• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
08 Мамыр, 2010

ЖЕҢІС ЖАҢҒЫРЫҚТАРЫ

4103 рет
көрсетілді

Біз, соғыстан кейін туған ұрпақ кешегі Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аға ұрпақтың – қазақтар мен қазақстанды­қтардың жанкешті ерлігі туралы тек оқулықтардан, көркем әдебиеттен және кинотуындылардан ғана білеміз. Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтардың рухына бас иіп, олардың ерлігінің саяси-тарихи, елдік мәні туралы ойлану, пайымдау – кейінгі буынның азаматтық парызы. Соғыста біздің әкелеріміз ежелден еркіндік аңсаған ер қазақтың өршіл рухын, батырлығын әлемге паш етті. Қазақ ұлты ұландарының антқа адалдығын көрсетті. Отан соғысы майдандарында, жау тылындағы партизандар мен Еуропа елдеріндегі қарсыласу қозғалысы қатарында шайқасып, фашизм концлагерьлерінде қаза тапқан өжет, қайсар қандастарымыз рухына бас иеміз... Адамзат тарихындағы аса ірі де қасіретті оқиға – екінші дүниежүзілік соғыс. Ал кешегі алып КСРО мем­лекеті құра­мындағы халық­тар үшін ол Ұлы Отан соғы­сы болды. Биыл ТМД елдері осы соғыс­тағы ортақ ұлы Жеңістің 65 жылдығын мере­ке­леуде. Кеше­гі үлкен импе­рия КСРО халықтары Жеңіс­тің 45 жыл­дығын 1990 жылы бір мемле­кет шеңберінде соңғы рет атап өтті. Содан бері адамзат тари­хының маз­мұны мен барысына үлкен бет­бұрыс әкелген аса ірі оқиғаға, оның маңы­зына, сол жылдардағы халықтың жан­қиярлық ерлігіне көзқарас өзгере бастады. Оның қадірі ел, әсіресе, жас ұрпақ санасында бәсеңсігендей болды. Ол туралы аз айтыла бастады. Әрине, оның әртүрлі себептері бар. Ең алдымен, біріншіден, сол ғала­мат соғыста он бес одақтас республи­калардағы жүзден астам ұлттар мен ұлыстардың ұлдары мен қыздары жанталаса қорғаған КСРО ыдырады. Екіншіден, сол соғыстағы Жеңістің басты ұйымдастырушысы, сөйтіп рухтандырушы күші деп есептелінген және Жеңістің басты насихатшысы болған, маңызын ұрпақтардың сана­сы­на сіңіру үшін бүкіл идеология­лық әлеуетін пайдаланған КОКП өз функ­ционерлерінің саяси бақталас­тығы мен мансап үшін күресі салдарынан тарап, тарих сахнасынан абыройсыз кетті. Үшіншіден, ұлы Жеңістің басты күші, әскери-рухани мұрагері, дәстүр­лі жалғастырушысы және оның мәңгі­лік символындай көрінетін КСРО Қарулы күштері – Кеңес Армиясы тарап, Ұлы Отан соғысы майдан­дарында мил­лион­­даған боздақ қолына алып, ант беріп, қасиеттеп, құрметте­ген, Рейх­стаг­та жеңіс рәмізі ретінде асқақталған Қызыл ту ТМД елдерінің ешқайсы­сы­ның мемлекеттік рәміз­дерінде сақтал­май, тарихи музейлер­дің ғана еншісіне ауысты. Төртінші­ден, мемлекеттік идео­ло­­гиялардың, мақсаттардың өз­геруі­­не байланысты, КСРО-ның тарауынан және жоқты­ғы­нан Батыс, тіпті, ТМД елдерінде Ұлы Отан соғы­сына, оның қорытын­дылары мен ондағы Жеңістің сипаты­на әртүрлі көзқарастар пайда бола бастап, оның маңызына көлеңке түсті. Бесіншіден, Ұлы Отан соғысын­дағы Жеңістің бас­ты қаһарманы әрі сим­­волы – соғыс ардагерлері қатары­ның жыл сайын азайып, ал бүгінгі тірі­лерінің өздері қан төгіп, жан­қиярлық­пен қорғаған ортақ Отан – КСРО-ның ыдырауы олардың рухын төмен­детіп, соққы болғанын, бүкіл өмір­лерінің мәні мен қорытындысына дақ түсіргенін, жас­тарының ұлғайып, қоғамдық