Тәу етер тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге де биыл ордалы 30 жыл толып отыр. Егемен еліміздің осынау үш онжылдықта жүріп өткен жолы мен жылдар жылнамасына үңілген сайын азаттық алған сәттің тұма бастауында тұрған тау тұлғаларды көретініміз анық. Бұл ретте, біз әр жылдары жауапты қызметтерді абыроймен атқарған ардақты азамат, мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімовпен әңгімелескен едік.
– Құрметті Оралбай Әбдікәрімұлы, Елбасының сенімді серігі ретінде мемлекетіміз тәуелсіздік алғалы бері ел үшін қызмет етіп келесіз. Осы орайда, 30 жыл ішіндегі басты жетістіктеріміз жайлы пікіріңізді білгіміз келеді.
– 1985 жылы Қарағандыдан Алматыдағы Орталық партия комитетіне жұмысқа ауысқан едім. Кейін 1989 жылы шілде айында ұйымдастыру бөлімінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарып жүрген кезімде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бірінші хатшы болып сайланды. Арада бірер ай өткен соң, қыркүйекте бөлім меңгерушісі етіп тағайындады. Содан бері Тұңғыш Президентімізбен бірге біраз уақыт қызмет атқардым. Өткенге көз жүгіртсем, заман ауысқан тұста ел тарихына қолдан келген үлесімді қосқанымды аңғарамын. 1991 жылы еліміз егемендік алды. Алайда тәуелсіздік оңай келген жоқ. Осы жолда қаншама баһадүр бабаларымыз қан төкті, еркіндікті аңсады, армандады десеңізші. Білектің күші, найзаның ұшымен ұшқан құстың қанаты талатын, шапқан тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-байтақ далаға иелік етіп қалды. Бірақ қазақ халқының шынайы азаттығы, бостандығы осы 1991 жылдан бастау алады. Өткен үш онжылдықта Қазақстан деп аталатын қайратты мемлекет құра білдік.
Әрине, мемлекет құру оңай іс емес. Ол тұрмақ қарапайым үй тұрғызудың өзі ерен еңбекті, қажыр-қайратты талап етеді. Сол егемендікке қол жеткізу, мемлекет құру бар да, оны сақтап қалу – тіптен күрделі, қиын дүние. Ең алдымен, 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің отырысында «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданды. Мен сол тұста аталған Кеңестің депутаты болатынмын. Бұл құжаттың қабылданғаны қазақ халқы үшін үлкен қуаныш болды. Отандастарымыздың демеуін, патриоттық сезімнің салтанат құрып тұрғанын сезіндім. Жалғыз мен ғана емес, талай замандасым сезінді мұны. Кейін осы Декларацияның негізінде 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң қабылданды. Халықтың қолдауымен Тұңғыш Президентіміз сайланды. Міне, күрделі кезеңнің күрмеуі осылай шешілген болатын.
Содан бергі уақытта ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Ал осынау 30 жыл ішіндегі басты жетістік ретінде ең алдымен мемлекеттік шекарамызды шегендеп алғанымызды айтар едім. Азаттықтың алғашқы күнінен бастап Елбасы осыған айрықша көңіл бөлді. Мәселен, Кеңес Одағының өзінде шешімі табылмаған Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара аумағын айқындап алды. Осының өзі – жемісті де жеңісті жетістік. Тоғызыншы территорияның тұтастығын әлем мойындады. ХХІ ғасырдың өзінде шекарасын шегендей алмай, соңы дау-жанжалға, қақтығысқа ұласып жатқан мемлекеттер жетіп артылады. Елбасының көрегендігі мен іскерлігі мұндай олқылыққа жол берген жоқ. Еліміз – аман, жұртымыз – тыныш.
