Халқымыздың басты байлығы Тәуелсіздік екенін жиі айтады Елбасы. «Тәуелсіздікке қол жеткізу бар да, оны уыстан шығармай ұстап тұру – одан да маңызды» деуден жалықпай келеді. Әрине, бұл қанша қайталап айтса да, дәмі кетпейтін сөз. Азаттық алғанға дейін қазақ даласында ел мен жер үшін болған кез келген күрес Тәуелсіздіктің қадірін білуге жетелейді. Ұлттық намысқа жан бітіреді.
Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша, төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «Мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық. Тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айырылған халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Дегенмен, соның бәрі халқымыздың рухын жасыта алған жоқ, азаттыққа деген аңсарын жеңе алмады», дейді Нұрсұлтан Назарбаев. Шынында, Алаш азаттық алғанға дейін қазақ баласының бостандық жолындағы күресі бір сәтке де толастамағанын тарихтан білеміз.
Тұран даласындағы Тараз қаласының 2000 жылдық тарихы болса, сақ, түркіден бері осы жерден орын суытпаған елдің де тәуелсіздік үшін күресінің 2000 жылдық тарихы тұр деген сөз. «Алаш Алаш болғалы, Алаша хан болғалы» тәуелсіздік үшін жүрген күрес ендігі уақытта да тоқтамайды. «Мың өліп, мың тірілген» елдің енді өлуге қақы жоқ. Мұны түсінсек, әрбіріміз шаһид болуға тиіспіз, ұлттың тәуелсіздігі жолында. Ол үшін, әрине, әуелі тарихқа, ертедегі бабалар рухына сүйенеміз. Алысқа бармай-ақ, мысалды Доспамбеттен тартса да жеткілікті.
«Тоғай, тоғай, тоғай су,
Тоғай қондым, өкінбен.
Толғамалы ала балта
қолға алып,
Топ бастадым, өкінбен.
Туған айдай нұрланып,
Дулыға кидім, өкінбен.
Тобыршығы биік жай салып,
Дұшпан аттым, өкінбен.
Тоғынды сарты нар жегіп,
Көш түзедім, өкінбен.
Ту құйрығы бір тұтам
Тұлпар міндім, өкінбен.
Зерлі орындық үстінде,
Ақ шымылдық ішінде,
Тұлымшағын төгілтіп,
Ару сүйдім, өкінбен.
Бұрын-соңды өкінбен,
Өкінбестей болғанмын.
Ер Мамайдың алдында
Шаһид кештім, өкінбен!».
Шалкиіз, Ақтамберді, Махамбет – бәрінде осылай. Елдің, жұрттың азаттық жолындағы күресін айтады және қалай кеңінен толғайды? Елдік орнамаған жерде, ерлік жасамаған кезде азаттық болмайтынынан хабар береді. Басқасы басқа, халқының азаттығы үшін шыбын жан құрбан, шаһид кешуге болады екен. Доспамбет жырау айтқан бұл сөз түбі бір түркі халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталған. Өткен жылы әзербайжандықтар Қарабақ үшін қақтығыста қаза тапқандарды жер қойнына шаһид деп тапсырды. Олар Тәуелсіздік үшін соғыста қаза тапқандарды ертеден шаһид деп атайды.
Біздің ұлттық таным мен рухтың, азаттық туралы пайымымыздың күретамыры – сонау Күлтегін ескерткішіндегі жазулардан бастау алатын, керек болса Шыңғыс хан заңдар жинағынан тамыр тартатын «Бес ғасыр жырлайды» кітабындағы жыраулар поэзиясында.
Қазақ ұлтының даралық сипаты мен жұлын-жүйесі сонда тұр. Ең бастысы, еркіндік пен азаттық туралы ойы мен ұлттық танымы айқын көрінеді. Мемлекет, ұлт болудың алтын діңгегіне апаратын ойлармен көмкерілген алтын кітап – қазақ тарихының рухын әйгілейді. Тағы да сол Доспамбет: «Оқ қылқандай шаншылса, қан жусандай егілсе, аққан судай төгілсе, бетегелі Сарыарқаның бойында соғысып өлгенге өкінбейді». Мұның бәрі жай тарих емес, тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы күреске толы қастерлі тарих.