белсен­ділігінің төмендеуіне әсер еткенін де айту, мойындау қажет. Ұлы Жеңіске әртүрлі көзқарастар пайда болды. Бір кезде шын жеңім­паз­дардың кім екендігі, қай мемлекет пен халықтың жеңіске қандай үлес қос­қаны даусыз айқын болса, енді қазіргі постмодерндік Еуропаның тарихи және саяси жадында әлде­қашан тарих­тың ескі үйіндісіне кеткен саяси қара күйелер қайта бықсып, жандана баста­ды. Тарихи және саяси тұрғыдан әлде­қашан түпкілікті және даусыз айқын­далған мәселелер қазіргі сая­саттың күн тәртібіне шығуда. Тарихи бұрмалаудың басты нысанына кеңес халқының – біздің әкелеріміз­дің Жеңі­­сі ілінді. Ол бұрын да болған. Бірақ соңғы кезеңде ол соншама ашық жүргізілуде. Еуропа­да соңғы жыл­дары кеңес солдатының – біздің әкелеріміз­дің азаттық миссия­сын – “демо­кра­тия­ның жеңілісі”, кеңес сол­даты­ның ерлігін – “тағы­лық”, әс­кери қыл­мыс­тарды – “гено­цид” деп атай, бағалай бастады. Екінші дүние­жүзілік соғыс­тың тарихын қайта жазуға, Нюрнберг процесінің қоры­тын­ды­ларын қайта қарауға деген пиғыл бой көтерді. Осының барлығы бізге екінші дү­ние­жүзілік, Ұлы Отан соғысы туралы шындықты жас ұрпақ санасына қайта-қайта жеткізіп отыруды міндет­тейді. Әрине соғысты, оның қоры­тын­­дыларын бағалауда әр ұрпақтың өз көзқарасы болуы мүмкін. Уақыт­тың тарихи-саяси оқиғаларды баға­лауға, саралауға өз таңбасын салуы – табиғи құбылыс. Бірақ олар түбегейлі, прин­ципті мәселеде өзгермеуі керек. * * * Көлемі, қаталдығы, адам және материалдық шығыны жағынан екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихын­дағы ең жойқын соғыс болды. Ол дүние жүзі халықтарының бестен төрті­нің тағдырына әсер етті. Соғыс қимыл­дары әлемнің 40 мемлекетінің аума­ғын­­да жүрді. Ең соңғы деректер бо­йын­ша бұл алапатта 60 млн. адам қаза тапты. Кеңес Одағының адам шығы­ны ресми түрде 27 млн. деп есептеледі. КСРО ыдырағаннан кейінгі кезең­дегі тарихи басылымдарда, батыс ғалым­дары ара­сын­да, баспасөзде екін­ші дүниежүзілік со­ғыстың басты шай­қастары кеңес-гер­ман майданын­да емес, құрлықта емес, АҚШ пен Ұлы­­британияның қарулы күштері ин­тенсивті қимылдар жасаған теңіз бен әуе ұрыстарында шешілді деген пікірді таңуда. Олар оны әлем халық­тарына, әсіресе батыс елдеріне түсін­діру үшін, тіпті кеңес-герман май­данындағы, Қиыр Шығыстағы Қызыл Армия жүргізген соғыс қимылдары туралы айтпайды, немесе өте болым­сыз мөл­шерде сөз қылады. Әлем 1941 жылы соғысты кім бас­тап, оған адамзат тарихында бұрын-соңды болып көр­ме­ген қандай қатер төніп тұрғанын бір­ден сезді. Оны сол кездегі үлкен сая­саттағы беделді де әккі қайрат­керлер­дің бірі, кеңестік құрылыс пен идео­логияның бітіспес қар­сыласы болып есепте­летін Ұлы­­британияның премьер-министрі У.