• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 05 Желтоқсан, 2021

Қазақ-қырғыз – Алаштан

684 рет
көрсетілді

Ықылым замандардан бері Алатаудың арғы-бергі жағын қатар жайлаған қазақ пен қырғызға ортақ «Қосылғанның – қолы ұзын, қос түйенің – жолы ұзын» дейтін тәмсіл бар. Тарихы да, тағдыры да, танымы да ұқсас осы екі ұлтқа ортақ дүние аз емес.

Шері мен шежіресі қатар өрілген туысқан халықтардың рухани байлық­тарын ғана емес, ұлттық мүдделер тұр­ғы­сында да байланыстыратын тұстар аз емес. Сондықтан Алматыда Қазақстан Рес­пуб­ликасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев пен Қырғыз Рес­публикасының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмамбетовтің қатысуымен өткен «Қазақ-қырғыз – Алаштан» атты ха­лықаралық ғылыми-тәжі­рибелік мәжі­лісінің мәні терең, маңызы үлкен. Оның үсті­не осы жиында ортаға салын­ған, ойға қалдырған қазақ пен қыр­ғыздың алаштанушы ғалым­дарының ұсыныс-тілектері тың зерттеулерге серпін берері сөзсіз.

«Қазақстанға көптен дәл осын­дай бір қауым ел болып кел­меген едік», деген көр­ші ел­дің зиялылары Халықаралық мә­жі­­ліс алдында қырғыз халқы­ның көрнекті мем­лекет және қо­ғам қайраткері Жүсіп Абдрах­ма­новтың туғанына 120 жыл то­луына және Қырғыз Респуб­ли­ка­сының құрылуына қатысты ар­­хив құжаттары мен тарихи фо­то­суреттерден арнайы ұйым­дас­ты­рылған көрмені тамашалады. Көр­меге Қазақстан Респуб­ликасы Ор­талық мемлекеттік архиві, Қ­а­зақ­стан Пре­зи­денті архиві және Кинофото жә­не дыбыс жазбалары архиві қор­ларындағы материалдар қо­йылды.

Екі елдің Мемлекеттік хатшыла­ры бас болған ша­раға Қырғыз Рес­пуб­ликасы Прези­ден­тінің кеңес­шісі Арслан Койчиев, Қа­зақ­стан Республикасының Мә­де­ниет және спорт министрі Ақтоты Ра­йым­­құлова, Қырғыз Респуб­ликасының Мә­дениет, ақпарат және туризм министрі Аза­мат Жаманкулов, Халықаралық Түр­кі академиясының прези­денті Дархан Қы­дырәлі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев, жазушылар одақтарының төрағалары Ұлықбек Есдәулет пен Нұрлан Қалыбеков Қырғыз Республикасы Жо­гор­ку Кенешінің депутаты Каныбек Има­н­алиев, ҰҒА акаде­мигі, Қазақстан та­рих­шылар қауым­­дастығының төрағасы Мәм­бет Қойгелдиев, белгілі қырғыз та­рих­­шысы Зайнидин Курманов, сон­дай-ақ екі елдің зиялы қауым өкіл­дері мен танымал ғалымдары қатысты.

Халықаралық Түркі академия­сының мұрындық болуымен ұйым­дастырыл­ған мазмұнды шара­ны Халықаралық Түркі академия­сы­ның президенті Дархан Қыдыр­әлі жүргізіп отырды.

Алқалы жиында құт­тықтау сөз сөйлеген Қазақстан Респуб­лика­сының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшер­баев қырғыз­стандық әріптесіне Қазақ­станға арнайы сапары үшін ризашылығын білдіре келе: «Өз­деріңіз білесіздер, биыл бір­туған елдеріміздің Тәуел­сіздігіне 30 жыл толып отыр. Ала­тау­дың қос қап­та­лын қатар жай­лаған қа­зақ пен қырғыз халқын­ың руха­ни жақындығының тамыры терең­де. Бүгінгі алқалы жиынның Ала­таудың баурайында, Достық үйінде өтуінің сим­волдық мәні бар.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жар­лы­ғымен жыр алыбы Жамбыл Жа­баев­тың 175 жылдығы жария­ланып, елімізбен бірге бірқатар шет мемлекеттерде кеңінен аталып өтілді. Ұлы жыраудың мерейтойы бауырлас Қырғызстанда бастау алып, міне, бүгін қазақ-қырғыз ынтымақтастығы аясында қорытындыланып отыр.

Жамбылдың рухани мұрасы қазаққа қалай қадірлі болса, қырғыз елі үшін де дәл солай қастерлі. Сон­дықтан екі ел үкіметтерінің қол­дауы­мен арқалы ақын­ның бай мұ­ра­сын насихаттаған бірқа­тар мәде­ни-рухани шара ұйым­дас­ты­рылды. Осы орайда, жыр дүл­дүлі Жам­былға көрсеткен құрметі үшін туысқан қыр­ғыз Үкіметіне ай­рық­ша алғысымызды айтамыз!», деді.