Елбасы ең алдымен мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтап қалуға, ұлтаралық, дінаралық келісімдерді нығайтуға мән берген болатын. Мақсат халықтың басын біріктіріп, жетістікке жету болатын. Тұңғыш Президентіміз ойға алған осы мақсатын өмірде іс жүзіне асыра алды. Сөйлеген сөздерінде ұдайы осы татулық, бірлік, ынтымақ мәселесін алдыңғы орынға шығарып келеді. Сондықтан еліміз бүгін қандай да бір жетістікке жеткен болса, бұл ең алдымен татулықты ту еткен Елбасының еңбегі дер едім. Одан қалды, Қазақстан деп аталатын егемен ел барын дүние жүзіне мойындатты. «Алдымен – экономика, сонан соң саясат» деген ұтымды қағиданы ұстана отырып, ел экономикасын нарыққа бейімдеуге баса мән берді. Мемлекетті құру оңай болғанымен, оның алдағы бағытын айқындап, халықтың жағдайын жасау қашанда қиын. Соған қарамастан, Елбасының қыруар еңбегінің нәтижесінде тұрғындардың тұрмысы түзеліп, азаматтарымыздың әл-ауқаты арта бастады.
Егемендіктің ең басты нышандары саналатын Елтаңба, Әнұран, Көк Байрағымыз ел еңсесін биіктетті. Елбасы тәуелсіз мемлекет екенімізді айқындап тұрған ел астанасын Есілдің бойына көшіріп, тағдыршешті шешім қабылдай білді. Бұл қадамды өз басым Тұңғыш Президентіміздің ерен ерлігі ретінде бағалаймын. Әрине, ел егемендігінің елең-алаңында бұл бастамаға сенімсіздік танытқандар да табылды. Алайда Нұрсұлтан Назарбаев қасаң қағидалар мен сенімсіздіктің сеңін бұзып, жаңа астана тұрғызды. Жауһардай жарқырап шырайлы шаһар бой көтерді. Елорда ел дамуының қозғаушы күшіне айналды. Тәуелсіздіктің ерен сыйы сол, халық өз астанасының қай жерде орналасатынын өзі шешу мүмкіндігіне ие болды. Жаңа астанамызға асыққан жалынды жастар ұлттық саясатымыздың, экономикамыздың, мәдениетіміздің бойына ыстық қан жүгіртті. Елорда ең алдымен егемен елдің тұрғындары екенімізді ұқтырып, санамызды өзгертті. Сондықтан тәуелсіз ел құру ісінде Елбасының еңбегі ұшан-теңіз. Қандай күрделі, қиын сәттерде болсын халық Нұрсұлтан Назарбаевқа сенім артты. Ол өз кезегінде ұлтымыздың үмітін ақтап, халықтың үдесінен шыға білді. Жаңа Конституциямыз қабылданып, қос палаталы Парламент құрылды, Қарулы Күшіміз жасақталды. Егемен елге қажет бұдан өзге де маңызды қадамдар жасалып, сенімді шешімдер қабылданды. Тәуелсіз ел атану үшін қажет барлық атрибут пен тиісті жағдай жасалды. Тіпті Қазақстан пандемия басталғалы бері вирусқа қарсы вакцина ойлап тапқан санаулы мемлекеттердің бірі болды.
– Тарихты тұлғалар жасайтыны мәлім. Біз Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елге сіңірген еңбегін әділ бағалай алып жүрміз бе?
– Әрине, әділ бағаны әрқашан таразы тарих береді. Оған уақыт керек. Әр адамның өзіндік көзқарасын бар. Отандастарымызға ой бостандығы да, сөз бостандығы да берілген. Тәуелсіздік құрдастарының өзі биыл 30-ға толды. Олардың басым көпшілігі отбасын құрып, ата-ана атанып, өз пікірлерін қалыптастырып үлгерді. Сондықтан Қазақстанда қанша адам болса, сонша пікір болатыны анық. Алайда Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құру ісіндегі ауқымды жұмысын ешкім де жоққа шығара алмайды. 90-шы жылдардың басындағы, ХХ ғасырдың соңындағы, 2008 жылғы дағдарыс жас мемлекетіміздің дамуын тежеп, тұғырынан тайдыра алмады. Міне, сондай қиын-қыстау кезеңдерден Елбасының көрегендігі мен қайраткерлігі Қазақстанды аман алып өтті. Бұл аз десеңіз, Елбасының мемлекет басшылығына келу және одан өз еркімен кету кезінде де өзгеге үлгі болатын даналық пен даралық таныта білді. Бұған бүкіл Қазақ елі куә. Соған қарамастан Тұңғыш Президентіміз салып берген сара жол саяси сабақтастығын үзіп алған жоқ. Зайырлы, демократиялық мемлекет қалыптастыру ісі бүгін де лайықты жалғасын тауып келеді. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік аренада ойып тұрып өз орнын алды. Мемлекет құрушы тұлға ретінде есімі тарихта таңбаланды. Оған ешкім таласа алмайды.