Чер­чилльдің өз хал­қына 1941 жылғы 22 мау­сым күнгі кешкі радио үндеуінен бірден түсі­нуге болатын еді. Черчилль сөзін: “Соң­ғы 25 жыл бойы коммунизмнің дәл мендей ең дәйекті, табанды қарсыласы болған емес. Мен осы уақытқа дейінгі бірде бір сөзімнен бас тартпаймын. Бірақ оның барлығы қазіргі біздің көз алды­мызда бас­тал­ған алапатпен салыстырғанда күңгірт тартады. Сөйтіп өз қылмыстары және трагедияларымен кейінге шегіне тұрады. Осылайша өз ошағын қорғаушы әр орыс солдатының ісі енді жер шары­ның барлық түкпіріндегі еркін адамдар­дың төл ісі болып табылады”, деп ол бүкіл Еуропаны Кеңес Одағын қолдауға шақырды. Фашистік агрессия кеңес халқына ешқандай таңдаудың жолын қалдырмады. Өйткені гитлерлік Германияда елді мем­ле­кет ретінде құртып, оны мекендеген халықтарды нәсілдік қорлау мен кемсіту­шіліктің мемлекеттік жоспары жасалын­ған болатын. Кеңес жауынгерл­еріне өз елінің әр қадамы үшін қасықтай қаны қалғанша соғысудан басқа жол қалмады. Бүгінгі ұрпаққа Ұлы Отан соғысын­дағы Кеңес Одағы мен оның халықтары­ның жеңісінің негізгі факторлары туралы айту парыз. Оны жас ұрпақ білуі керек. Ол соғыстағы жеңістің қайнар көздері, негіздері мен қозғаушы күштері туралы ондаған, тіпті мыңдаған еңбектер жазыл­ған. Соларды оқып, талдасаңыз, негізінен мынадай қорытындыға келуге болады. Ең бірінші фактор – адамдық және рухани фактор. Кеңес адамдары жаппай ерлік пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Адам рухы мен қайсарлығы, Отанына адалдығы соғыстағы жеңістің негізгі фак­торы – қайнар көзі болды. Тарихи шындық үшін мынадай фактіні де еске алу керек Кеңес өкіметі орнаған 24 жыл ішінде халық елдегі жағымды әлеуеттік өзгеріс­тердің алғашқы жемісін көре бастаған еді. Сондықтан бүгінгі кейбір сая­сат­керлер, саясаттанушы және тарих­шы ғалымдар қалай айтса да, елдің басым көпшілігі өз өкіметінің саясатына сенді, өмірге опти­мизммен қарады және өздері­нің елдегі жаңа өзгерістердің қатысу­шы болғандығын мақтан тұтты. Енді, Ұлы Отан соғысы басталысымен, елге ерекше қаратүнек қатер төніп, әр адамның өміріне, бостан­дығына ел намы­сы мен мемлекет­тігіне қауіп төнгенін сезгенде кеңес аза­мат­тары­ның ел тағдыры үшін айрықша жауап­кершілік сезімі пайда болды. Екінші фактор – Кеңес Одағы халықтарының бірлігі, бірлескен интер­националдық ерлігі, барлық одақтас рес­публикалардың ұлы Жеңіске қосқан ортақ үлесі. Қазіргі кезеңде бұл туралы айту кейбір идеологтар ұстаны­мы бойын­ша маңыз­ды емес сияқты болып көрінуі мүм­кін. Бірақ тарихи шындық солай. Халықтар достығы – ұлы Жеңістің басты факторларының бірі екендігі – бұлтарт­пас шындық. Үшінші фактор – Ұлы Отан соғысының азаттық, әділеттік маз­мұны мен болмысынан туындайтын халық­тық сипатта болуы. Неміс фашистері кеңес адамдарын құл етуді ойлады. Кезінде Кеңес өкіметі қудалаған немесе оған өк­пелі, оның тәртібін қабылдамаған­дардың өздері қолына қару алып, Отаны үшін майданда қан төк­кенін көптеген құжаттар растайды. Соғыс­тың әділетті сипаты қоғам­ды топтас­тырды, ұрпақтар мен әлеу­меттік топтар арасында бұрын болмаған рухани бірлік пен ынтымаққа қол жеткізді. Ортақ мүдде­де тіпті діндарлар мен атеистер де бірікті. Екінші дүниежүзілік соғыс, кеңес-герман майданындағы ахуал туралы шын­дықты жазған адамдардың бірі гитлерлік Германияның белгілі әскербасшысы гене­рал Г. Гудериан еді. Ол өзінің “Сол­дат есте­ліктерінде” былай дейді: “Орыс жұрт­шылығының сол кездегі көңіл-күйін сол күндері (1941) мен өзім Орел қала­сында әңгімелескен, кезінде патша армия­сына қызмет еткен қарт генералдың сөздеріне қарап бағалауға болар еді. Ол былай деді: “Егер осыдан 20 жыл бұрын келгенде сіз­дерді біз