Құлдық психологиядан халықты құтқарудың бірден-бір жолы – тарихи сананы ояту. Отарлаушылардың ығымен жазылған «тарих» емес, тәуелсіз көзқараста таңбаланған шын тарих салтанат құрарға керек. Демек азат ел тарихын өзі жазбаса, кім көрінгеннің жазып бергені ұрпақты құлдыққа тәрбиелейді. Тәуелсіздік жылдарында қолға алынған «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламаларының мәні мен маңызы осындайда білінеді.
Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерінен» кейін біздің жата-жастана оқығанымыз Мұхтар Мағауиннің «Қазақ тарихының әліппесі» атты деректі толғамы. 1993 жылы жарық көріпті. Қазақ аспанын басып тұрған түнекті серпіп ашқан найзағайдай әсерге бөлейді бұл еңбек. «Кеше ғана Көк Ордада тежеусіз билік құрған Орыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек сұлтандар Әбілқайыр билігінен бас тартады да, соңына ерген барлық жұртымен түп көтеріле көшіп, Қозыбасы дейтін байтақ қоныс пен Шу өзенінің бойында дербес хандықтың туын көтереді. 1465-1470 жылдар – хандықтың құрылған емес, нығайған уақыты, халықтың өз тәуелсіздігін жариялаған емес, көрші жұрттарға біржола танылған мезгілі» дейді жазушы. Осы сарындас деректі тарихшы Жамбыл Артықбаев та айтады. Керей мен Жәнібек сұлтандар 1420 және 1430 жылдары көрші жұрттармен еларалық келіссөз жасасқаны туралы деректер қытай жазбаларында да кездесетін көрінеді. Біз оны 1456 жылға апарып тіреп қоямыз.
Осыдан бастап Қазақ ордасының бейбіт, мамыражай отырған кезі аз. Үнемі шапқыншылық, үнемі ұрыс. Бір сәтке де толас таппаған, сөйте отыра жерін кеңітіп, малына мал, жанына жан қосқан қайсар да қуатты халықты көреміз. Әсіресе Жәнібектің ұлы Қасым хан тұсындағы Қазақ ордасының қуаты. Қазақтарға қарсы Әбілқайырдың немересі Мұхамед Шайбанидің жоспарлы жорықтары. Айтарлықтай шығынға ұшыратып, ойсыратып шауып та алған тұстары жетерлік. Бірақ табиғатынан мықты, бірлігі бекем ел қыңбайды. Сол кезде, ХVІ ғасырдың басында Шайбани әскерімен жүрген, «Михман-нама-и-Бұхара» дейтін атақты тарихи кітап жазған ғұлама Фазлаллах ибн Рузбехан: «Бұл қазақтар – өздерінің қайтпас ерлігімен де, қуат-күшімен де бүкіл әлемге танылған халық. Егер қазақтар рулы елімен бас құрап, ту көтеріп, уақытында шеп түзей алса, олар ешбір жауға дес бермейді», деген. «Қайрат пен ақыл жол табар, қашқанға да, қуғанға», демей ме хакім Абай. Демек өз алдына Тәуелсіз ел атанған Қазақ ордасының күш-қуаты мен ел басындағы хан-сұлтандардың парасат-пайымы бір арнада тоғысып отырған. Жалғыз қажыр-қайрат қайда апарады әйтпесе? Үнемі күшке салып, үстем шығам деу – ақымақтың ісі. Осы тұрғыдан келгенде, қажыр мен қуатты, қонған бақты ұстап тұратын ақыл керегі әмбеге аян. Бабаларымыз бұл үдеден шыға білген. Оның үстіне қазақ даласы – бұрынғы Дәштінің, Алтын Орданың орталығы.
