Сахнадан сұлулық іздеп, көркемдік көргісі, тазарғысы келетін талғампаз көрермен үшін Түркістан музыкалық драма театры тамаша тарту жасады. Құйрықты жұлдыздай келте қайырылған қысқа өмірінде артына мол мұра қалдырған жазушы Талаптан Ахметжанның «Сұлу мен суретші» шығармасының желісінде сахнаға жол тартқан «Махаббат мұнарасы» лирикалық драмасының тұсауы кесілді. Тәуелсіздік күнімен тұспа-тұс келген премьера Түркістан төрін шын мәнінде өнердің үлкен мерекесіне айналдырды.
Туындыға сахналық өмір сыйлаған режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың бұл қойылымы «Сұлу мен суретші» тақырыбына жасап отырған алғашқы қадамы емес. Режиссердің бұған дейін Алматыдағы М.Әуезов театры мен елордадағы Жастар театры сахнасында алуан форма мен түрлі жанрда көрерменімен қауыштырған адам жанын тереңнен қозғап, жүрек пернелеріне бойлайтын сыршыл қойылымы әр сахналық нұсқасында өзінше қошеметке ие болып, көрерменнің көркемдік кемелденуіне қызмет етіп келеді. Ал Түркістанда қойылған «Махаббат мұнарасы» спектаклінің өзіне дейін сахналанған туындылардан ерекшелігі де, жаңалығы да мол. Бұл нұсқа режиссердің өзге спектакльдердегі сүрлеуді қайталамай, соны бағыт, жаңашыл форма, жалпы тұтас қойылымға тың шешім әкелген жемісті жұмыстарының бірі десек, титтей де қателеспейміз. Оған біріншіден, режиссердің шығармашылық тұрғыдан бабына келіп, кемелденуі себеп болса, екіншіден – Түркістан театрының шығармашылық құрамға техникалық һәм жаңашылдық тұрғысынан сыйлаған тамаша мүмкіндіктері.
Түркістан топырағы тұсауын кескен қойылымның көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Ал спектакльге арнайы музыка жазған Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі әрі бас композиторы Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова.
Рас, бұған дейін жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Бөрте» драмасын сахналап, қоғамда үлкен резонанс тудырған театрдың жұмысы ә дегенде ел аузына ілігіп, мақтауға да, сынға да қатар ұшырады. Тіпті спектакльге жұмсалған қаржылық шығынды санап, есеп жүргізген әріптестеріміз де болды. Әлбетте, қомақты жұмыстың айналасынан өрбитін әңгіменің де ауқымы әрдайым кең ғой. Сондықтан өнер әлемінде бұл қалыпты үрдіс саналады. Одан бөлек, бұған дейін өзінің жекеменшік продюсерлік орталығының қолдауымен «Фариза» сынды тамаша туындыны сахнаға шығарған Айнұр Көпбасарова Түркістан төрінде бой көтерген жаңа театрға басшылық қызметке тағайындалғаннан кейін де өнерге деген сол талғампаз көзқарасын өзімен бірге алып келді. Нәтижесінде, «Бөрте» өмірге келді. Енді міне, араға көп уақыт салмай Айнұр ханымның жетекшілігімен «Махаббат мұнарасының» көркем әлемі көрерменіне есігін айқара ашты.
