7-17 желтоқсан аралығында Өзбекстанның астанасы – Ташкентте ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Жер-жаһанның әр қиырынан жиналған мықтылардың жарысында ерлер мен әйелдерді қоса алғанда, 20 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдар сарапқа салынады. Аталған додада Қазақ елі намысын бес спортшы қорғайды. Олар – Арли Чонтей (55 кило), Нұрғиса Әділетұлы (96 кило), Артем Антропов (96 кило), Карина Құзғанбаева.
Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстанның ауыр атлеттері әлем чемпионаттарына үзбей қатысып келеді. Бірден айта кетейік, бұл ретте жарқын жеңіске қол жеткізіп, шаттанған кезіміз де, сәтсіздіктің шырмауынан шыға алмай, салымыз суға кеткен сәттер де аз болған жоқ. Бүгінгі деңгейге жету үшін отандық зілтеміршілерімізге талай кедергілерден өтіп, көп ізденіп, көп еңбектенуге тура келді.
Тұңғыш рет қазақстандықтар дербес команда ретінде 1993 жылы Мельбурнде өткен дүниежүзілік додада өнер көрсетті. Жасыл құрлықта жерлестерімізге жалғыз ғана жүлде бұйырды. Оның иегері – 91 кило салмақта күш сынасқан Анатолий Храпатый. Өз заманында теңдессіз өнерімен төрткүл дүниені тамсандырып, Сеул Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің бес дүркін чемпионы атанған даңқты отандасымыз ол кезде 30 жасты алқымдаған еді. Жалындап тұрған жастар ардагердің алтын медаль алуына еш мүмкіндік бермеді. Нәтижесінде, 395 (180+215) килолық көрсеткішпен Храпатый қола медальды қанағат тұтты. Ол болгариялық Иван Чакыров және грузиялық Кахи Кахиашвилиден қалып қойды.
1994 жылы Ыстанбұлдан еңсеміз түсіп оралсақ, 1995 жылы Гуанчжоуда қос қола жүлдеге иелік еттік. Қытайда 91 кило салмақта өнер көрсеткен Андрей Макаров ресейлік Игорь Алексеев пен армениялық Александр Карапетяннан қалып қойды. 99 кило салмақта сынға түскен Анатолий Храпатыйдың Грузиядан Грекияға қоныс аударған Кахи Кахиашвили мен Ресейдің саңлағы Сергей Сырцовқа әлі жетпеді. Содан кейін тағы біраз жыл бойы еңсе тіктей алмадық. Даңқты Храпатый мен алымды Макаров үлкен спорттан қол үзгеннен кейін кең байтақ елімізден олардың жеңісті жолын жалғастыруға күш-жігері жететін жалынды жастар біраз уақытқа дейін табылмады. Соның салдарынан 1997 жылы Чиангмай, 1998 жылы Лахти, 1999 жылы Афина, 2001 жылы Анталья, 2002 жылы Варшава және 2003 жылы Ванкуверден қоржынымыз бос қайтты.
Дәл сол тұста республика Ауыр атлетика федерациясының тізгінін Қайрат Тұрлыханов ұстады. Жоғарыдағы жағдай жаңадан келген басшыны қанағаттандырмағаны анық. Содан Қайрат Болатұлына «Осы саланы қалай дамытсам екен?» деп біраз бас қатыруға тура келді. Көп мәселенің қаражатқа тіреліп тұрғанына көз жеткізгеннен кейін сол олқылықтың орнын толтыруға бекінді. Ең бірінші кезекте қаржы көзін іздестіріп, бапкерлер мен спортшылардың жағдайын жасады. Ел-елде, жер-жерде ауыр атлетика үйірмелері есіктерін айқара ашты. Әр жарысты өзі қадағалап, барлық істің басы-қасында жүрді. Талантты жастардың есімдерін қойын дәптеріне түртіп қойды. Келешекте олардың өсіп-өнуіне жәрдемдесті. Түркиядан даңқы шартарапқа тараған бапкер Энвер Түркілериді шақыртты. Иә, ерен еңбек еш кеткен жоқ, бірте-бірте спорттың бұл түрінде сілкініс байқалды. Еңсесін тіктеген отандық ауыр атлетикамыз уақыт оза күллі әлемді мойындатты. Қазақстан құрамасы көшбасшы командалардың бірі әрі бірегейіне айналды. 2005-2014 жылдар аралығында өткен байрақты бәсекелердің барлығында жеңіс тұғырына көтерілген жерлестеріміз даңқымызды арттырып, абыройымызды асқақтатты. Сол кезеңде дүбірлі додалардың жалпыкомандалық есебінде үшінші орыннан төмендеген кезіміз сирек. Төрткүл дүние жұртшылығы тау көтерген толағайларымыздың табысына таңдана әрі тамсана, қызыға әрі қызғана қарады. Міне, осындай іргелі істің басында Қайрат Тұрлыхановтай өр тұлға тұрды.