зор өрлеумен қарсы алған болар едік. Енді өте кеш. Біз жаңа ғана есімізді жиып, жақсы өмір сүре бастап едік, сіздер келдіңіздер де жиырма жылға кейінге лақтырып тастадыңыздар. Енді біздің барлығын тағы да жаңадан бастауымыз керек. Сондықтан біз қалай болғанда да Ресей үшін күресеміз және бұл істе біз бәріміз біртұтаспыз”. Патша әскері қарт генералының сөзін­дегі шындықтың тамыры терең. Кеңес халқы отызыншы жылдардың қиынды­ғынан ес жинап, еңбегінің жемісін көріп, білім алып, балаларын енді ғана оқытып, бейбіт өмірдің дәмін тата бастаған бола­тын. Соғысқа аттанған мыңдаған қазақтар да өз ұрпақтарының болашағы мен тыныш өмірі үшін күрескен еді. Осы ретте мына бір мысал да орынды деп есептейміз. Соғыс алдындағы идео­логия мен саясаттан ең көп зардап шек­кен ұрпақтың бірі ұлы Абайдың өрен-жара­ны еді. Баласы Тұрағұл және басқа­лары халық жауы ретінде жер аударылып, қуғын-сүргінге түсті, інісі Шәкәрім қажы атылды, оның үш ұлы – Ғафур, Қабыш және Зият азаппен өлтірілді. Ал солай бола тұра Абай ұрпақтарынан ондаған боздақ Ұлы Отан соғысына барып қаза тапты. Абайдың Мағауиясының ұлы Жағы­пар­қызы Ишағы – ұлы ақынның немересі, бүгінде көзі тірі. Ол кісі Ұлы Отан соғы­сының Қиыр Шығыс май­данын­да Жапо­ния әскерлеріне қарсы соғысқа қатыс­қан, бірнеше әскери орден-медал­ьдардың иегері. Үшінші фактор – соғыс алдындағы жыл­дары қалыптасып үлгерген эконо­микалық жүйе мен мемле­кет­тік билік және мем­лекеттік аппарат. Сол құры­лымдар елдің Батысынан Шы­ғы­сына қысқа мерзім ішінде көшіп, орна­ласуға және тез арада өнім шығаруға қабі­летті болып шықты. Оралда, Повольже­де, Қазақ­стан мен Сібірде көптеген қорға­ныс кәсіпорындары орналастыры­лып, майдан­ның сенімді соғыс-өнеркәсіптік базасы қалыптастырылды. Осы аймақтарға жалпы саны 10 миллионнан астам адам эвакуа­цияланып, оларға баспана беріліп, жұмыс­қа орналастырылды. Ел экономикасының майдан қажет­терін қанағаттандыруға өте қысқа мерзім ішінде ыңғайланғанын мына бір дерек­терден ай­қын көруге болады. Егер КСРО-ның жиын­тық қорғаныс өнеркәсібі 1941 жылы 792 мың винтовка мен карабин шы­ғар­са, 1941 жылдың екінші жартысында осындай 1,5 миллион дана қаруды май­дан­ға жөнелткен. Автомат пен пулеметті тиісінше 11 мың және 143 мың; авиация тиісінше 4 мың және 8,2 мың. Соғыстың соңындағы 1945 жылға қарай Кеңес Армиясы неміс басқын­шыларынан қарулар мен мино­меттер жағы­нан – 1,9 есе, танктер мен өздігінен жүре­тін артил­лериялық қарулар жағынан – 1,5 есе, әскери авиация жағы­нан 3,6 есе басым болды. Бұл көп ұлтты кеңес халқының қажымас ерлігі, инженер­лер мен өндіріс ұйымдастырушы­ларының жанкешті еңбегі арқасында жүзеге асырыл­ды. Төртінші фак­тор – антигит­лерлік коалицияның көмегін теріске шығаруға болмайды. Ленд-лиз арқы­лы жәрдемнің маңызы үлкен болды. Оны 1943 жылдың өзінде И.Сталин де былай деп атап өткен болатын: “Одақтас­тардың әскери жабдық­тары біздің жазғы кампаниямыздың табыстарын едәуір жеңіл­детті”. Жалпы соғыс жылдары Кеңес қару­лы күштері ленд-лиз бойынша 14795 самолет, 7056 танк, жүздеген паровоз және басқа жабдықтар алды. Сондай-ақ 2,6 миллион тонна мұнай өнімдерін, 15 млн. пар аяқкиім, 4,3 млн. тонна азық-түлік келді. * * * Фашистік Германияға қарсы соғыста шешуші ұрыстар совет-герман майданын­да болғанын ерекше атап өту бүгінде ерекше қажет. Осындай пікір, көзқарас Қазақстанға да қажет. Бұл сол соғысқа қатысқан әкелеріміздің рухына тағзым, бүгінгі көзі тірілерінің ерлігіне құрмет. Кеңес әскерлерінің шешуші рөлін мо­йын­­дай келе АҚШ президенті Ф.