– Жер тағдыры – ел тағдыры. Сіз Сенат Төрағасы лауазымын атқарып тұрған кезде жерді сату мәселесі Парламентте қызу талқыланған болатын. Осы жөнінде айта кетсеңіз?
– Жер дауы қазақ тарихында ықылым замандардан бері болған. Халық жер сатуды Отанды сатумен теңестіреді. Ата-бабаларымыз жаз жайлау, қыс қыстауға көшіп жүрген кездің өзінде жерге қатысты дау-дамайдан арылған жоқ. Алайда мұндай ішкі жанжалдың барлығы билердің, ақсақалдардың арқасында шешімін табатын еді. Ол аз десеңіз, келіспеушіліктер «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» сынды заңдар жиынтығымен реттеліп отырғаны анық. Ал бүгін нарық заманында жер тіптен маңызды мәселеге айналды. Себебі ел экономикасына қаржы құйғысы келетін кез келген кәсіпкер ең алдымен қандай да бір жерге ие болуы керек. Мәселе осыдан туындап, Сенат Төрағасы лауазымын атқарып тұрған кезімде елімізде жер мәселесі көтерілді. Нақтылап айтсам – жер сату мәселесі. Ол кезде Премьер-Министр лауазымын Иманғали Тасмағамбетов атқарып тұрған болатын. Үкімет заң ұсынып, оны талқылау кезінде Сенат қолдады. Алайда Мәжіліс депутаттары дауыс беруге келгенде қарсылық танытты. Мәжіліс қарсы болған заңды Сенат қабылдай алмайтыны анық. Дегенмен біраз уақыт өткен соң заң қолданысқа енді. Жерді 49 жылға жалға беру мәселесі қолдау тапты. Себебі жерді меншік иесі сезінбеген адам ол жерге қаражат құймайды. Міне, еліміздегі жер реформасы осылай басталған болатын.
– Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы жерін шетелдіктерге сату мен жалға беру мәселесіне біржолата нүкте қойды. Бұл шешім ел егемендігі үшін қаншалықты маңызды?
– Бұл өте дұрыс шешім болды. Себебі «жері – кең, халқы – аз» деген алып-қашты әңгіме, ақиқатқа жанаспайтын мәселе өзге мемлекеттер тарапынан қайтсе де көтеріледі. Дүние жүзінде бұған дейін орын алған соғыстардың басым бөлігі жер үшін болды ғой. Сондықтан ел Президентінің бұл қадамын бұрыс деп айта алмаймыз. Ең бастысы, бұл шешімді халық қолдады. Әрине, алуан түрлі пікірталас та болғаны жасырын емес. Ол – заңды. Соған қарамастан ел мен жердің тұтастығын сақтап қала алдық. Бұл да – үлкен жетістік. Ал отандастарымыз жерді жалға алу құқығына ие. Еңбек етемін, жерді игеремін деген кез келген азамат өз ісін бастай алады. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек. Жерасты байлығы мәңгілік емес. Түптің-түбінде ол да сарқылады. Сондықтан жерді тиімді пайдаланып, өнім өндіріп, оны ел игілігіне жұмсай алсақ, болашағымыз баянды болатыны белгілі. Өнімге қашанда сұраныс болады. Бұған мемлекет тарапынан қомақты қолдау да көрсетіледі. Халқымыздың тең жартысына жуығы ауылдық жерлерде тұрып жатқанын ескерсек, келешегіміз де осы ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланыста болатынын аңғара аламыз. Сол үшін де өз өнімімізді өзіміз өндіріп, артылғанын экспортқа шығарып жатсақ, одан ешқашан ұтылмаймыз. Мүмкіндігіміз мол.
– Елімізде заң шығару, оны қабылдау кездерінде қазақтың мәдениеті мен менталитеті, рухани болмысы ескеріле ме?
– Жылдар жылжыған сайын осы мәселеге көп көңіл бөлініп келеді. Әрине, экономикаға қатысты қабылданатын заңдарда рухани мәселелер ескерілмеуі мүмкін. Алайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұлттық құндылықтарымызға, рухани болмысымызға қатысты ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл бағдарламалық мақала заң шығару кезінде ұлттық мәселелерге, халықтың мүддесіне мән беруге сенімді серпін болды. Рухани құндылықтарымызды сақтап қалу мен дамыту мәселесі күн тәртібінен түскен жоқ.
