• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 08 Желтоқсан, 2021

Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Қызылорда облысында болды

225 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қызылорда облысында болып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мәулен Әшімбаев облыс тұрғындары алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның өткен кезеңдегі негізгі жетістіктеріне тоқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тәуелсіздік жылдарында біздің мемлекеттілігіміз толық қалыптасты. Іргеміз бекіп, шекарамыз біржола шегенделді. Мемлекеттік институттардың берік негізі қаланды. Ескірген жоспарлы экономикадан уақыт талабына сай жаңа экономикалық модельге көштік және оны нығайта түстік», деді Сенат Төрағасы.

Ол сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтың толыққанды және ықпалды мүшесіне айналғанын атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында еліміздің орталығында мүлдем жаңа – Нұр-Сұлтан қаласы салынды. Елорданың салынуы еліміздің бүкіл экономикасы мен өңірлердің дамуына серпінді әсер етті. Мәулен Әшімбаев осы жылдар ішінде Қызылорда облысы да қарқынды дамып, қазір маңызды индустриялық және аграрлық өңірге айналғанын тілге тиек етті. Сенат Төрағасы Арал проблемасын шешу мәселесіне де назар аударды.

«Тек Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана Арал проблемасына шынайы мән беріле бастады. Тұңғыш Президентіміздің ұсынысымен «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы қолға алынды. Осының нәтижесінде Солтүстік Аралдың арнасы толып, көптеген биологиялық түрлер қалпына келгені бәріміз үшін үлкен қуаныш», деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда саяси, әлеуметтік және экономикалық реформалардың жаңа кезеңі басталғанын айтты.

«Президентіміздің тапсырмасы бойынша мемлекеттік басқару саласында жүйелі реформалар жүзеге асуда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасы негізгі қағидаға айналды. Жергілікті өкілді және атқарушы биліктің дербестігін арттыру үшін маңызды қадамдар жасалды. Биыл тұңғыш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Бұл өзгеріс халықтың жергілікті билікті жасақтауға тікелей ықпал етуіне жол ашты», деді Сенат Төрағасы.

Мәулен Әшімбаев сондай-ақ ел Президентінің өңірлерді дамытуға ерекше назар аударып отырғанын айтты. Мемлекет басшысы биылғы қазан айында 10 ұлттық жобаны бекіткен болатын. Олардың қатарында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» арнайы жобасы да бар.

«Бес жыл ішінде Өңірлерді дамыту бойынша ұлттық жобаны іске асыруға айтарлықтай қаражат бөлінеді деп жоспарлануда. Еліміздің «ішкі байланысын» күшейту міндеті жүктеліп отыр. Ішкі көлік желісін дамыту үшін республикалық маңызы бар және жергілікті маңызға ие жолдар салынып, қайта жаңғыртылады. Бұл Сыр елінің көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыра түсетіні сөзсіз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Салтанатты шара барысында Сенат Төрағасы ел Президентінің атынан еліміздің және өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан қызылордалықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Өңірге сапары барысында Мәулен Әшімбаев Қызылорда қаласында табақ шыны өндіру және өңдеу зауытын іске қосу рәсіміне қатысты. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылған бұл кәсіпорынның өңір үшін маңызы зор әрі аймақ экономикасына оң әсер етуге тиіс.

«Жергілікті шикізаттың 90 пайызы шыны өндірісінде пайдаланылады. Сода күлі шыны құнының 80 пайызын құрайтын негізгі бөлік. Сондықтан Арал қаласында салынатын сода зауыты кәсіпорынның басты жабдықтаушысы болады. Шыны зауыты толық қуатымен жұмыс істеген кезде 226 жаңа жұмыс орны ашылады, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны іске қосылады, біз бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық береміз», деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Мәулен Әшімбаев сонымен қатар, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған 50 пәтерлі тұрғын үйдің кілтін тапсыру рәсіміне және спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуына қатысты.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығы – еліміз үшін маңызды меже, айтулы белес. Қазақстан бұл кезеңге ірі жетістіктермен жетіп отыр. Ал, ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Біз әрдайым Тәуелсіздігімізді сақтауға, қорғауға және нығайтуға күш салуымыз қажет. Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Осы бағытта бәріміз жұмылып, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін», деген Мәулен Әшімбаев қызылордалықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, оларға бақ-береке тіледі.