Руз­вельт 1942 жылдың мамыр айында былай деп жазған болатын: “Үлкен стратегиялық көз­қарас тұрғысынан орыс армиясының жау­дың солдаттары мен қаруларын Бірік­кен Ұлттардың қалған 25 мемлекетінің бәрін бірге алғаннан да көп жоюының бұл­тартпас фактісін теріске шығару қиын”. Қызыл Армия әскерлері 1941-1945 жыл­дары жаудың 607 дивизиясын талқан­дап, тұтқынға алды. Ал англо-америкалық әскерлер 176 дивизияны жойды. Кеңес әскер­лері соғыс жылдары қарсы­лас­тары­ның 50 мың танктері мен штурм қару­ларын ( жаудың жалпы шығынының 75 пайызы), 70 мың самолетін (70 пайызы), 167 мың артиллерия құралдарын (74 пайызы) жойды . Әлем фашистік нәсілшіл, адамзатқа қарсы, жексұрын режімнен азат болды. М.Монтень жазғандай, “жеңістің ұлылы­ғы оның қиындықтарының мөлшерімен өл­ше­неді”. Соғыстың аты соғыс. Қандай соғыс болса да әуелден-ақ адам, ма­те­риал­­­дық, қаржы шығындарына әкелері белгілі ақиқат. Кеңес Одағының қуатты, қатігез және әккі жаумен жүргізілген соғыстағы шығыны адам айтқысыз болды. Басқын­шылар 1710 қала мен кентті, 70 мыңнан астам селоны қиратып, өртеді. Кеңес Одағына келген материалдық шы­ғын­дардың жалпы мөлшері сол жылдар­дың бағасымен есептегенде 679 млрд. рубль болса, ал Еуропаға соғыстан келген мате­риалдық шығындар 260 млрд.рубль болды. Ерлік дегеніміз адамның ерекше шетін, күрделі жағдайдағы еркі мен күшінің табиғаттан тыс, айрықша қимыл-әрекеті. Әңгіме бұл жерде жеке кісінің бір сәттік қимылы туралы емес. Мәселе адам­дардың дене, адамгершілік, инте­ллектуал­дық және психикалық күштерінің ерекше күрделі ахуалдағы, сөзбен толық, дәл сипаттау мүмкін емес төтенше қи­мыл-әрекеті туралы болып отыр. Ерлік – өмір мен өлім бетпе-бет келген сын сәттегі ерекше іс-әрекеттің жемісі. Сондықтан да кеңес азаматтарының соғыс жылдарындағы майдан мен тыл­дағы жаппай ерлігі “батыр халық”, “батыр қала”, “жеңімпаз жауынгер”, “жеңімпаз халық” “жеңімпаз армия” және басқа да тамаша айшықты сөздермен айдарланған. Әрине, бұл атауларда белгілі бір метафора бар. Халықтың, армияның ерлігі – интегративті нәтиже, жинақтал­ған анық­тау. Жеке тұлға­лар жасаған мыңдаған және миллиондаған жеке ерліктердің синтезі іспеттес. Осы жерде мына бір мәселеге назар аудару керек – ол боздақ­тар рухы алдындағы тағзым. Біріншіден, соғысқа миллиондаған адамдар қатысса да, батыр деп мыңдаған адам ғана аталды. Ұлы Отан соғысы май­- дандарындағы ерлігі үшін 11 мың адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берліп, 7 млн. адам ордендер және медальдармен марапатталды. Қарулы күштердің әскери бірлестіктеріне, бөлімдеріне және корабль­­деріне 10 900 әскери ордендер беріліп, олар­дың көпшілігі гвардиялық деген құр­мет­ті жауынгерлік атаққа ие болды. “Отан соғысының партизаны” медалімен 127 мың адам марапатталып, 184 мың партизан мен жасырын ұйым мүшелері КСРО ордендері