• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Елорда 15 Желтоқсан, 2021

Ұлттық рух ұя салған

599 рет
көрсетілді

Ұлы даланың төрінде қазығы қағылған ел астанасы ұлттық рухтың мәңгілік мәйегі, алтын тамыры іспетті. Тәу етер Тәуелсіздіктің бүгінгі ұрпағы осы шаһарда арманын аспандатып, талғамын шыңдайды, ойы мен бойын түзейді. Себебі еңселі елорда – Қазақ елінің қаймағы бұзылмаған болмыс-бітімін, асыл қасиетін, кемелдігі мен тереңдігін тербетіп тұрған шырайлы шаһар. «Еділдің бойына ел қондырсам» деп кеткен баһадүр Махамбеттің арманын Елбасы Есілдің бойында орындады. Ел қондырды. Ел сүйсінер еңселі шаһар тұрғызды.

Бас қала – асқақ рухтың алаңы

Алты құрлыққа Қазақ жұр­тының айбынын асырып, мерейін тасытқан елорда Сары­ар­қа­ның салқар төсінде қанат жайған сәттен бері ұлттық рухы­мыз­дың ұстынына айналды. Ел еге­мендігінің ең ұлы өлшемі де осы ел астанасының бол­ғаны емес пе? Ата-бабасы аңсаған азат­тыққа қолы жетіп, аста­насы асқақ­­таған Алаш баласында одан асқан арман жоқ. Астанасы былай тұр­сын, өз тілі, өз мәдениеті, өз әдебиеті жоқ елдер қан­­шама? Біз бұл қасіреттен аулақпыз. Есіл­­­дің бойына еңселі елорда тұрғызып, ай­­ран­­дай ұйыған татулы­ғы­мызды ту етіп ке­ле­міз.

Алайда кемел келешекке ұм­тылу үшін де санада сабақтастық болуы қа­жет. Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаевтың сө­зі­мен айтсақ, «бүгінгі күнді түсініп-түй­сіну үшін де, болашақтың дидарын көз­ге елес­тету үшін де кешегі кезеңге көз жібе­руіміз керек». Бір қызығы, бүгінгі Нұр-Сұл­тан қаласының аумағы болашақта ел астанасы болатынын осыдан 180 жыл бұрын тап басып айтып кеткен бір адам бар.

Ол – ақсүйек атағынан айы­рылып, 25 жылға Сібірге жер ауда­рылған поляк жазушысы Адольф Януш­кевич. Жазушы бір жазбасында «Ақмола – бүкіл даланың болашақ астанасы» деп тап басып жазады. Мұндай да сәуегейлік болады! Дәл осын­дай көрегендікті қазақтың қайсар ұлы Әлихан Бөкейхан да айтқан болатын. «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет са­лып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қо­зы Көрпеш – Баян­ды» шығарған, Шо­қан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақ­­тың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деп арман-мұратын сабақтайды ұлт қайраткері.

Есесіне, егемен елдің астанасын ай­­қындау бақыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың маңдайына жазылды. «Жа­ңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы  1992 жылы туған еді, бірақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткені Қазақстанның экономикасы ойлағанды іске асыруға мүмкіндік бермеді», дей келе Тұңғыш Президент: «1992 жылы, Қазақстанның Президенттігіне бүкіл халық болып сайлағаннан кейін мен Ақ­молаға келдім. Есілден көлденең тар­­тылған ескі көпірдің ортасында тұ­рып, өзенге қарадым. Маған қаланың ор­­тасында өзен ағып жатқан болса, қа­­шанда сол ұнайтын. Өзен қалаға ерек­ше көрік береді, мәртебесін көте­­реді. Мысалы, бізде Жайықтың бо­йында Атырау, Сыр­дарияның бойын­да Қызылорда, То­былдың бойында Қос­танай, Ертістің бойында Семей мен Ке­ре­ку орналасқан. Ал әлемде қаншама аста­на өзен жағасына салынған. Санкт-Петербург – Невада, Мәскеу – өзі аттас өзенде, Париж – Се­нада, Лон­дон Тем­зада тұр. Оның үстіне Ақ­мо­ла Қа­­зақ­стан мен бүкіл Еуразияның ор­та­лығына ор­наласқан», деп өз ойын түйін­дейді.

