Атырау облысында тұрақты эпидемиологиялық ахуалды сақтау мақсатында мереке күндері қарсаңында көпшілік іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. Бұл туралы бүгін, 8 желтоқсанда Атырау облысының бас мемлекеттік санитар дәрігері Мәдениет Танауов қол қойған жаңа қаулыда айтылған, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Барлық меншік түріндегі ұйымдарға, кәсіпорындарға, мектеп және мектепке дейінгі мекемелерге, орта және жоғары білім беру ұйымдарына көпшілік іс-шаралар (ертеңгіліктер, мәдени, тәрбиелік, сыныптан тыс және ата-аналар жиналыстарын және т.б.) өткізуге тыйым салынсын», делінген құжатта.
Аshyq жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметіне қызметкерлер мен келушілерде қауіпсіз «жасыл» мәртебе болған жағдайда (вакцинация, сынама алған кезден бастап 7 тәуліктен аспайтын теріс нәтижесі бар ПТР тест, тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, соңғы 3 ай ішінде ауырып жазылған адамдар) рұқсат етіліп отыр.
Сондай-ақ сауда, ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлерінің қызметіне де осындай талап қойылған. Жаңа қаулы 2021 жылғы 10 желтоқсанда сағат 00:00-ден бастап күшіне енеді.