және медаль­­дарын алды. Соғыс кезіндегі тылдағы қажырлы еңбегі үшін 294 мың адам орден және медаль­дармен, ал 16 млн. адам “1941-1945 жыл­дар­дағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін” медалі­мен марапатталды. Екіншіден, халық ерлігі оның ішінен сатқындар мен опа­сыз­дардың шығуы да мүмкін екендігін теріске шығара алмайды. Ерлермен бірге ездер де болды. Олардың да саны аз болған жоқ. Соғыс жылдары Кеңес қарулы күштері қатарынан 994, 3 мың адам сотталып, олардың 422,7 мыңы­на сот шешімінің орындалуы соғыс қимылы аяқталғанға дейін кейінге қал­ды­ры­лып, майданға айыпты деп айдар­лан­ған әскери бөлімшелерге жіберілді, 436, 6 мыңы түр­ме­лерге отырғызылып, 135 мыңы атыл­ды. Ал соғыс кезінде қаш­қындардың жалпы саны 588, 7 мың адамды құрады. Олардың 376 мыңнан астамы сотталды, қал­­ғандары табылмады. Жалпы соғыс кезіндегі бұл құ­бы­лыс кез келген армияға тән нәрсе. Мыса­лы, фашистік Германия­ның 1942 жылғы қысқы соғыс қимылының бары­сын­­да гит­лер­лік әскери трибуналдар 62 мың офи­цер мен солдатты қашқын­дығы, өз беті­мен шегінгені және бағын­бағаны үшін соттаған. Иә, Қызыл Армия қатарында да опа­сыздар мен жау жағына өткендер болды. Неміс деректері бойынша, оккупанттар жағы­на жалпы жиыны миллионға жуық адам өтіп кеткен. Олардың қатарында Орыс азаттық армиясы деп аталған әскери бірлес­тіктің қатарындағы власовшылар, украин­дық бандеровшілер, түрлі айла-шарғымен құрған кавказдық, түркістан­дық қарулы құрамалар болды. Бұлардың көпшілігі соғыс­тан кейін ол қылықтары үшін өздері­нің тиісті жазасын толығымен алды. Тағ­дыр­лары күрделі болды. Мұндай жандарды біржақты кінәлау оңай. Олардың қолына қару ұстамаған, ұрыс­тарға тиісті әскери дайындықсыз кірген пенделер екенін де ескерген жөн. Кей сәттерде командирлер қолында мылтығы, не оқ-дәрісі жоқ әскер­лерді жауға қарсы қойғаны белгілі. Әскери басшылықтың да кінәсі аз емес. Әр ахуалды, әр тағдырды жеке бағалау керек. * * * Қазақстанның Ұлы Жеңіске үлесі айрық­ша болды. Республикамыз халқы қаһарлы жылдары тас-түйіндей бекіді. Тылдағы қазақстандықтардың ерлігі туралы мына бір деректерді тағы бір еске салу орынды. Соғыс алдында Қазақстанда 6.2 млн. халық тұрса, оның 1,7 миллионы әс­кер қатарына шақы­ры­лып, 700 мың адам ең­бек армиясына жі­берілді. Қазақ­станда 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық кавалерия дивизиясы, 7 атқыштар брига­дасы құрыл­ды. Мамандардың есеп­теуінше осы шара­лардың нәтижесінде Қазақ­стан халқының соғыс қажеттеріне жұмылды­рылуы 24 пайызға жеткен. Ал екі майдан­да бірдей соғысқан Германия халқы­ның соғысқа жұмылдырылуы 12 пайыз бол­ған. Осы деректен-ақ тылдағы еліміз халқына қандай ауыртпалық түскенін айқын көру­ге болады. Салмақ әйелдер мен жас­өспі­рімдерге түсті. Соғыс жылдары өнеркәсіп­те еңбек ет­кен­дердің 50 пайызы жеңіл, сондай-ақ тамақ өнеркәсібінде 85-90 пайы­­зы, ауыл шаруа­шылығында 80 пайы­здан астамы әйелдер болды. Жас­тар жұмыс істейтін­дердің 35- 40 пайызын құраған. Осындай жұмыс­шы­лар құрамы­мен Қазақстан соғыс жыл­дары КСРО-да өндірілген молибденнің 60, метал­дық висмуттың 65, полиметалл руда­ларының 79 пайызын, мыстың 35, қорға­сынның 83 пайызын берді. Батыс аудан­дардан көшірілген 220 кәсіпорынды қабыл­дап, қысқа мерзімде іске қосты. Өз халқының тұрмыстық-әлеуметтік жағдайы төмен бола тұрса да республи­ка­мыз соғыс жылдары орталыққа 4 829 мың тонна астық, 600 мың тонна ет тапсырды. Республика малшылары Қызыл Армияға 110 мың ат берді, бұл 10 атты әскер диви­зиясын құруға жетті. Соғыс өртіне ша­лынған аймақтардан эвакуа­цияланған жүз­деген мың адамдарды, кейіннен саяси қу­ғын-сүргінге түсіп, депортацияға ұшыра­ған 1 миллионға жуық әртүрлі этнос өкіл­дерін қабылдады. Мұның бәрі республи­ка­да­ғы әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды одан әрі күрделен­діргені белгілі. Халқымыз осы­ның бәріне ерекше төзімділік көрсетіп, тағ­дыр талқы­сымен келгендерге қол ұшын берді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін 500 қазақстандық Кеңес Ода­ғы­ның Батыры атағын алды. Ал олардың қатарын­дағы қазақтардың саны 100 еді. Ұлы Жеңіс әкелген құндылықтар тура­лы айтқанда ойға ең алдымен сол бір қан­төгіс, жиһангерлік соғыстан аман қайтқан ағаларымыз бен апаларымыздың соғыстан кейінгі қоғамдық өмірдің әр саласында атқарған адамгершілік, тәрбие­лік, отан­сүй­­гіштік, жас ұрпаққа қамқор­лық, әді­лет­тілік пен тазалықтық қоғаушысы бол­ған ерекше миссиясы туралы айту парыз. Иә, майдангерлер қай салада да үлгі болды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның әлеу­мет­тік-экономикалық жүйесіне, Қазақ­­­стан­ның индустриялы, аграрлы ел болып қа­лып­­­тасуындағы басқару мектебін құруда­ғы рөлін айту парыз. Отан соғысы­нан қайт­қан жеңімпаздар аса құштар­лықпен, адал­дық­пен, іскерлікпен еңбек етті. Олар­дың қа­тары­нан тамаша аудан басшылары, кол­хоз төрағалары мен мек­теп дирек­тор­лары, тама­ша ұстаздар, шығып, елге адал, жан­қияр­лықпен еңбек етудің үлгісін көрсет­ті. Май­дан­герлер өздері еңбек еткен ұжым­­дар­дағы бірлік­тің ұйытқысы болып, олар ондағы тәртіп­ті­ліктің, әділеттіліктің, кадр­ларды ірік­теудегі тазалықтың сақшысындай еді. Олардың үздік ерлік еңбегін қо­ғам­дық өмірдің әр саласынан кел­тіру­ге бо­лады. Рес­публиканы бас­қарған М.Бей­себаев, Б.Әшімов, об­лыс­тарға жетек­шілік еткен Х.Бек­тұрғанов, С.Құ­са­йынов, Т.Әшім­­баев, О.Кө­шеков, М.Қа­йырбаев, Е.Қаша­ғанов, О.Қозыбаев сынды қайраткер­лер болды. Мәселен, Абайша айтқанда “іші-сырты бірдей абыз” – қайталанбас қайраткер, ерекше мемлекетшіл тұлға, бүкіл өмірі мен ісі еліне адал еңбек етудің қайталан­бас үлгісіндей болған майдангер офицер Бәйкен Әшімұлы­ның бізге берген өмірлік тағылымы қандай! Отан соғысының от кешуінен аман оралған асыл аға соғыстан кейін­гі еліміздің экономикалық жаңаруы­на бар интеллектуалдық және басқару­шы­­лық шеберлігі мен әлеуетін қосып, алға қарай “қайыспас қара нардай сүйреп”, үлес қосып, басқарушы кадр­лар­дың бүкіл бір талантты шоғы­рын тәр­биеледі. Б.Әшімов басқарған Үкіметте Отанға адал­дықтың, офи­церлік намысқа беріктік­тің үлгісіндей болған ол кісінің орын­басар­лары Қ.Бі­ләлов, Ш.Жәнібеков, С.Жиенбаев, ми­нистрлер К.Айманов, Р.Байсейітов тұр­пат­тас майдангерлердің еңбек етуі де тегін емес еді. Ол кез ел эконо­микасы­ның ең бір ө­скен, өрлеген кезі-тін. Отан соғысы жеңімпаздарының ерекше миссиясы туралы айтқанда ғалымдарымыздың екінші тылдағы ерлігі туралы айту қажет. Белгілі ғалымдар М.