Мемлекеттік хатшы Бішкек пен Талдықорғанда дүбірлетіп еларалық айтыстар өтіп, осы аламан айтысты ұйымдастырудағы еңбегі бағалаған Садық Шернияз­ды Қазақстан Респуб­ли­касының «Достық» орденімен мара­пат­талғанын еске сала отырып, Тоқта­ғұл мен Жамбылдан бастау алған тұлғалар ын­ты­мағы Алашорда заманында жалғасын тауып, дос­тық­тың дәнекеріне, сырбаз сый­ластықтың салтанатты үлгісіне айнал­ғанына тоқталды.

– Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш­тың аяулы перзенттері Төре­құл Айт­матов, Төреқұл Жан­ұ­зақов, Ишеналы Ара­баев сынды қырғыз зиялыларымен тізе қосып, ұлт үшін ынтымақта қызмет етті. Бұл туралы белгілі ғалым З.Кур­мановтың бүгін тұсауы кесілгелі отырған «Кыргызский филиал партии «Алаш» атты еңбегінде де жақсы көрініс тапқан.

Осындай көрнекті қырғыз қай­рат­кер­лерінің бірі – Жүсіп Әб­ді­рахманов 1920 жылдары Ал­ма­ты қаласында тұрып, қала­лық комитеттің жауапты хатшы­сы, кейіннен Талдықорғанда комитет хатшысы қатарлы лауазым­ды қызметтер атқарды. Осындай қызметтерде жүріп, Ораз Жандо­сов, Тұрар Рысқұлов сынды мемле­кетшіл тұлғалармен бірлесіп, халыққа риясыз еңбек етті.

Сондықтан Жүсіп Әбдірах­ма­новтың Алматы қаласында қыз­мет істеген, тұрған мекенжайын анықтап, ескерткіш тақта ор­на­ту, сонымен бірге еліміздегі көше­лердің біріне ер есімін беру қажет деп есептеймін. Бұл Алаш зиялыларына көрсетілген зор құрмет әрі екі елдің рухани байланысын нығайтатын игі шара болары анық.

Алаштың тағы бір қайраткері, ағар­тушы, ақын – Қасым Тыныс­танов та біз үшін айрықша қадір­лі. Қасым ақынның Мағ­жан шығар­маларынан нәр алған дауыл­паз жырлары мен ғажайып прозалары қажыған халыққа рухани дем беріп, тың серпін сыйлады.

Қасым Тыныстанов ұлт ұста­­зы Ахмет Байтұрсыновтармен мұ­рат­тас болып, 1926 жылы Баку­дегі I түркологиялық съезге қатыс­қа­ны белгілі. Ағартушы ғалым осы рухани байланыс нәтижесінде қырғыз әліпбиінің негізін қалады.

Ал қырғыз халқының фольклор­лық мұрасы – «Манас» дастанын жинақтап, Әуезовтермен бірге Бішкектегі тұңғыш Бүкілодақтық конференцияда манастану мәселе­сін көтеруі түркі мирасына жасаған үлкен қамқорлығы деп білеміз.

Мінеки, бүгін қызметін қазақ баспа­сөзінде бастап, Мағжанға еліктеп қазақша өлеңдер жазған ақынның 1925 жылы қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көрген «Қасым жырлары» жинағы Халық­аралық Түркі академиясы тарапынан түрік тіліне аударылып, факсимилесімен қатар жария­ланып отыр, деді Қырымбек Көшербаев.

Өз кезегінде Қырғыз Республи­касының Мемлекеттік хатшысы Сүйүнбек Касмам­бетов қонақ­жай қабылдауға алғыс айтып, та­ғы­лым­ды шараның бауырлас ха­лық­­тардың бекем достығының ай­қын көрінісі екенін кеңінен толғады.

Жиында сөз алған Қырғыз елінің көрнекті қайраткері Қалы­бек Иманалиев қазақ пен қырғыз­дың бір ел, екі мемлекет екенін еске салып, бұған қос хатшының дос хатшы болып отырғаны айғақ екенін атап айтты.

Конференцияда танымал та­рих­шы ға­лымдар ХХ ғасыр басындағы қазақ-қырғыз зиялылары туралы ғылыми жаңалықтармен бөлісті. Сондай-ақ Ха­лық­ара­лық Түркі академиясы жа­рық­қа шығарған белгілі мемлекет және қо­ғам қайрат­кері, танымал ғалым З.Курма­нов­тың «Кыргыз­ский филиал партии «Алаш»: создание, деятельность, судь­ба» кітабы, ағартушы ға­лым, ақын Қ.Ты­ныстановтың 1925 жылы қазақ және қырғыз тілдерінде жарық көрген «Қасым жырлары» кітабының түрік тіліндегі аудармасы таныстырылды.

Жиынды қорытындылаған Қа­зақ­стан Республикасының Мем­ле­кеттік хатшысы Қырымбек Көшер­баев: «Шоқан мен Мұхтар, Жамбыл мен Кенендер қырғызға қалай ортақ болса, қазақ халқы да Тоқтағұл мен Шыңғысты, Жүсіп пен Қасымды өз ұлындай тең көреді. Сондықтан қазақ-қырғызға ортақ Жамбыл мен Алаш қайраткерлеріне арналған бүгінгі салтанатты жиын екі ел­дің рухани байланысын биік белеске көтерген игі бастама деп есеп­теймін», деді.

 АЛМАТЫ