Міне, елорда аумағында қайнап жат­қан ұлттық рухты осыдан-ақ аңғара бе­ріңіз. Бүгінгі егемен еліміздің астанасы сол рухтан ажырап қалған жоқ. Ұлттық бол­мыстың ертеңгі бейнесін айқындаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бо­ла­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласы аясында Нұр-Сұлтан қаласында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бас қаладағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі аталған бағ­дар­ламаның 6 бағытын басшылыққа алып, 17 арнайы жобаны іске асырудың жол кар­тасы мен инди­каторлары аясын­да ауыз толтырып айтуға болатын ма­ңыз­­­­ды қ­адамдар, ілкім­ді істер жасап жатыр.

Олардың қатарында «Туған жер», «Қазақ­стандағы 100 жаңа есім», «Ұлы дала­ның ұлы есімдері», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Жаңа гума­нитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ тілінің латын әліп­биіне көшуі», «Ауыл – ел бе­сігі», «Түркі әлемінің генезисі», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жы­лы», «Тарихтың кино өнері мен теле­визиядағы көрінісі», «Ұлы Даланың ұлы есімдері», «Архив – 2025», «Ұлы Дала­ның ежелгі өнер және тех­нология­лар музейі», «Үнем – қоғам қуаты», «Дәс­түр мен ғұрып», «Еңбек – ел­дің мұра­ты», «Құқықтық мәдениет» жоба­лары бар. Бұл жобаларды жүйелі іске асыру мақсатында 2021 жылдың бірінші жарты­жылдығында елорда аумағында ұйымдастырылған шаралардың дені 400-ден асып жығылады.

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» ат­ты мақаласында «Ұлы Дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық сая­бағын ашуымыз керек», деген болатын.

Елбасының бұл ұсынысы елорда аумағында ескерусіз қалған жоқ. Мәсе­лен, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Әл-Фара­бидің 1 150 жылдық мерейтойы кең кө­лемде аталып өтсе, күні кеше ел­ор­дада көр­некті философ әрі ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби ескерткіші ашыл­­ды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­­дығын мерекелеу аясында орна­тыл­ған монумент Әл-Фараби атындағы Оқу­шылар сарайының жанында орна­ласқан. Монумент авторлары – Ә.Бүр­­кіт­баев, Д.Сар­басов, К.Бегулиев, А.Тоқ­­баев, Д.Үсен­­баев. Гранит пен қола­дан жа­­сал­­ған ес­керт­­кіштің биіктігі – 9,5 метр.

Бұған дейін қалада алашордашыларға, сондай-ақ Талғат Бигелдиновке, Дина Нұрпейісоваға, Қаныш Сәтбаевқа, Жұ­мабек Тәшеновке, Жақсылық Үш­кем­піровке, Ыбырай Алтынсаринге ескерт­кіштер орнатылған болатын. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанда күн сайын адамдардың өмірін құтқаратын өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің құрметіне мону­менттер орнатылды. Бұл жұмыс жас­тардың рухани, патриоттық және мәдени құндылықтарын насихаттау мақ­сатында жүргізіліп келеді. Рухани жаңғыру дегеніміз – осы. Қалада халқы­мыздың қайсар рухы, тарлан тари­хы­мыздың бедерлі бейнесі, тұғырлы тұл­ғалардың еңселі ескерткіштері айқын аңғарылады. Мектеп, даңғыл, көше атаулары да ұлттық рухымызбен суғарылған. Бұл жөнінде Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов «Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсам, нағыз рухани жаңғыруды басымыздан өткеріп жатырмыз десек артық айтқанымыз емес. Елордадағы жаңа кө­шелерге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова есімдері берілсе, қаладағы бірнеше мектеп ұлт зиялыларының атымен атала бастады. Былтыр оқу орындарына Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жұ­ма­­­бек Тәшенов, Мәшһүр Жүсіп, Ілияс Жан­сүгіров, Міржақып Дулат­ұлы, Әли­хан Бөкейхан, Сәкен Сейфул­линдер­дің есім­дері берілді. Биыл да осы қатар­лы ұлт зия­лыларының есімдері жаңа мектептерге берілуге республикалық ономас­тикалық комиссияның шешімін күтіп отыр. Бұл өскелең ұрпақ үшін өте қажет дүние», деген болатын.