– Мемлекеттік хатшы лауазымын атқарып тұрған кезіңізде «Билік қазақ тілінде сөйлеуі керек» деп айтқан екенсіз. Егемен еліміздің бүгінгі мемлекеттік қызметшілері сіз айтқан үдеден шыға алды ма?
– Кезінде Сәкен Сейфуллин Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы лауазымын атқарып тұрғанда барлық мемлекеттік орган мемлекеттік тілде сөйлесін деген шешім қабылдаған еді. Содан бері ғасырға жуық уақыт өтті. Алайда сол кездегі мәселе әлі де шешілмей келе жатыр. Әрине, ел егемендігінің елең-алаңындағыдай емес, өткен 30 жылда қандай да бір дамудың болғаны белгілі. Алайда кейбір қаракөз депутаттарымыздың өзі сауалын орыс тілінде жолдап отырады. Өкініштісі, осы бір олқылықтың орнын толтыра алмай, өзге тілден арыла алмай келеміз. Қарап тұрып қарның ашады. Соған қарамастан депутаттардың арасында қазақ тілін жетік меңгерген өзге этнос өкілдері де бар. Үкімет жиындарды тек қазақ тілінде өткізеді. Бұның өзі – үлкен жетістік. Сең қозғалғанын осыдан-ақ байқауға болады. Енді қосымша ынталандыру ретінде қандай да бір тұлғаны қызметке тағайындау, депутаттыққа ұсыну кезінде оның мемлекеттік тілді білуі басты талапқа айналып, бірінші орынға шығуы керек. Қазақша сөйлейтін өзге этностар өкілдеріне қолдау көрсетуіміз қажет. Отандастарымыз мемлекеттік тілді білу – «әлеуметтік лифтіде» жоғарылауы, өз болашағы үшін қажет екенін түйсінуге тиіс. Бұл ретте, ең үлкен үлгіні мемлекеттік органдарда қызмет ететін тұлғалар көрсетуі керек. Ең бастысы – ынта мен ықылас. Осы екеуі болса, тілді үйренудің өзі түкке тұрмайды.
– Тәуелсіздіктің отыз жылында дүние жүзіне тарыдай шашылған қандастарымызды қайтаруға қатысты қыруар шаруа атқарылды. Депутат кезіңізде де осы мәселені жиі көтердіңіз. Кейінгі кезде оларды елге әкелу ісі саябырсып қалған сияқты. Бұған не себеп болып отыр?
– Кезінде Президент пен Үкімет аппараты бір еді. Сол тұста бөлім меңгерушісі қызметін атқардым. Міне, осы кезде Моңғолияға сапарлаған еңбек мигранттары жөніндегі комиссияның мүшесі болдым. Мақсат қандастарымызды қазақ жеріне көшіру болатын. Алдымен Баян-Өлгей аймағына барып, жергілікті қазақтармен жүздестік. Хал-жағдайларын сұрап, атажұртқа ат басын бұрғысы келетіндерді іздедік. Әрине, атамекенге көшіп келгісі келетіндер саны көп болды. Содан соң Ұланбатырға барып, ел президентімен кездестік. Бірқатар келіссөз жүргіздік. Сол кезде еңбек мигранттарының алғашқы толқыны қазақ жеріне көш түзеді. Ауыр техника, ұшақ жіберіп, қандастарымыздың дүние-мүлкін көшірісуге қолұшын создық. «Нұрлы көш» бағдарламасы осылай басталған бола- тын.
Елге келген қандастарымызға ең алдымен тіл мәселесі кедергі болды. Олар орыс тілін білмеді. Сол тұста жазушы Төлен Әбдік қандастарымыздың орыс тілін білмеуінен жұмыссыз жүргені, жұмысы болғанның өзінде төменгі лауазымдарды атқаратыны туралы жазған еді. Бүгінде мұндай кедергі жоқтың қасы. Бұдан соң, елге қандас мамандарды шақыру туралы да шешім қабылданған болатын. Бұл қадам қаракөздеріміздің жұмысқа жылдам орналасып кетуіне септігін тигізді. Осындай да бір толқын болған еді.
