабылданған реформалар Қазақстанға 2019 жылы Doing Business рейтингінде 25-орынға көтерілуге мүмкіндік берді.
Кәсіпкерлерді жеңілдікпен несиелендіру жұмыстары биыл да жалғасып жатыр. Осы жылдың бірінші тоқсанында 663 млрд теңге сомасына 16 мыңнан астам жоба жеңілдетілген несиемен қаржыландырылған. Былтырғы жыл қорытындысы бойынша 2,5 трлн теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиемен 47 мыңнан астам жоба қамтылған.
Экономиканың зардап шеккен секторларындағы шағын және орта бизнес кредиттерін қайта қаржыландыруға да мемлекет қолдау көрсетіп отыр. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиевтің айтуынша, 2020 жылдың 15 наурызы мен 2021 жылдың 15 наурызы аралығында 475 млрд теңге сомасына 9 мыңға жуық жобаны қайта қаржыландыру үшін субсидиялар берілді. Биыл аталған тізбе 145 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуішіне кеңейтілді. Кеңейтілген тізбе бойынша субсидиялар 132 млрд теңге кредиттік портфель сомасына 2 мың жоба бойынша төленеді. «Осы жылдың 1 сәуірінде Мемлекет басшысы экономиканың зардап шеккен секторларында несиелерді жеңілдетілген түрде қайта қаржыландыру, мерзімін 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Осы жұмыс аясында 93 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші анықталды. 425,5 млрд теңге несие сомасына 6,7 мыңнан астам жобаны қамту жоспарлануда», деді Үкімет отырысында Ә.Ерғалиев.
Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша «Бизнестің жол картасы-2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шеңберінде кредиттердің 232 млрд теңге сомасына 5 884 жоба субсидияланған, 87 млрд теңге несие сомасына 6 892 жоба бойынша кепілдік берілген. Аграрлық несие корпорациясы аясында 5,9 млрд теңге несие сомасына 134 жобаға қолдау көрсетілген.
Былтыр «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында бизнесті микрокредиттеудің жаңа бағыты қолға алыныпты. Осы бағыт шеңберінде айналым қаражатына 5 млн-ға дейін және инвестициялық мақсаттарға 20 млн теңгеге дейін кредиттер беріледі. Бұл ретте 5 млн теңгеге дейінгі қарыздардың басым бөлігі соңғы қарыз алушы үшін 6% мөлшерлеме бойынша кепілсіз негізде беріледі. «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде қалаларда және ауылдарда бюджеттік микрокредиттер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы жылдық 6%-бен беріледі. Екінші жартыжылдықта «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы шеңберінде шағын несиелендіру іске қосылады. Бұл микрокредиттер «Бастау Бизнес» түлектеріне «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында құрылатын Микроқаржы ұйымы арқылы берілмек.
Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың тағы бір түрі – «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында 7 млрд теңгеге дейін субсидия беру мерзімі 5 жылға дейін ұлғайтылды. Ал «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несие сомасы шектелмеген, оның субсидиялау мерзімі 10 жылды құрайды. Бұған қоса, 2020 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша салалық шектеулер алынып тасталды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтер тізбесі 150 экономикалық қызмет түрінің жалпы жіктеуішіне дейін ұлғайтылды. Пандемия салдарын ескере отырып, мемлекет бизнесті салықтық ынталандырудың бірқатар шарасын қабылдады. Үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап арнаулы салық режімдерін қолданатын шағын және микрокәсіпкерлік субъектілерін табыс салығынан 3 жылға босату қолданылады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қызмет көрсету салаларында алынған табыстың 3% мөлшерлемесімен бөлшек салықтың жаңа арнайы режімі енгізілді.
Жалпы, бизнеске жүктемені азайту, оның ішінде бірқатар салықтық жеңілдік және салықтық әкімшілендіруді жеңілдету, кәсіпкерлердің қаржыландыруға қолжетімділігін жеңілдету мақсатында 60-тан астам қолдау шараларын енгізу көзделіп отыр. Былтыр жылдың соңында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының «Микрошағын кәсіпкерлік несиелері бойынша портфельдік субсидиялау және кепілдік беру» атты бірінші бағыты іске қосылды. Бұл бағыттың мақсаты – мемлекеттік қолдау шараларымен микро және шағын кәсіпкерлерді көбірек қамту. Бүгінгі күні осы бағыт аясында 18,9 мың жобаға қолдау көрсетілді, олардың жалпы несие сомасы 103,3 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде субсидиялау бойынша 43,5 млрд теңгеге 8 мың жоба және кепілдендіру бойынша 59,8 млрд теңгеге 10,9 мың жоба. 2021 жылда 13,1 мың жобаға 71,9 млрд теңге қолдау көрсетілді. Бұл 2020 жылдың 4 тоқсанымен салыстырғанда жоба саны бойынша 2,2 есе және несие сомасы бойынша 2,3 есе артық. 2021 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша негізгі мемлекеттік қолдау бағдарламалары келесі өңірлерде жоғары сұранысқа ие.
