• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Спорт 14 Желтоқсан, 2021

Талғарда балғын балуандар белдесті

404 рет
көрсетілді

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай Алматының іргесінде орналасқан Талғар қаласында қазақ күресінен әлем және Азия чемпионатының жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Еркін Сайдақовтың жүлдесіне арналған жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті.

Аталған жарысқа еліміздің 11 облысынан келген барлығы 25 команда қатысты. Ашылу салтанатында Талғар аудандық спорт басқармасының басшысы Аманжол Нұғманов, Абай атындағы ҚАЗҰПУ өнер және мәдениет институтының директоры Тоққожа Мұқажанұлы, грек-рим күресінен КСРО және әлем чемпионы Нұртан Жұмабеков, №2 балалар спорт мектебінің директоры Айгүл Оралбекқызы бастаған қадірлі қонақтар құттықтау сөздерін айтып, балғын балуандарға сәттілік тіледі. Құрметті қонақтар қатарында Еркіннің ата-анасы Мұқаш Сайдақов пен Гүлсара Мұқанова және ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев та болып, барша спортшыларға ізгі тілектерін білдірді.

Екі күнге созылған жарыс барысында балуандар 10 салмақ дәрежесі бойынша түрлі-түсті медальдарды сарапқа салды. Жалпы командалық есепте Шымкент қаласының өкілдері бірінші орын алса, екінші орынға Қызылорда облысының спортшылары табан тіреді. Ал үздік үштікті Алматы қаласы қорытындылады. Жарыс жеңімпаздары арнайы дипломдар, кубоктар  және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Жарыстың бас төрешісі Ерлан Иманғалиевтің айтуынша, мұндай дүбірлі додалар жиі ұйымдастырылып тұрса игі. Өйткені, осындай жарыстар арқылы жас балуандардың шеберлігі артып, психологиялық тұрғыдан да шыңдала түседі.