• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 03 Желтоқсан, 2021

Отанды сүю – әрбір азаматтың міндеті

1711 рет
көрсетілді

Туған жер – менің әлпештеген анам, аялап өсірген әкем, туған-туысым, аға-апаларым, мені білім жолына жетелеген ұстаздарым, тай-құлындай тебісіп өскен жора-жолдастарым дүниеге келген жер. Туған жер, Отан, Қазақстан – неткен керемет, шуақты ұғым! Елімнің әр тасы, әр гүлі, өзен-көлі, тауы мен үшін аса қымбат.

Қазақ елі қашанда өзінің ұлан-байтақ жерімен, халқымен, ынтымағымен бүкіл әлемді таң­ғалдырып келеді. Еліміздің сұлу табиғаты бойға қуат, көңілге шабыт беретіндей қандай тамаша.

Қазақ халқы – әлемдегі ұлы халықтардың бірі. Қазақтың ұлылығы – бауырмалдығында, сабырлығында және даналы­ғында. Қазақ – сөзге тоқтаған халық, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, ел бастаған кө­семдері мен шешендері ақыл айтса, ақылына ұйыған халық. Міне, осындай данагөй, асыл қасиетке бай елде дүниеге кел­геніме және тәуелсіз елдің құр­дасы болғаныма мақтанамын. Еліміздің мәртебелі ел болуы, 30 жылда әлемге танылуы, әрине, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өлшеусіз еңбегінің арқа­сында деп білемін, ерекше ілтипатпен қараймын. Бүгінде Қазақ елінің демократиялық даму жолындағы жетістіктерін дүние жүзі қауымдастығы мойындап, игі істеріне қолдау көрсетуде.

Отанымыз бізді, жастарды өсіріп жеткізді және алдымызға таудай талаптар қойды. Біз Отанымыз үшін қандай жақсылық жасаймыз? Халқымыздың сені­мін қалай ақтаймыз? Бұл сұраққа жастардың көбі жауап іздері анық деп ойлаймын. Менің ойымша, Отанды сүю – оны қорғай білу. Бұл – әрбір азаматтың міндеті. «Отанға опасыздық еткенің – өз түбіңе жеткенің» деп халық бекер айтпаған. Жаңа ғасырда өз елін, тілін, Отанын сүйетін, оның болашағына жүрегі сыздап ауыратын жастардың саны көбейеді деп үміттенемін. Өзім де Қазақстанның өркендеуіне үлесімді қосамын. Осы тұста батыр Бауыржан Момышұлы ата­мыздың ұлағатты сөзі еске түсіп отыр: «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабаларымызды, бар тарихымызды ұмыту».

Менің мақсатым – алған білімім арқылы жоғары деңгей­лі маман болып, еліміздің өр­кен­деуіне үлес қосу. Адам туған же­­рін қас­терлеп, қадіріне жете білуге тиіс. «Туған елінің қа­ді­ріне жет­пе­ген өз қадіріне жетпейді» деген халық нақылы да рас. Ен­деше, туған жері мен елін құр­мет­теу, оның даңқын асы­ру әрбір аза­мат­тың міндеті деп са­наймын. Біз қашанда бей­біт елдің ұрпағы бол­ғанға қуанып, қай­да жүрсек те туған жері­міз өр­кендей берсін де­ген тілек­тің үс­тінде жүруіміз керек. Отаны­мыз гүлденіп, жеріміз көр­кейе берсін.

 

Айнагүл ӘМІРҒАЛИ,

Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Қазынашылық департаменті

Түсімдер басқармасы Мемлекеттік мекемелердің шоттары және басқа шоттар бойынша бөлімінің бас маманы-бас қазынашысы