Жуырда Аршалы ауданында қандастарымызға арнап 1200 отбасына негізделген ауыл тұрғызып жатыр деп естідім. Бұл да игі қадам дер едім. Бүгінде ішкі көші-қон саясаты оңтүстіктегі халықты солтүстік өңірге көшіруді көздейтіні белгілі. Соның өзінде жергілікті органдар көшіп келушілерге сапасыз үй ұсынып жатқанын жиі естиміз. Бұл дұрыс емес. Халықты ынталандыру үшін ең алдымен жақсы жағдай жасау қажет. Әлемде тарихи отанына қандастарын шақырған санаулы мемлекеттердің біріміз деп мақтанамыз. Алайда шекара асып келген қандастарымыздың құжатын жөндеуге келгенде салғырттық танытатынымыз бар. Созбаққа салып, ұзатып жіберген мысалдар аз емес. Айлап, жылдап құжатын түгендей алмай жүргендер де бар. Тағдырдың тәлкегімен өзбек болып жазылып, кейін қазақ екенін дәлелдей алмай жүрген қандастарымыз да көп. Бәлкім, бұл мәселеде оңтайландыру жұмысын қолға алған дұрыс болар ма еді. Көрікті көшті саябырсытып тұрған да осы бюрократиялық кедергілер. Біз осыдан арылуымыз керек. Қандастарға жылы жүзбен қарап, қолымыздан келгенше көмектесу қажет. Олар – еліміздің, ұлтымыздың болашағы. Қандастарымыздың патриоттық сезімі жергілікті тұрғындардан артық болмаса, бір мысқал кем емес.
– Ел іргесін бүтіндеу ісі бір сәтке де саябырсымайтыны анық. Әсіресе сіз секілді аға буынның ақыл-кеңесі жастар үшін ауадай қажет. Бүгінде елдің рухын аспандатып, халқымыздың болмысын жаңғырту жолында қандай жұмыс атқарып жүрсіз?
– Амандық болса, алдағы 2-3 жылда сексеннің сеңгірінен көрінемін. Соған қарамастан бүгінде 2 қоғамдық ұйымды басқарамын. Соның бірі – «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестіктері мен аңшылық шаруашылығы субъектілерінің республикалық қауымдастығы. Қауымдастық елімізде 2013 жылы құрылды. Осы қызметте жүріп ұлттық құндылықтарымызды түгендеп келемін. Әсіресе қазақ халқы ғана өсірген тазы мен төбетті қорғау, сақтап қалу мәселесіне баса мән беріп жүрген жайым бар. Оларды халықаралық ұйымдарда тіркеу жөнінде бастама көтеріп жүрмін. Мәселен, 1958 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігі шешім қабылдап, тазының стандартын бекіткен болатын. Кейін еліміз егемендік алған соң, 2015 жылы осы «Қансонар» қауымдастығын басқара жүріп, тазы мен төбеттің стандартын бекіттік. Бұл дегеніңіз – жеті қазынамыздың бірі мемлекет бақылауына алынды деген сөз. Яғни иттердің қан тазалығын сақтауға мемлекеттік деңгейде мән беріледі. Бұл ретте, біз түрлі көрме де ұйымдастырдық, ит жүгірісін де өткіздік. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысып, ұлттық қазынамызды көпшілік назарына ұсындық. Қысқасы, қарап қалған жайымыз жоқ.
Ал екінші ұйым – «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы». Оның негізгі мақсаты – Елбасының жемқорлыққа қарсы бастамаларына қолдау көрсету. Отандастарымызды жемқорлықтан ада санада тәрбиелесек, дұрыс жол нұсқасақ дейміз. Мұны ағартушылық жұмыс десе де болады. Барлық облыста, қалада, тіпті кейбір ауданда филиалдарымыз бар. Әрбір облыс тұрғындарымен қашықтан семинар өткіземіз. Бұл қадамды халық та, мемлекеттік органдар да дұрыс қабылдап жатыр. Жемқорлық мемлекетке қауіп төндіреді. Оның дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан адалынан ас табуға ұлт болып ұмтылуымыз қажет. Бүгіннің басты мақсаты да, заман, қоғам талабы да осы.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Рауан ҚАБИДОЛДА,
«Egemen Qazaqstan»