Ұлттық рухты ұлттық тәрбие асқақтатады

Елорда төрінде ұлттық рухты жаң­ғырту қадамдары барынша жүйелі, жос­парлы жасалып жатқаны анық. Ұлттың айнасына айналған шаһарды көріп, жаһан жұртшылығы Қазақ елінің дидарын таниды. Алайда бас қаладағы байып­ты бастамалар ескерткіштермен, көше атауларымен шектеліп қалған жоқ. Мәселен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғам­дық сенім кеңесінің төртінші отырысында «Беделді халықаралық зерттеу қорытындылары біздің оқушылардың оқу сауаттылығы бойынша дағдылары жеткілікті деңгейде дамымағанын көр­­сетіп отыр. Сондықтан оқу мәде­ние­тіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісі­нің басым бағытына айналуға тиіс. Бала­ның оқуға деген қызығушылығы, қор­шаған ортаны кітап арқылы тануы мек­теп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітапхана оқушының сол ынта­сын оятып, оны қызықты кітап әле­міне же­телеуі қажет», дей отырып, кітап оқи­тын ұлт қалыптастыру үшін жас қа­зақ­­стандықтар арасында оқу мәде­ние­тін дамытуға және ілгерілетуге ерек­­ше на­зар аударған болатын. Осы­ған бай­ланысты «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне кө­шіру жөніндегі Жол картасына сәй­кес, биыл елімізде алғаш рет «Туған елің Қазақ­станыңды жақсы білесің бе?» тақы­рыбындағы республикалық балалар оқу­лары ұйымдастырылып, елорда жас­тары жүлделі 3-орыннан көрінді.

Нұр-Сұлтан қала­сындағы «Рухани жаңғыру» қазақ­стан­дық қоғамдық даму институты қолға алған ауқымды іс-шараға елі­міздің түкпір-түкпірінен бас-аяғы 37 мың­нан астам мектеп оқушысы қатысып, та­ласты тартысқа түсті. Мұндағы мақсат – ба­лалар арасында кітап оқуға деген қы­­зығушылықты қалыптастыру, өс­ке­­лең ұрпақтың өз Отанына деген мақ­таныш сезімін ояту, «Рухани жаң­ғыру» бағ­дар­ламасының идеяларын түсін­діру еді.

Осылайша, жас ұрпақтың жігерін жанып, намысын қайрайтын, ой көкжиегін кеңейтетін байқауға еліміздің түкпір-түк­пірінен 3 600-ден астам жалпы білім бе­ретін мектептің 37 мыңнан астам орта буын оқушысы қатысты. Мектеп ішінен іріктеліп, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған балақайлардың бірі жеңісті жолдарын жалғастырып жатса, енді бірі жеңілістің ащы дәмін татып, ыстық жасқа да ерік берді. Байқау процесі өңірлік әкімдіктердің, облыстық, қалалық, аудандық білім бөлім­дерінің көмегімен ұйымдастырылды.

Бір қызығы, бұған қазылық еткен комиссия құрамына да оңайға соққан жоқ. Ба­лалар бірінен бірі асады. Әрине, олар­ға қойылатын сұрақтар да түрлі дереккөздерден алынған болар деп топ­шылаған болатынбыз. Алайда бәрі біз айтқандай болмай шықты. Бұл мақсатта арнайы «Сиқырлы жұлдызша», «Атамекен» елінің сиқырлы аңыздары», Ежелгі Қазақстан тарихының көңілді оқу­лығы «Сиқырлы қазғыш-таяқша», «Қа­зақстан еліне сиқырлы саяхат» сын­ды арнайы кітаптар басылып шыға­рылды. Міне, осы кітаптардың негізінде байқауға қатысушыларға сұрақтар әзірленіп, тапсырмалар берілді. Сонымен қатар оқушыларға осы кітаптарда бар мәліметтерден тыс рә­міздер, ұлттық валюта, ұлттық тарих тұр­ғысынан да сауалдар қойылыпты. Алайда жас та болса бас болған балдырғандар мұн­дай сұрақтарға да мүдірген жоқ.

Байқаудың қорытынды республи­калық кезеңінде Қазақстанның бес өңі­рінен үздік шыққан 25 бала, яғни 5 команда бақ сынады. Соның барысында қатысушылар туған өлкенің тарихы, мәдениеті, географиясы, астрономиясы, салт-дәстүрлері, сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасының арнаулы жобалары бойынша сұрақтарға жауа­п беріп, квестке қатысты. Осылайша, 10 жел­­тоқсанда Нұр-Сұлтанда «Руха­ни жаң­ғыру» қазақстандық қоғамдық даму инс­титутының кеңсесінде респуб­ли­ка­лық конкурстың жеңімпаздары ма­ра­патталды. Онда ұйымдастыру мүше­лерімен қатар, жеңімпаз өңірлерден келген білім саласының қызметкерлері, ұстаз­дар және оқушылар бас қосты.