Жалпы, бизнесті қолдау алдымен заң нормаларымен бекітілуі тиіс. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында реттеушілік саясаттың базалық қағидаттарын өзгертіп, соның аясында бизнесті «таза парақтан» реттеуді тапсырды. Қазір осыған байланысты заң жобасы әзірленіп жатыр. «Таза парақтан» реттеу дегеніміз – реттеу саясатындағы негізгі тәсілдерді өзгерту және кешенді әрі тиімді реттеуді құру арқылы мемлекеттік реттеудің барлық тәсілін түбегейлі қарау. Егер осы заң қабылданып жатса, бизнеске қойылатын талаптардың жүгі жеңілдеп, ол нақты нормалармен жүргізілмек. Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы да заң аясында шешілмек.
Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірледі.
Министрліктің мәліметінше, ұлттық жобада 4 түйінді бағыт бойынша 10 міндетті шешуге баса назар аударылмақ. Олар: кәсіпкерлік белсенділікті арттыру; кәсіпкерлердің өсуін ұлғайту; ешкім көп айналыса қоймаған қызмет пен тауар түрлерін қалыптастыру және бәсекелестікті кешенді дамыту.
Бірінші бағыт шеңберінде кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға көңіл бөлініп, халық арасында бизнес-құзыреттерді ұлғайту үшін кәсіпкерлік дағдыларға оқыту мүмкіндігі беріледі. 150 мың жұмыссыз бен нәтижесіз жұмыспен қамтылған адам аталған шарамен қамтылады. Осылайша, қаржылай емес қолдау шараларын алған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 637 940 бірлікті құрайды. Сондай-ақ 995,3 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде тұрақты – 335,1 мың, уақытша – 660,2 мың.
Ал кәсіпкерлердің өсуін ұлғайтуды болжайтын екінші бағыт бойынша кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені ауқымды түрде төмендету жоспарланып отыр. «2025 жылға дейін барлық мемлекеттік реттеу құралдары (талаптар, рұқсаттар, есептілік, мемлекеттік бақылау) қайта қаралады. Бизнес үшін мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігі мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін «Бизнеске арналған үкімет» порталымен біріктіру арқылы іске асырылады. Барлық жоспарланған шараларды іске асыру бизнеске түсетін жүктемені түбегейлі азайтуға және жаңа экономикалық ахуал жағдайында іскерлік белсенділікті дамытуға мықты серпін беруге мүмкіндік береді», делінген министрліктің ресми сайтындағы хабарламада.
Ұлттық жоба аясында микробизнес субъектілері үшін микрокредиттер мен гранттар түрінде қаржылай қолдау да жалғасады. 8,6 мыңнан астам азамат өз ісін ашу және дамыту мақсаттары үшін микрокредиттерге қол жеткізе алады. 50 мыңнан астам жас кәсіпкер жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттарға қол жеткізе алады. Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан 50 мың азамат өзінің кәсіпкерлік әлеуетін ашу үшін гранттар ала алады, деп уәде береді министрлік.
Үшінші бағыт шеңберінде туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар шара көзделген. Елдің туристік әлеуетін ашу мақсатында 1000 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай туризм саласының ІЖӨ-дегі көлемі 1,5 есеге (2019 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда), салаға жеке инвестициялар көлемі 3 еседен аса өседі. Ішкі туристік ағын 4,5-тен 8 млн адамға, сырттан келетін туристер саны 1 млн-нан 3 млн адамға дейін (2019 жылдың көрсеткіштеріне қарағанда) көбейеді. «Сапарлар» жіктемесі бойынша көрсетілетін қызметтер экспорты 6,5 есе 3 млрд АҚШ долларына дейін өседі.
Сондай-ақ гидтер мен экскурсия жүргізушілердің қызметін 95%-ға дейін цифрландыру, туристік маршруттарды мобильді байланыспен қамтуды 1,8 есеге ұлғайту, орналастыру орындарының 95%-ын E-QONAQ ақпараттық жүйесімен қамтуды қамтамасыз ету жоспарлануда.
Ал бәсекелестікті кешенді дамыту бағыты үш міндетті іске асырумен жүзеге аспақ. Оның алғашқысы – баға белгілеуді бұрмалауды жою арқылы электр энергетикасы саласындағы нарықтарға қолжетімділікті қамтамасыз ету болса, екіншісі – биржалық сауданы дамыту. 2025 жылға қарай бензин, дизель отыны, авиакеросин, битум, сұйытылған мұнай газы нарықтары биржалық саудамен қамтылмақ.
Ал үшінші міндет – экономиканы мемлекет иелігінен алу. Осыған сай 20 монополиялық операторды тарату және қайта ұйымдастыру жоспарланып отыр. 2025 жылға қарай бірыңғай операторлар саны 1,6 есеге 30 бірлікке дейін қысқарады. Бәсекелестікті кешенді дамыту мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылға қарай 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған ұлттық жоба толығымен іске асырылса, мемлекет мынадай нәтижеге қол жеткізеді: ІЖӨ-дегі ШОБ үлесі 35%-ға дейін ұлғаяды, 995,3 мың жұмыс орны құрылады; мемлекеттің экономикадағы үлесі 14 пайызға дейін төмендетіледі.
Міне, бизнесті қолдау мен дамытудың осындай шаралары нәсібін кәсіптен тауып жүрген миллиондаған адамға көмек болады деген сенімдеміз. Әрине егер бұл қолдаулар нақты иесіне дұрыс жетсе...