• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Желтоқсан, 2021

Павлодар облысында жол сапасына жауапсыздық танытқан шенеуніктер жазаланды

147 рет
көрсетілді

2021 жылдың басынан бастап полиция қызметкерлері жолдарға 1260 тексеру жүргізді, анықталған ақаулар бойынша жолдарды күтіп ұстаушылардың атына кемшіліктерді жоюға 1265 ұйғарым енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Тексеру нәтижелері бойынша жолдарды күтіп ұстауға жауапты 220 адам түрлі әкімшілік жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 21 ауыл және ауылдық округ әкімі бар.

«Жалпы сомасы 6 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Мәселен, автожолдарды қанағаттанарлықсыз ұстағаны үшін ҚР ӘҚБК 631-бабы – «жолдарда жұмыс жүргізу, жолдар мен жол құрылыстарын күтіп ұстау ережелерін бұзу» бойынша «Қазақавтожол» Павлодар филиалының директоры әкімшілік жауапкершілікке тартылды», деді Павлодар облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бәкібай Ахмедьянов.

Жол төсемінің нашар болуы да жол-көлік оқиғаларының себептерінің бірі болуы мүмкін. Полиция департаменті жол-көлік оқиғасының  алдын алу, өңір жолдарында жарақаттану мен өлім-жітім деңгейін төмендету мақсатында тұрақты негізде жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға, оның ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар жолдарға тексеру жүргізеді.

«Теміржол өткелдері де назардан тыс қалған жоқ. 190 теміржол өтпесі тексеріліп, қажетті жол белгілерінің болмауы, дұрыс жарықтандырылмау сияқты ақаулар анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша 27 лауазымды тұлға теміржол өткелдеріне жауапсыз қарағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұлдардың жалпы сомасы 750 мыңнан астам теңгені құрады», деді Бәкібай Ахмедьянов.