Нақты деректерге жүгінсек, 2005 жылы Дохада Илья Ильиннің бақ жұлдызы жарқырай жанды. 85 кило салмақта сайысқа түскен ол қарсылас шақ келтірмей, бас жүлдені қанжығасына байлады. Сол кездері көпті көрген кәнігі көкжалдарды жер сипатқан 17 жасар жігіттің теңдессіз өнеріне төрткүл дүние жанкүйерлері тамсанды. Сыр бойы сайыпқыранының осы көрсеткішінің арқасында Қазақстан құрамасы өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық есепте бесінші орынды иеленді. 2006 жылы Санто-Домингода дәл сол Ильин тағы да алтын алды. Бұл жолы ол 94 кило салмақ дәрежесінде дара шықты. Соның нәтижесінде жалпы есепте біздің команда Польша, Беларусь, Иран, Оңтүстік Корея, Түркия, Франция құрамаларымен бірге 3-9-орындарды өзара бөлісті.
2007 жылы Чиангмайдағы әлем чемпионатына қосалқы құрамдағы спортшыларды апардық. Өйткені федерация басшылары мен ұлттық құрама бапкерлері өзара кеңесе келе, еліміздің ең үздік зілтеміршілері Бейжің Олимпиадасына еш алаңсыз даярланғаны жөн деген шешімге келді. Есесіне 2009 жылы Оңтүстік Кореяның Коян қаласында жалауы желбіреген жарыста жерлестеріміз бес жүлде алып, айды аспанға бір-ақ шығарды. Атап айтсақ, Зүлфия Чиншанло (53 кило), Майя Манеза (63 кило), Светлана Подобедова
(75 кило) және Владимир Седов (94 кило) алтын тұғырдан қол бұлғаса, Владимир Кузнецов
(85 кило) қолаға қол созды. Командалық сайыста тек Қытайдан ғана қалып қойған Қазақстан құрамасы екінші орынды олжалады. Бір өкініштісі, арада біраз уақыт өткен соң ВАДА (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) Седовтың рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектерді пайдаланғанын анықтап, оны алтын медальдан айырды.
2010 жылы Түркияның Анталья аймағында Қазақ елінің әнұраны екі мәрте шырқалды. Анадолы елінде Майя Манеза
(63 кило) мен Светлана Подобедова (75 кило) бас жүлдені олжалады. 2011 жылы Парижде 2 алтын және 2 күміс медальды еншіледік. Чиншанло (53 кило) мен Ильин (94 кило) алдына жан салмаса, Манеза (63 кило) мен Подобедова (75 кило) күміс медальды мойындарына ілді. Бұл жарыстардың командалық сайысында біздің өрендер үшінші орынға жайғасты.
2013 жылғы әлем чемпионатына Қазақстан аралас құраммен барды. Соған қарамастан қос жүлдеге қолымыз жетті. 94 кило салмақта күш сынасқан Алмас Өтешов күміс медальды иеленгенде күллі Алаш жұрты бөріктерін аспанға атып қуанды. Себебі бұрын-соңды бірде-бір қандасымыз осындай деңгейге жеткен жоқ еді. Польшаның Вроцлав қаласында қазақтың ұлы жеңіс тұғырына көтерілді. Дәл осы салмақта өнер көрсеткен Владимир Седов қола медальды қоржынға салған еді. Алайда допинг дауынан кейін оның есімі жүлдегерлер тізімінен сызылып тасталды.
2014 жылғы әлем чемпионаты Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Бұл жарыс лицензиялық болғандықтан оған төрткүл дүниенің теңдессіз зілтеміршілерінің барлығы қатысты. Алатау баурайында Зүлфия Чиншанло (53 кило), Жасұлан Қыдырбаев (94 кило), Илья Ильин (105 кило) теңдессіз деп танылса, Жазира Жаппарқұл (69 кило) күміс және Кирилл Павлов (77 кило) қоланы қоржынға салды. Қазақстан құрамасы жалпы есепте төртінші орынды иеленді.
2015 жылы да жерлестеріміздің жеңісті жолы жалғасты. Хьюстондағы әлем чемпионатында Нижат Рахимов (77 кило) пен Александр Зайчиков (105 кило) топ жарса, Жазира Жаппарқұл
(69 кило) күміс, Светлана Подобедова (75 кило) қола медальды еншіледі. Нәтижесінде, Қытай мен Ресейді ғана алға жіберіп, үшінші орынға тұрақтадық.
Қысқа ғана мерзімде Қазақстан ауыр атлеттерінің осындай орасан зор биікке көтерілуі түрлі халықаралық ұйымдар мен өзге алпауыт мемлекеттердің қызғанышын тудырды. Содан түрлі қитұрқы әркеттерге барған олар біздің спортшыларға жиі киліге бастады. Бұған дейін ара-тұра сес көрсетіп жүрген ВАДА қызметкерлері соңғы жылдары зілтеміршілерімізді қатты қысты. Салдарынан отандастарымыздың біразы Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында жеңіп алған жүлделерінен қағылып, түрлі мерзімге үлкен спорттан шеттетілді. Бұл жайсыз жағдай біздің командамызды қатты әлсіретті. Допинг дауына байланысты 2017 жылы АҚШ-тың Анахайм қаласында өткен дүниежүзілік додаға ұлттық құрамамыздың қатысуына рұқсат берілмеді. 2018 жылы Ашғабадта Арли Чонтей (55 кило) мен Надежда Лихачева (71 кило) жүлдегерлер қатарынан көрінді. Алғашқысы – күміс, екіншісі қолаға қол созды. 2019 жылы Паттайяда Игорь Сон (55 кило) үшінші сатыға табан тіреді. Иә, ауыр атлетика саласында жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар Қазақстан секілді іргелі мемлекет үшін бұл табыстың аздық еткені сөзсіз.
Сонымен, кезекті әлем чемпионатының да басталуына санаулы ғана күндер қалды. Бұл жолы командамыздың сапында бұрынғыдай жұлдыздардың қалың шоғыры жоқ. Мәселен, Токио Олимпиадасында қола медальды мойындарында жарқыратқан Зүлфия Чиншанло мен Игорь Сон біраз уақыт ескі жарақаттарын емдеп, жақсылап тұрып тынығуды дұрыс көрді. Кей мықтыларымыздың жазалану мерзімдері әлі аяқталған жоқ. Кейбіреулері бабында емес.
Десек те Ташкентке тек турист ретінде бара жатпағанымыз анық. Аталған жарыста басты үміт 55 кило салмақта күш сынасатын Арли Чонтейге артылады. Ол – команда сапындағы ең тәржірибелі спортшы. 29 жастағы Арли осыдан үш жыл бұрын Ашғабадта өткен әлем чемпионатында күміс медальды иеленген. Одан бөлек, Азия чемпионы және Дүниежүзілік универсиаданың қола жүлдегері деген атақтары тағы бар.
Ал қалған зілтеміршілеріміз жастар буынының өкілдері. Алайда Нұрғиса Әділетұлы (96 кило), Артем Антропов (96 кило), Карина Құзғанбаева (81 кило) және Айзада Мүптілдәнің (+87 кило) ешқайсысын осал деп айта алмаймыз. Олардың барлығы да өз қатарының алды болып, талай байрақты бәсекеде ел намысын абыройлы қорғады. Одан кейін ересектер арасында күш сынасып, өздерінің мықтылығын мойындатты. Енді осы ұл-қыздарымыздың кемінде бір-екеуі әлемдік додада дараланса деп үміттеніп отырмыз. Толғайларымыздың Ташкенттің төрінде атой салған сәттерін көруді жазсын.