Таяуда ғана жылдың басты сенсациясын жасап, жеңіл салмақта әлемнің абсолютті чемпионы атанған австралиялық боксшы Джордж Камбосос америкалық Теофимо Лопесті жеңе салысымен украиналық Василий Ломаченкомен жұдырықтасудан қашып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Иә, Джорд Камбосос 2022 жылы өз салмағындағы бірқатар мықты боксшылармен қолғап түйістіргісі келетінін айтты. Алайда олардың қатарында екі дүркін Олимпиада чемпионы, кәсіпқой бокста үш салмақта әлем чемпионы атанған Василий Ломаченко жоқ.
«Дәл қазір менде барлық чемпиондық белбеулер бар. Осы уақытқа дейін мен қарсыластарым қалаған жерде жекпе-жекке шығып келдім. Енді чемпион ретінде шешімді өзім қабылдаймын. Келесі шайқасты туған елім Австралияда өткіземін. Дәл осындай шешім шығаратын жағдайға жеттім. Бірінші кезекте Дэвин Хейниге қарсы рингке көтерілгім келеді. Оның жақында өтетін кездесуін көзіммен көремін. Одан бөлек Джервонта Дэвис, Райан Гарсия сияқты мықтылармен қолғап түйістіруге әзірмін», дейді боксшы.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін боксшының промоутері Лу Дибелла Камбосостың Ломаченкомен қолғап түйістіруге дайын екенін мәлімдеген болатын. Алайда боксшының өзі басқаша сайрап отыр. Ал Василий Ломаченко 11 желтоқсан күні Ричард Коммимен жұдырықтасады.