Байқау комиссиясының шешіміне сәйкес, 3-орынға елордалық №86 мек­теп-гимназиясының оқушысы Ералы Қозы, №66 мектеп-лицейінің оқушысы Төре­гелді Рахман, №70 мектеп-лице­йі­нің оқушысы Құрманәлі Арман, №56 мектеп-лицейінің оқушысы Сапа Темір­лан, №40 мектеп-лицейінің оқу­шысы Сабыр Ер­сұлтан ие болды. Же­ңімпаздар арнайы гра­моталармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сонымен қатар осы «Рухани жаң­ғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолға алынған 17 арнайы жобаның бірі саналатын «Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі» жобасы аясында Нұр-Сұлтан қаласының Білім беруді жаңғырту орталығының қолдауымен Ба­лалар мен жасөспірімдер туризм және өлкетану орталығы «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары – жас ұрпаққа аманат» тақырыбында вебинар ұйымдастырды. Ал 1 мамыр – Қазақстан халқының бір­лігі күні «АЛЖИР» сая­си қуғын-сүр­гін және тоталитаризм құр­бан­дарының мемориалды-мұражай кешені мерекеге орай «Ұлт бірлігі – ұлы байлық» көрмесін, «Татулық – достық­тың киелі бесігі» атты дәрісін ұсын­ды. Бейбітшілік және келісім сарайы Атриум залында «Қазақстан халқы Ассам­блеясы – бірлік пен келісімнің символы» тақырыптық онлайн-экскурсиясын жүр­гізіп, Сәкен Сейфуллин музейі «Ел тірегі – татулық» тақырыбында онлайн фото-көрме ұйымдастырды.

«Жаһандану заманындағы қазақ­стандық мәдениет» арнайы жобасы аясында Қаламгерлер аллеясында «Ашық аспан астындағы кітапхана» акциясының тұсау­кесері өтті. Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі мен Foliant баспа­ханасы кішкентай оқырмандарға өз кітап­тарын ұсынды. Көрмеге қазақ әде­биеті, шетел әдебиеті, әлем әдебие­тінің ертегілері мен қазақ жазушы­лары­ның ро­ман­дары қойылды. Фести­валь аясында күні бойы фейсбук, инстаграм парақ­шаларында «Кітап оқып, рухани бай бол!» республикалық онлайн-челленджі белгілі қоғам қайраткерлері, әртістер, оқырмандардың қатысуымен өткізілді.

Ұлттық музейде күш атасы Қажы­мұ­қан Мұңайтпасовтың туғанына 150 жыл толуына орай, «Қазақ Даласының ұлы балуаны Қажымұқан Мұңайтпасов» атты тақырыптық бейнеэкскурсия ұсын­ды. Сондай-ақ ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына, Қ.Мұңайтпасұлының 150 жыл­дығына орай Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жүлдесі үшін қа­зақ күресінен «Қазақстан барысы» рес­­пуб­ликалық турниріне іріктеу мақса­тында «Нұр-Сұлтан барысы» өтіп, онда 26 балуан бақ сынады. Дүбірлі дода – «Қазақстан барысы» турниріне жолдаманы сарапқа салды. Тартысқа толы белдесулер нәти­жесінде Олжас Шынкеев топ жарып, алтын белбеуді иеленді. Екін­ші орын Айбат Сейтенге бұйырса, үздік үштікті Нұрбек Досмұханбетов қоры­тындылады.

«Дала фольклоры мен музы­ка­сының мың жылы» арнайы жоба­сы­ның аясында Тәуелсіздік сарайында «Алтын домбыра» өнер орталығы ашылды. Өнер ор­талығында балалар тек домбыра тар­т­уды үйреніп қана қой­май, сонымен қатар жас буынның қазақ халқы­ның рухани болмысымен танысуға мүм­­кін­діктері бар. Қазақ оркестрінің Сей­тек Оразалыұлының 160 жылдығына арналған «Заман-ай» онлайн концерті өтті. Кеш күйші, композитор, қоғам қайраткері – Сейтек Оразалы­ұлы­ның өмірі мен шығар­ма­шылығын жаң­ғыр­туға, қазақ­тың күй өнерінде өзіндік ай­қын қол­таң­басын қалдырған өнер ие­сінің мол мұра­сын көрсетуге арналды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мә­дениет басқармасының қолдауымен Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына орай «Ұлы дала дауысы» дәстүрлі музыка кеші өтті. Ал Мә­дениет және спорт министрлігі Д.Нұрпейі­сованың 160 жылдығына ар­нал­ған «Динадан жеткен күй күмбір» респуб­ликалық музыкалық челленджін ұйым­дастырды. «Халық әні» бөлімінің «Жаңа толқын» атты дәстүрлі музыка кеші қолға алынып, оған филармония әнші­лерімен бірге «Қорқыт» этноансам­блі және «Шалқыма» халық би ансамблі қатысты.