Екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы Сауль «Канело» Альварестің жаттықтырушысы Эдди Рейноса шәкіртінің бірінші ауыр салмақта әлем чемпионын жеңетініне сенімді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Бір жылдан астам уақыт аралығында Саульдің қарсыласы болуы мүмкін боксшылардың шама-шарқын байқап көрдік. Олардың қатарында бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі WBC чемпионы Илунго Макабу да бар. Біз бірінші кезекте екінші орта салмақ дәрежесінде әлемнің абсолютті чемпионы атағын жеңіп алуды мақсат тұтқандықтан, бұған дейін Макабу туралы ештеңе айтқан жоқпыз. Алайда Макабумен шайқас туралы бұрыннан ойлап жүргендіктен, тәуекелге бел буғанды жөн көрдік. Саульдің боксшы ретіндегі шеберлігі, техникасы, интеллектісі жоғары екенін ескеріп, бұл жекпе-жекте жеңіске жететіндігімізге бек сенімдіміз.
Салмақ дәрежесіндегі айырмашылыққа қарап-ақ бұл «Канелоның» өміріндегі ең үлкен жекпе-жек деп айтуға болады. Бірінші ауыр салмақта бір жекпе-жек өткізгеннен кейін екінші орта салмаққа қайта ораламыз. Сондықтан да «Канело» Макабуге қарсы 83-85 кило салмақпен рингке көтеріледі. Сауль алғаш әлем чемпионы атанғанда оның төрт салмақта топ жаратынына ешкім сенген жоқ. Біз үлкен сынақтардан қашпаймыз. Сондықтан да бесінші салмақта чемпион атануға ниеттіміз. Біздің өмірлік философиямыз – үлкен жекпе-жектерден қашпау», деді бапкер өз ойын қорытып.