ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Қазақстанның хор дирижерларының» республикалық қоғамдық бірлестігі «Облыстық мемлекеттік концерттік ұйымдардың қызметкерлеріне арналған орындаушылық және композиторлық өнер саласындағы онлайн шеберлік сыныптарын» ұйымдастырды, деп жазады Egemen.kz.
Онлайн шеберлік сыныптарына Қазақстанның облыс орталықтарында орналасқан 11 филармонияның сексеннен астам қызметкері қатысты. 4 апта бойы күніне 8 сағаттан тыңдаушылар маркетинг, менеджмент, режиссура, шығармашылық өнімді ілгерілету, хор жұмысының, оркестр дирижері жұмысының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, қазақ биінің негіздері, заманауи композиция техникасы, дәстүрлі ұжыммен жұмыс бойынша дәрістер тыңдап, өзекті мәселелерді талқылады.
Шеберлік сыныптарының дәрістері 20 сағаттан тұратын 8 модульге бөлінген. Әр модуль бойынша өз саласында айтулы жетістіктерге жеткен, кәсіби мамандар дәріс оқыды. Олардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының музыкалық жетекшісі, дирижер Абзал Мұхитденов, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның Камералық хорының жетекшісі әрі бас дирижері Гүлмира Құттыбадамова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі және дирижері Берік Батырхан, «Қазақстан композиторлар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Артық Тоқсанбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, пианиношы Гүлжан Өзенбаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі Серік Нұрмолдаев, Қазақ ұлттық хореография академиясының аға оқытушысы Анвара Садықова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Қарлығаш Әжиева, JD Expert агенттігінің негізін қалаушы, консультант Юлия Дмитриева, бизнес-тренер, фасилитатор Анна Пацюк бар.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәулескер күйші Жанғали Жүзбай қазақ халқының күй өнері, дәстүрлі күйшілік мектептер, оның ішінде Алтай-Тарбағатай, Арқа, Жетісу, Қаратау, Жиделі-Байсын, Сыр, Атырау, Маңғыстау күйшілік мектептері жайлы дәрістер оқыды. Күйші шертпе және төкпе күйлердің тарихын баяндап, әрқайсының ерекшеліктерін талдап, күй өнерінің дамуына өткен замандары үлес қосқан тұлғалар жайлы және бүгінде атсалысып жүрген қайраткерлер туралы мағлұмат берді.
«Бұл – арнайы ғылыми негізделген үлгісі бар үлкен жоба. Әрине, осындай жұмыстардың көп болғаны дұрыс. Мына біздің қазіргі музыкалық, филармониялық, концерттік қайраткерлігіміздегі жиналып қалған қыруар проблемаларымыз өте көп. Соларды мынау әріптестік аясында шешудің бір жақсы жолдары мына онлайн дәрістер болды. Сондықтан онлайн дәрістерді ұйымдастырған барша әріптестеріме, жобаның жетекшісі Гүлмира Құттыбадамоваға мен алғысымды білдіремін», деді Жанғали Жүзбай.
Онлайн шеберлік сыныптарына қатысушылар «Жобалық команданы тиімді басқарудың заманауи әдістері» тақырыбына зор қызығушылық танытты. Модуль дәріскері Анна Пацюк тыңдаушылармен менеджменттің негізгі міндеттері, жиналыстар мен кеңестерді қалай өткізу керек, әр қызметкерді ортақ іске қалай жұмылдырып, ынталандыруға болады, жұмыс барысында кеткен қателіктер жайлы қызметкерлермен қалай әңгімелесу қажет деген сияқты мәселелерді егжей-тегжей талқылады.
«Мәдениет саласында мұндай ауқымды дәрістер оқыған жоқ едім. Бірақ бұл мен үшін өте маңызды болды. Себебі басқару технологиясы, маркетинг технологиясы бизнес, мәдениет саласы болсын, барлық жерде бірдей. Өнер адамдарының, шығармашылық мамандықтардағы басқарушылардың, жетекшілердің осындай заманауи басқару тәсілдерін зерттеуі, оқып-үйренуі аса маңызды. Сондай-ақ, мұндай ақпараттың қолжетімді болуы екі есе маңызды. Екіншіден, менеджмент тақырыбына бөлінген сағат өте көп. Яғни, біз осы уақыт ішінде бұл саланы жан-жақты, кешенді қарастырып, талқылап үлгердік. Басқа да, бизнеске, мысалы маркетингке дәл осылай көп көңіл бөлінген және барлық модульдер, дәрістер бір жүйеге негізделіп құрылған. Бұл өте тамаша деп санаймын. Сондықтан бұл жобаға мен қуана қатысып, бар білгеніммен бөлістім», деді Анна Пацюк.
Онлайн шеберлік сыныптарына белсенді қатысқан барлық тыңдаушыларға сертификаттар табысталды.