Ғабдуллин, С.Аманжо­лов, С.Бәйі­шев, А.Нүсіпбеков, С.Зи­манов, А. Аб­дул­лин, Ә. Қайдаров және басқалары соғыс кезінде ең қиын сәттерде жауын­герлердің ара­сына саяси-тәрбие жұмы­сын жүргізіп, алдыңғы шепте аянбай соғысса, соғыстан кейін ғылымның бүкіл бір саласына бағдар, басшылық жасап, Қазақ­станда іргелі ғылымның дамуы­на ерекше үлес қосты. Ұлттық акаде­мияның академик­тері атанды. Мысалы, академик Салық Зиманов Ұлы Отан соғысының ең бір қанқұйлы ұрыстарына қатысты. Кеудесі ордендер мен медальдарға толы капитан С. Зиманов соғыстан кейінгі ғылыми жұ­мыс­қа асқан шабытпен араласты. Қазақ­­станда кенже қалған заң ғылым­дарының дамуына, құқық саласының кадрларын дайындауға айрықша үлес қосып, Қазақстан мемлекеттігі мен ұлт­­тық құқық тарихы теориясын зерт­теп дамытудың ұлттық ғылыми мекте­бін қалыптастырды. Ондаған ғылым док­тор­лары мен кандидаттарын тәр­бие­леп шығарды. Ұлттық ғылым ака­де­мия­сының академигі биігіне көтеріл­ді. Қазақстан Ұлттық ғылым академия­сының Философия және құқық инс­тит­утын басқарып жүргенде өзінің прин­ципшілдігі және ғылыми көреген­дігі арқасында КОКП-ның идеология­лық айыптауларынан жаңа филосо­фия­лық мектептің негізін қалап жат­қан жас ғалым­дарды сан рет қор­ғап қалғаны да бір ерлік. Соғыстың от-майданында жүріп “алты малтаны ас етіп”, “толарсақтан қан кеше жүріп”, елге жеңімпаз ретінде оралған олар соғыстың ерлік рухын, адам бойындағы бар қасиетке сын болған алапат қиыншылықта өзінің азаматтық арына дақ түсірмей, тіпті дәлірек айтсақ қазақ ұлты ұландары­ның ерлігі мен мәрттігі, жанкешті­лігі мен төзімділігі туралы бүгінгі ұр­пақ­қа жет­кіз­ген кешегі өткен Бауыр­жан Мо­мышұлы мен Қасым Аман­жолов, Жұ­бан Мол­дағалиев бастаған жазушылар мен ақындардың шығарма­шылдық ерлігін, бүгінгі ортамыздағы қайырым­дылық пен әділдіктің, пат­риот­тықтың жыршысы һәм күзетші­сіндей Әбді­жәміл Нұр­пейісов, Әзілхан Нұр­ша­йықов, Мұзафар Әлімбаев, Қал­мұқан Исабаев және басқаларды айту парыз. * * * …Иә, 1945 жылдан бері көп оқиға болды. Бірнеше ұрпақ ауысты. Елі­мізде түрлі күрделі оқиғалар бол­ды. Әлемнің саяси картасында Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті берік орын тепті. Кеңес жауынгерлерін өз туының астына топтастырған ком­мунистік идеология мұрағатқа кетті. Соғыстың қорытын­дысында қалып­тас­қан социа­листік лагерь, әлем саяси дамуының бағытын анықтаған Ялта бейбітшілік шарты, Варшава Шарты ыдырады… Кеңес халқының Ұлы Отан соғысындағы ерлігі әлемді таңқал­дырып, мойындатты. Оған қазақстан­дықтар мен қазақтар қосқан қасиетті де қаһармандық ерлік үлес – ерлікті біз мақтан тұтамыз. Аға ұрпақтың ерлігі мен әскери даңқы жас ұрпақты Отаны­­мыздың болашағы үшін азамат­тық жауапкершілікке, елін қорғауға әзір болу рухын сіңіреді. Олардың ерлігі алдында тағзым етіп бас ию тірілерге қажет. Ер есімі – ел есінде мәңгі сақ­та­лады. Ешкім де, ештеңе де ұмытыл­мақ емес. Тәуелсіз Қазақ елі өз боздақ­тарын қастерлеп, қасиеттейді! Нәубәт ҚАЛИЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің про­фес­соры, саяси ғылымдар докторы. АСТАНА.