Қазақ хандығының Орта Азиядағы әлеуеті біз оқып-біліп келгеннен әлдеқайда жоғары, анағұрлым күшті. Тәуелсіздік таңымен бірге тебіндеген тарихта айбынды әрі қаһарлы ұлыс деңгейінде болғанын аңғарамыз. Әсіресе Қасым, Хақназар, Тәуекел, Есім, Салқам Жәңгір хандар тұстарындағы Қазақ хандығы – Орта Азиядағы ең қуатты мемлекет есебінде. Дербес ел болып, хандық құрған 400 жылдық тарихында соғыссыз өткен заманы жоқ. Ылғи жерін жаудан қорумен, іргесін бекітумен жорықта жүрген. Салқам Жәңгірден кейінгі әз Тәуке кезінде ғана 30 жылға жуық бейбіт заман орнағаны айтылады. Басқа уақытта бабаларымыз аттан түспеген.
О баста берекесі қашқан Әбілқайыр хандығынан бөліне көшіп «қазақ кетсе», мінез-құлқы, салт-дәстүрі бір халық бостандықта, қалауларынша өмір сүргісі келгені. Ақыры соған жетті. Ұлт, ұлыс деңгейінде ұйыса білген қазақ. Сол кездегі Қазақ хандығын маңайдағы көршілес елдер ғана емес, Орта Азиядағы қаншама халық танып, дос сүйініп, дұшпан күйінгендей заман орнаған. Осыған орай Тәуелсіз Қазақ елі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтті. Тәуелсіз Қазақстан жылнамасындағы ең елеулі датаның біріне айналды ол жыл. Ұлттың мерейі асып, даңқы көпке жайылды. Кезі келген соң барымызды бір түгендеп қойды демесеңіз, бұл – Қазақтың берідегі тарихы ғана.
«Алыстан орыс-қытай – ауыр салмақ, жақыннан тыншытпайтын қалың қалмақ. Сол кезде елге қорған хан Абылай, көп жаудың бірін шауып, бірін арбап», деген Мағжанның сөзі – үлкен баға. «Абылай өлген 1781 жылы Алаш жұрты қайтадан бөлшектенеді. Әйткенмен, мемлекеттік жоғалды, ұлттық негіздегі ұлыс жойылды деп айтуға болмайды. Қазақ Ордасы әртүрлі сыпаттағы жеке хандықтар ретінде тағы да жетпіс жылға жуық шаңырақ көтеріп тұрды», дейді Мұхтар Мағауин. Демек аралық Кенесары хан жорығының соңына дейін ұзарады. Елдің басынан бақ тайса да, халық ұзын арқан, кең тұсауда бұрынғы өмір-салтын жоғалта қоймаған. Табиғатынан танбағанын бағамдауға болады. Ал Кенесары хан кеткен соң, Қазақ елінің тарихында бұрын-соңды болмаған сұмдық – еркіндіктен айырылған, езгіге түскен отарлық заман басталғанын айтады тарихшылар. Сөйтсе де, бұғып, құлдыққа мойынсұнбаған. Кеңестік жүйе тырнағын батырып, шеңгелін салған ұжымдастыру кезінің өзінде қазақ даласында ірілі-уақты 400-ге жуық көтеріліс болғаны айтылады. ОГПУ деректерінде 1929 жылы Қазақстанда жалпы саны 350 адамнан тұратын 31 көтерілісшілер отряды болғаны жазылыпты. 1930-1932 жылдары көтерілісшілер 2 мыңға, 1932-1933 жылдары 3,2 мың адамға жеткен. Сонымен қатар бұл кезеңде селолар мен ауылдарда жалпы саны 10 мың адам болған 2 мың «дұшпан топтар» анықталып, 10,4 мың «зиянкестер» тұтқындалыпты. Голощекиннің Сталинге 1931 жылы желтоқсанда жазған хатында Қазақстан аумағындағы 15 ірі көтеріліс көрсетілген.
Заманына сай амалын қылатын уақыт келгенін аңдаған Алаш арыстарының ерлігі тарихқа алтын әріптермен таңбаланды. Заңмен қорғалатын заманаға ХХ ғасырдың басында Алаш зиялылары болып көз тігіп, қанша қырылып, теперіш көрсе де азаттық үшін алған беттен қайтпады қазақ. Желтоқсан болып көтеріліп, ақыры осы күнге жетіппіз. Ал ХХ ғасырдағы зиялылар бастаған саяси-элиталық күрес туралы әңгіме бөлек.