Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жақында «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында: «Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды.
Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды» деді.
Осы орайда айтпағымыз, Елбасының мақаласында атап өтілген ежелгі бабаларымыз сақ пен ғұн дәуірі қазіргі тәуелсіз Қазақстанның көне тарихының терең сүрлеуі екені анық. Алаш рухты, жалынды ақын Мағжан Жұмабаев «Пайғамбар» атты жырында: «Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған, Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам, Жүзiмдi де, қысық қара көзiмдi, Туа сала жалынменен мен жуғам» деп толғануы тегін емес. Яғни жоғарыда Елбасы айтқан ғұн дәуірі – көшпенділер мәдениеті ғаламға үстемдік жүргізген, елдік пен ерліктің дәуірі.
Ерте дәуір тарихшысы Арриан Флавий «Өз тарихын жақсы білетін ел ешқашан жеңілмейді» дегеніндей, қазіргі ұрпақ түп-тегін, терең тарихын біліп қана қоймай Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, олардың аласапыран замандарда алақұйын дауылдарға төтеп берген ерлігін өнеге тұтқаны жөн. Шамамен б.з.б. 140 – 86 жылдары өмір сүрген қытай тарихшысы Сыма Цяньның көшпенділер жайлы жазған еңбегінде: «Қорғанға ғұндардың сансыз атты әскері төрт жақтан бірдей шабуыл жасады. Солтүстіктен келе жатқан әскер бәрі бірдей ақбоз атқа мінген, оңтүстіктен келе жатқан әскер бәрі бірдей қарагер атқа мінген, батыс жақтан келе жатқандар түгелдей күрең атқа, шығыс жақтан жақындап келе жатқандар түгелдей ала атқа мінген» дейді. Осылайша, төрт тараптан құйылған аттардың төрт түсті болуының аржағында керемет дамыған жылқы шаруашылығы мен мәдениеті, сонымен қатар биологиялық будандастыру ілімі жатқанын бағамдай беріңіз.
Одан кейін «Ғұн империясының негізін қалап, аса қуатты көшпенді мемлекетке айналдырған адам Мөде қаған» дейді бүгінгі тарихшылар. Бұл тұлға біздің жыл санауымызға дейінгі 228-174 жылдары өмір сүрген. Әкесі Тұман көшпенді 24 тайпаның басын біріктіріп, ірі ұлыстың іргесін қалаған. Ал 18 жасында қағандық билік қолына тиген Мөде ұлыстың қос өкпесіне инедей қадалған Юэчжи және Дунхудың соққысынан әбден зәрезап болған бұқараның еңсесін көтеріп, ұзақ уақыт жұрттың бойына сіңіп қалған қорқынышты арылтады.
Қалай дейсіз бе? Айталық, ертедегі сахабалардың «естідік де, бойұсындық» дегені сияқты қол астындағы сарбаздарын атқан оқтай, шапқан аттай етіп тәрбиеледі. Қаған не істесе, жауынгерлері бұлжытпай орындайтын тәртіп орнатты. Бірде қаған жортуылдан келе жатып орданың белдеуінде байлаулы тұрған өзінің сүйікті арғымағын дәлдеп ысқырық оқ атады. Басқа сарбаздарда еш ойланбай қағанның ісін қайталайды. Кейбір жаны жұмсақ жігіттер сүліктей ақбозға жүрегі жібіп жебе тартпаған екен. Бұйрықты орындамағаны үшін бұлардың дереу басы шабылады. Сөйтіп, барлық қосынның жебесі қаған көздеген нысанадан ауытқымайтын болады.
Танымал тарихшы Қойшығара Салғараұлы ғұндар билеушісі Мөде қаған жайлы мынадай оқиға жазыпты. – Бірде, – дейді жазушы ағамыз. – Көрші Дунхулар ғұндарды соғысқа шырғалап елтөресі Мөдеге елші жіберіп «айдай сұлу жас әйелін берсін» дейді. Қаған «көрші ақысы, тәңір хақысы» деп айдай ару әйелін жасау-жабдығымен аттандырып салады. Бұны көрген сақа сардарлар «ынжық неме» деп ашуланады. Кешікпей Дунху жақтан тағы елші келеді. Бұл жолы олар қағанның күніне мың шақырым жол басатын боз арғымағын сұрай келеді. Мөде бір сөзге келмей тұлпарын жетектетіп жіберді. Қолбасы-тұтықтар бұны да құп көрмей ашуланады. Арада тағы бірнеше уақыт өткенде Дунху елшілері үшінші дүркін келеді. Екі асап үйреніп қалған олар елдің шетінде иесіз жатқан шөлді алқапты сұрайды. Мөде барлық батырын жинап, мәселені ортаға салады. Олар «қу медиен даланы қайтеміз, берейік» дейді. Сонда Мөде: «Уа, халайық, сендер айдай сұлу әйелім мен боз атымды бергенде ашуландыңдар. Аруды табатын қатын, арғымақты табатын бие бар. Ал жерді табатын кімің бар» дейді. Содан дереу қол бастап барып Дунхулардан тұяқ қалдырмай шабады.
Жоғарыдағы оқиғадан біз аталарымыз бір тілім жер үшін жанқиярлық жасап, Ұлы даланы ұрпағына аман-есен аманаттағанын аңғарамыз. Аманатқа адал болайық, ағайын!