Иә, өнер өркендесін десек, әлемдік театрдың мықты мамандары мен еліміздің үздік режиссер, актерлерінің шеберлігінен үйреніп, тәжірибе алмасқаны құптарлық дүние. Соның жемісі болса керек, Түркістан театрына Айнұр Көпбасарова басшылыққа келгеннен бері сахнаға жол тартқан қос қойылымның да режиссері мен негізгі актерлік құрамы жан-жақтан, арғысы Италия болса, бергісі республикамыздың түкпір-түкпіріндегі үздік әртістердің басын бір сахнада түйістірумен көрерменін қуантты. Бұл тәжірибе «Фариза» қойылымынан басталған жақсы эксперимент болатын. Әйтсе де, ол кезде «Фариза» жеке продюсерлік орталықтың, яғни жекеменшік ұйымның қолдауымен жарыққа шыққанын ескеріп, «құптарлық қадам, қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса» деуден аспадық. Бірақ толықтай мемлекет қаржыландыруындағы білдей бір театрдың актерлік құрамын сырттан шақырып, труппаны тұрақсыз ету көрермен үшін қызық, жарнамаға қанша жерден оңтайлы болғанымен, болашағын алыстан ойлайтын театр үшін, әрине аса тиімді емес. Өйткені әр қойылым сайын жан-жақтан жиналатын актерлердің басын қосып, ұйымдастыру қаржылық жағынан ғана шығын емес, сонымен қатар шығармашылық тұрғыдан да ұжымды немқұрайлылыққа, тіпті тоқырауға алып келуі мүмкін. Оның үстіне жергілікті театрдағы тұрақты труппаның кәсіби біліктілігін қалыптастыруда да бұл аса табысты жол емес. «Бөрте» спектакліндегі айтулы тәжірибеге аса көңіл бөле қоймағанымызбен, «Махаббат мұнарасындағы» басты кейіпкерлердің де негізінен астана мен Алматыдан шақырылғанын естігенде, Түркістан театрындағы қалыпты жағдайға айналып бара жатқан бұл үрдіс шын ойлантты, дұрысы қорқытты. Әлбетте сахнадан сапалы жұмыс көруге бәріміз ниеттіміз. Бірақ жылтырақ жарнаманың әсеріне елітіп, жергілікті труппаның жағдайын тұрақсыз етіп алмаудың да жайын театр басшылығы қаперден шығармаса деген тілек қалды ішімізде. Жаңа театр сахнасынан жаңа есімдерді естіп, дүлдүл таланттарды танып жатсақ, бұл көрермен немесе жалпы Түркістан театры үшін ғана емес, жалпы қазақ өнері үшін үлкен олжа болмақ. Театр басшылығы осыны ұмытпаса құба-құп.
Хош, сонымен әңгіме басында оқырмандарымыздан сүйінші сұрай бастаған спектаклімізге қайта оралсақ. Ең әуелі бізді қуантқаны – «Махаббат мұнарасының» сахнаға қайта оралуы «Алаш» әдеби сыйлығы мен Валентин Пикуль атындағы және Оралхан Бөкей атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы-драматург Талаптан Ахметжанның 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келуі дер едік. Қысқа өмірінде сұлулықты қарасөзбен жырлап, өлмес мұра қалдырған жазушы еңбегі – қазақ әдебиеті мен драматургиясына қосылған қомақты олжа, қаламгердің өзіне қойылған мәңгілік ескерткіш. Бұл тұрғыдан жазушы есімін ұмытпай, театр төрінде туындысын жаңаша жаңғыртып жатқан шығармашылық құрам еңбегі құрметке әбден лайық. Өйткені жүрегін махаббат мекендеген кез келген көрермен үшін «Махаббат мұнарасы» қойылымының айтары да, берері де мол.
«Махаббат мұнарасы» – мінсіз сұлулықтан туған туынды. Мұнда махаббат пен өнердің серенадасы салтанат құрады. Сұлулық атауын тап-таза, мөп-мөлдір өнердің өзегінен іздеп, өмір бойы махаббатына адал болған жанның сезіміне елітіп, құдіретіне бас иіп отырып көретін қойылым. Спектакльдің осынау лирикаға толы пернесін дөп басқан режиссер актерлер ойынынан да сол нәзіктікті талап етіпті. Басты рөлдерді сомдайтын актерлер – Мемлекеттік сыйлықтың лаураеты Әділ Ахметов, Ақбота Қаймақбаева мен Жұлдыз Әбдікәрімова «Махаббат мұнарасына» өзгеше тыныс сыйлады.
Ал спектакльдің ең басты жаңалығы – премьерада әлемге әйгілі Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи аспабымен Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараевтың қойылымға жан бітіруі дер едік. 1628 жылы жасалған 400 жылдық тарихы бар виолончель аспабының сүйемелдеуімен қойылым сахнаға шықты. 300 жыл Еуропаның корольдік отбасыларының жеке коллекциясында сақталған Amati тарихи аспабы қазір мұражайға қойылған. Әлемде мұндай аспаптың жалпы саны үшеу-ақ. Демек, Түркістанның төрінде ойналған Амати (Antonius Hieronymus Amati) тарихи виолончелі әлемнің мәдени мұрасы. Жаһан мойындаған музыкант Эльдар Сапараевтың Амати аспабында ойнаған ғаламат музыкасы «Махаббат мұнарасының» көркемдік деңгейін тіпті әуелетіп жібергендей.