Алматы қаласында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Абайлаңыз, ағылшын тілі!» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кітапта ағылшын тілінің әлемдік тілге айналуы, оны үйрену жолында саяхаттаудың маңызы, жалпы балаға тілді қай жастан бастап оқыту керек, осы секілді бірқатар өзекті мәселелер қамтылған.
«Бұл кітап ағылшын тілін үйренушілердің ата-анасына арналған және өзге тілді үйрене отырып, ұлттық құндылықтарды қалай жоғалтпауға болады, ағылшын тілін үйренудің қажеттілігі қандай деген сынды сауалдарға жауап береді. Ағылшын тілін үйренуге байланысты отбасындағы, қоғамдағы өзекті тақырыптарды көтердік», дейді кітап авторы Айгүл Қанатқызы.
Сонымен қатар, салтанатты іс-шарада «Білім – күш» қоғамдық қоры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнайы жалпы орта білім беретін мектептердің ағылшын тілі пәні мұғалімдері мен оқушылары арасында ұйымдастырған республикалық «Менің елім – Менің мақтанышым» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды. Байқауда оза шапқан ұстаздар Батыс қазақстандық Айнұр Сисенова, қызылордалық Нұргүл Жамалбекова және Алматы облысынан Меруерт Хамитова арнайы Алғыс хаттармен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды.
Кітап «Білім – күш» қорының демеушілігімен жарық көріп отыр. Қор ел аумағындағы жалпы орта білім беретін мектептердің ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуына жағдай жасауға жұмыстанады.
«Абайлаңыз, ағылшын тілі!» кітабы жақын күндері еліміздің кітап дүкендерінде сатыла бастайды. Сатылымнан түскен қаражат «Білім – күш» қорының алдағы бастамаларына жұмсалады.