Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың жасампаздық желі ескен мына сөздерін тағы бір еске түсірейікші: «Әрқашан мемлекет туы жауға аттанған ерлердің қолында асқақ желбіреп бара жатады. Жеңімпаздар сол туды тізе бүккен дұшпан жеріне қадайды. Біз бір кездері құрамында болған Кеңес Одағының туы Рейхстагқа тігілгенін білеміз. Біздің ата-бабаларымыз да бір тудың астында жеңіске жетіп, Ұлы даланы сақтап қалды. Біз – солардың бүгінгі мирасқор жалғастырушыларымыз. Бір тудың астында Ұлы дала төсінде жеңіспен қарыштап қадам басып келеміз. Осы уақыт ішінде Қазақстанды бір ту астындағы біртұтас халық ете алдық. Біздің ту жолақ емес, бір түсті. Мұны бірліктің символы ретінде мен ұсындым. Ұлы дала көгінде алтын күн жарқырайды, бұл – ата-бабаларымыздың ақыл-ойының жемісі. Қыранның біздің даланы шарлап жүргені – халқымыздың биік рухы мен ұлы болашаққа бағыт алғанының белгісі».
Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз халқымыздың мүддесін қорғайтын күшті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жетеміз», деген сөздері тәуелсіздігіміздің абыройын аспандатып, мәртебесін асқақтата түсері және шындық.
Геральдика саласы мемлекеттің әрбір азаматының дініне, тіліне, басқа да ерекшеліктеріне қарамастан, бәрінің көңілінен шығатын ашық демократиялық сипатта болып келеді. Бірақ соған қарап, бұл нәрсе тұзы жеңіл, оп-оңай екен деп қарауға болмайды. Бір ғана бейнелеу өнеріндегі импрессионизм, соның ізін ала пайда болған фовизм, пуантилизм, футуризм ағымдары геральдика саласына да елеулі ықпалын тигізіп отырды. Осыған қарап, оның қаншалықты күрделі екеніне көз жеткізуге болады.
Әлем халықтарының мерекелері кезіндегі өрнектер немесе көз үйренген кәдімгі киімдегі түрлі ою-нақыштардың өзі геральдикаға тікелей қатысты. Археологтер қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған баға жетпес жәдігерлерінің біраз бөлігін нумизматика, сфрагистика, фалеристика саласына тиесілі деп бөлгенімен, олардың бәрінің түбі геральдикаға тиесілі екенін біледі.
Ұлтымыздың мақтанышы Қаныш Сәтбаев өз еңбегінде былай деп жазыпты: «Таңбалы тас – Қазақ халқының ең алғашқы мемлекетінің іргетасын қалап жатқандағы жазып қалдырған Дала Конституциясы». Ұлан-байтақ қазақ даласының әр түкпірінен табылып жатқан бағзы дәуір тарихы жәдігерлерінің бәрінде таза геральдикалық сипат бар әрі ол құндылықтар бүгінгі ғасырда еліміздің әлемге таңдай қақтырған брендіне айналып отыр. Ал академик Әлкей Марғұлан көне деректерге сүйене отырып, «Пайзалардың қолданылуы ғұндар дәуірінен бастау алады», деп түйін жасаған. Есік, Берел, Шілікті, Сарайшықтан табылған дүниелердің кез келгенін алсаңыз да, дүниетанымдық, философиялық мәні жөнінен терең өнер туындысы ретінде шексіз көркем әрі геометриялық мінсіз формасы бар таңғажайып символдар.
Есік қорғанынан табылған Алтын адамның бас киіміндегі барыс бейнесін дәл сондай етіп ойластыру, барыстың жон арқасын 180 градус қайқайта бұрап отырып әдемі қиюластыру, соншалықты шеберлікпен стилизация жасай білу – оқыған-тоқығаны көп, академия мен университет бітірген бүгінгі заман суретшілерінің де қолынан келе бермейтін биік өнер, дегдар шеберлік. Қалайша сүйсінбессің! Мұзарт шыңды мекендейтін епті аңның адам сенбес ширақ қимылын, шектен тыс батылдығын, сесі мен сұсын, айлакерлігін, бәрі-бәрін стильдік тұрғыдан тамаша әрі дәл бейнелей білген ғой.
Тәуелсіздік таңымен бірге қазақ топырағындағы геральдика саласы қайта түледі. Тұңғыш рет мемлекеттік рәміздер бойынша мемлекеттік басқару органы пайда болды. Бұл сала бойынша әртүрлі деңгейдегі ғылыми мақалалар, нақты тәжірибелік тың ізденістер пайда болды.
Елбасының 2011 жылғы 30 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін кейбір мемлекеттік органдардың, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің, құқық қорғау органдарының, соттардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградаларының Мемлекеттік рәміздері мен геральдикасы мәселелері туралы» №155 Жарлығына сәйкес геральдика өз алдына дербес сала болып құрылды. Әйтсе де, соңғы жылдары осы бағытта нақты жұмыс істейтін арнайы бір орталық ашу қажеттігі туралы арагідік сөз айтылып жүрген-ді.
Үкіметтің 2021 жылғы 31 наурыздағы №195 қаулысымен ел халқын бірлікке үндейтін, барша қазақстандықтың мемлекет құраушы ұлттың тарихын, ғасырлар бойы қалыптасқан болмысын, өмірлік ұстанымдарын құрметтеуге шақыратын «Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесі құрылды. Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті жанындағы жаңа Орталыққа жеке және заңды тұлғалардың мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды қалыптастыру және ведомстволық және оларға теңестірілген өзге де наградалардың геральдикалық сипаттамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыру міндеті жүктелді.
Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматының туған Отанға, кең-байтақ елге деген шексіз құрметі, ең алдымен, мемлекеттік рәміздерді кие тұтып, қастерлеуінен бастау алады. Осы ретте мемлекеттік рәміздердің насихаты Орталықтың басты міндеті болмақ. Ал бұл өз кезегінде тың ізденіс пен сонылықты талап ететіні сөзсіз.
Заңмен көзделген ведомстволық наградаларды сипаттауға қойылатын бірыңғай талаптарды әзірлеу де күн тәртібінде тұрған мәселе. Жұмыс тәжірибемде осы мәселелермен бұрын да айналысқан адам ретінде басын ашып айта кететін бір мәселе: кей ретте мекеме беделі мен сала қызметкерлерінің мәртебесін көтереміз деген желеумен ведомстволық наградалар дайындау кезінде жөнсіз қайталаушылыққа ұрынып, қолданыстағы ресми марапаттарға көлеңке түсіріп алатын жағдай ұшырасып жатады. Қоғамдық ұйымдарды қоспағанда, күні бүгін мемлекеттік органдардың ведомстволық наградаларының жалпы саны екі жүзге жетіпті. Мұның сыртында жаңадан құрылған мемлекеттік органдар тарапынан қосымша ұсыныстар барын тағы ескеру керек.
Орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік рәміздер мен геральдикалық белгілерді қолдану мен насихаттау тұрғысында консультациялық және әдістемелік көмек көрсету – жұмысымыздың басты бағыттарының бірі. Бұл ретте еліміздегі маңдайалды мамандармен тығыз байланыс орнатып, архив, музей қызметінің, кітапхана ісінің көмегіне жүгінудің және мемлекеттік рәміздерді, геральдикалық белгілерді қолдану бойынша халықаралық тәжірибені зерделеудің маңызы зор.
Қазіргі қолданыстағы облыстар мен қалалардың, аудандар мен ауылдардың гербтеріне әдейілеп сараптама жасағанымызда көптеген проблеманың беті ашылды. Жергілікті билік өздері жасап, өздері бекітіп жатқандықтан, әсіресе, аудандық, ауылдық гербтерде нендей фигура жоқ дейсіз, бәрі бар... Ешқандай шектеуі де, шеңбері де сызылмаған еркін композициялар, ұзынша төртбұрыш, квадрат, ұзын сопақ, жартылай дөңгелек қалқандары сияқты композициялар толып жатыр. Қазақстан унитарлы мемлекет болғандықтан, осылардың жалпы сыртқы формасын бір ізге түсіру керек. Мемлекетіміздің бас гербінің барша элементтері бір дөңгелектің ішіне тоғысқан. Ал өз кезегінде ол дөңгелек бір кездегі елі мен жерін қорғаған қазақтың батырлары мен баһадүрлерінің дөңгелек қалқандарын еске түсіреді.
Жақында архив комитетімен бірлесіп әкімшілік-аумақтық бірлігі гербтерінің бейнесін сипаттау және пайдалану тәртібін айқындайтын әдістемелік нұсқаулық дайындадық. Нұсқаулық арқылы төмендегі жағдайға қол жеткіземіз деген үміттеміз. Біріншіден, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңда қандай елді мекендердің мәртебесі айқындалса, осы уақытқа дейін соның бәрінде герб жасау құқығы болған. Біз әкімшілік-аумақтық бірлік категориясы бойынша ауданнан төмен бармауды ұсындық. Сондай-ақ қала ішіндегі аудандардың да дербес өз гербі болмайды. Екіншіден, бұған дейін герб қалқандарының бірыңғай формасы бекітілмегендіктен, түрлі геометриялық фигура беталды қолданыла береді екен. Бұл жағдай әлемдік тәжірибеге сәйкестендірілді. Үшіншіден, бояу түсінде де бірізділік болмаған. Бұдан былай халықаралық стандарт бойынша геральдикалық жеті түс қана қолданылады. Төртіншіден, тілдік жағынан ала-құлалық жойылып, енді тек мемлекеттік тілде жазылады. Гербтер мерейтойлық монетаға ұқсап кететіндіктен, сандардан мүлдем бас тарту ұсынылды. Бесіншіден, Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бірлігі гербінде ұрандар, даналық сөздер, поэтикалық толғамдар болмауы керек. Алты Алашқа ортақ тұлғалардың бейнесін жергілікті деңгейге түсірмеу мақсатында жалпы адам бейнесін пайдаланудан бас тарттық.
Жаңа технология ғасыры өмірімізге көптеген жаңалық енгізіп жатыр. Тұрмысымызға дендеп енген олармен бірге қаншама жаңа неологизмдер баса-көктеп кіруде. Соның бірі – геральдика саласы дер едім. Сынаптай сырғып, зулап жатқан уақыт ішінде тек осы саланың айналасында тілдік қорымызда бұрын-соңды болып көрмеген талай термин еріксіз айналымға түсіп үлгерді. Бәрін терминкомға артып қоймай, аударма мәселесіне аралассақ, тілдік қорымыздың алтын қоржынына үлкен олжа түсері сөзсіз.
Тамыры кәрі тарихтың терең қойнауында жатқан саланың Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, ел кәдесіне асып жатқанында символдық нышан бар. Қазақ геральдикасы, сөз жоқ, қасиетті тәуелсіздіктің жемісі, ғасырлар бойғы ата-бабамызға арман болған азаттықтың ақиқатқа айналғандығының арқасында халқына қызмет жасау мүмкіндігіне ие болды.
Ісімізге ақ жол тілейік, ағайын!
Әлібек АСҚАР,
«Геральдикалық зерттеулер орталығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры