Отызыншы жылдары «Халық жауы» деп айыпталғандардың көбі керісінше, халықтың бостандығы үшін құрбан болғаны мәлім болды. Қалай дегенмен, тағдырға түскен таңбаны өшіру оңайға соқпас. Жуықта редакциямызға «атамды ақтағым келеді» деп Тарбағатай ауданы, Тұғыл ауылының тұрғыны Альмира Құрманбекқызы хабарласқан.
Атасы Әмірғали Жаманов 1930 жылы Зайсан ауданы, Майқапшағай кеден бекетінде жазықсыз атылып кеткен екен. Шежіреден тарқатсақ, Найманның Мұрынынан тараған ағайынды Еден мен Бөден ертеде Ақсуат өңіріндегі жайылымға сыймай Зайсанға көшіпті. Зайсан жайлы жер болса керек, Еденнің ұлы Әмірғалиға мал бітіп, үйір-үйір жылқы өсіріпті.
– Әмірғали атамыз туралы әкем жиі айтып отыратын. Алты әйелі болған десетін. Ең кіші тоқалы Динадан Жұмаш және менің әкем Құрманбек туыпты. Жұмаш атаның ұлдары Қабанбай ауылында тұрады. Әлі көз алдымда, апам 1970 жылы, мен 3-сынып оқып жүргенде қайтыс болды. Атам Әмірғали Жаманов 1888 жылы туып, 1930 жылы 42 жасында «халық жауы» деген жаламен атылған. Себебін сұрасақ, біріншіден қытай тілін білген. Содан өкімет «қытайдың тілісің» деп айыптаған екен. Екіншіден, бай болған. Атам атылған жылы әкем Құрманбек қырқынан да шықпапты. Құрбан айтта туған соң есімін жарықтық әкесі өзі қойыпты, – дейді Альмира Құрманбекқызы.
Ол ескілеу фотосуретті қолыма ұстатты.
Әкесінің бейнесі бар суретті Құрманбек ақсақал ешкімге көрсетпей, көзінің қарашығындай сақтап келген. Рәсімдегі азаматтардың ішінде Әмірғали Жаманов пен оның інісі Хамза да бар. Айтуынша, суреттегі ер азаматтардың он тоғызы түгел атылыпты. Аман қалғаны Хамза аталары ғана (жасы он сегізде болған соң аман қалса керек).
– Фотода тымақ киіп отырған Әмірғали атам. Оның қасындағы ақ гвардиялық офицердің ұлы Сергей. Атылғандардың бәрі Зайсанда тұрған көрінеді. Мынау суретті газетке шығарсаңдар, мүмкін зайсандық оқырмандардың бірі аталарын танып қалып, оларды ақтап алуға бірге кірісерміз, – деп тілегін білдірді Альмира Құрманбекқызы.
Әмірғали Жаманов атылып кеткен соң бала-шағасын інісі Хамза тәрбиелеп өсірген. Ол түзеу-еңбек лагерінен келген соң Ертіске қорықшы болып орналасып, өмір бойы сонда жұмыс істеген. НКВД «халық жауының» ұрпақтарына іздеу салған жылдары ағасынан қалған Жұмаш пен Құрманбекті «өз балаларым» деп атына жаздырып алған. Хамзаның өз кіндігінен тараған ұрпақ болмаған. Өмірдің ыстық-суығын басынан өткізген ол 1968 жылдың қысында аттан құлап, мұз үстінде екі сағаттай жатып қалған. Содан оңалмаған. Асқазанына ас батпай, бірнеше ай төсек тартып, дүниеден өткен.
– 1968 жылы Хамза атам Көкжыра ауылында ауырып жатты. Мен Зайсаннан атама газдалған су тасыдым. Асқа зауқы соқпаған соң газды су ғана ішетін. Апам таңертең автобусқа отырғызып жібереді. Зайсанның автобекетінің жанындағы дүңгіршектен газды суымды алып барамын. Сол автобуспен кері қайтамын. Бірінші сынып бітірген кезім, – дейді Альмира Құрманбекқызы балалық шағын еске алып.
Әмірғали Жаманов ұрпақтарының ендігі арман-тілектері атасын ақтау. Алайда, қолдарында тілдей қағаз жоқ. Істі неден, қалай бастарын білмейді. Бір қуантарлығы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін Мемлекеттік комиссия құрылды. Комиссия солақай саясаттан жапа шеккен қазақстандықтарға қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіруге тиіс. Бұл – мемлекеттің ғана міндеті емес, бүкіл қоғамның парызы» деген еді. Ендеше, әділдік орнау үшін қоғам болып жұмыс істеуіміз керек. Жазықсыз айып тағылғандары ақталуы тиіс.
Шығыс Қазақстан облысы,
Тарбағатай ауданы