• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Желтоқсан, 2021

Эталон

581 рет
көрсетілді

Менің алдымда әр жылдары жарыққа шыққан 12 кітап жатыр. Олар – «Неткен ғажап бұл әлем!», «Жанарымда туған жер», «Ашылмаған аралдар», «Сырымды са­ған айтамын», «Таң­ғажайып тағдырлар», «Ғұмыр­­дария», «Рухы күштілер»,  «Бізге беймәлім бейнелер», «Өмірге таңдана қара!», «Елім менің ертегі», «Біртуарлар» және «Ұлы­лардың ұрпақтары» туындылары. Бұларға сұрыпталып отырып 220-ға жуық ғажап тағдыр иелері туралы портрет, диалог-очерк, эсселер мен туған жеріміздегі тылсым табиғат құпияларына қатысты 50-ге жуық тың дүние кірген. Кі­тап­тардың аты айтып тұрғандай, олар жай ғана деректемелер емес, керісінше тамсанып «Апырай, ә, солай екен-ау», деп таңданатын немесе «Біз неғып байқа­ма­ғанбыз, мынау өзі ғажап дүниелер ғой»,  деп қызыға оқитын, мол ақпарат беріп, бойыңа рухани бұлқыныс тудыратын дүниелер.

Шығармалардың ерекшелігі – автордың өзі емес, факторларды, объектілерді сөй­летіп, өзін тек сол оқиғалардың куәгері етіп көрсетуі. Бұл – творчестволық өнердің тиімді әрі жоғары түрі. Кітаптарда сондай-ақ күнделікті өмірде айтыла бермейтін, сөйлем арасында, қалтарыста қалып кете­тін табиғат ғажайыптары, сұлу пейзаж, жан-жануарлар дүниесінің тылсым сыры да шеберлікпен баяндалады. Автор оны тек жай баяндап қоймайды, оған түрткі болған не, оны қайдан, кімнен естіді, сөз арасында міне, соны да нақтылап айтады. Содан соң, оған іздеу салып, анығына жету үшін сапар шегіп, автобус па, пойыз ба, ұшақ па, әйтеуір, ілінгеніне мініп, жолдың қиындығына қарамай әрекеттеніп жүргендігі байқалады. Әрине, автордан. «Олай ет, былай істе», деп ешкім талап етпейді. Бұл – творчестволық сиқырлы азап. Әркім өз жолын өзі табады. Жоғарыдағы кітаптардың иесі ізденістің ауыр, бірақ елге әбден қажет осындай жолын ұстанған. Бұл – кез келген журналистің, не жазушы, әйтпесе ғалымның қолынан келе бермейтін әрекет. Мәселен, журналист, не зерттеуші нақты бір мәселе үшін тиісті мекемеге хат жазып немесе барып іздеу салуы мүмкін. Ал бірақ ұдайы ізденіс үстінде болу, бір ізденістен соң, басқа бір ізденіске түсу бұл бітпейтін азап жол. Оны тек сол іске жан дүниесімен берілген фанатик адам ғана ұстай алады.

Мен әңгіме етіп, кітаптарын санамалап отырған автордың аты-жөні – Жанболат Әлиханұлы Аупбаев. Ол кім? Кейіпкеріміз бір кезде алыстағы таулы аудан Нарынқолда өсіп, ержетіп, кейін Алматыдағы ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірген соң «Лениншіл жас», «Қазақстан коммунисі», «Халық кеңесі» басылымдарында ақ тер, көк тер болып еңбек еткен жан. Кейін «Егемен Қазақстанда» қызмет еткен талантты журналист. Шар­шамай-шалдықпай ұдайы ізденіс­те жүрген, жазғандарын ел іздеп оқитын аналитик-зерттеуші.

Мен Жанболатпен қашан, қалай таныс­қаным есімде жоқ. Сірә, өзінен бұрын газеттегі белгі­лі бір тақырып бойынша жаз­ған ойлы шығармаларын көріп, оны сол арқылы білдім-ау деймін. Ал содан соң барып өзімен «Ле­нин­шіл жастың» ғылым және мәдениет бөлімінде кездескен сияқтымын. Одан бері де міне, 44 жыл. Сол уақыттан бастап байқағаным – Жанболат өзіне қатал, жазған дүниелеріне, іс-әрекетіне жоғары талап қойып, ешбір жайбарақаттыққа салынбайтын, бірде-бір артық-кем сөзі жоқ, уәдесіне берік сырбаз азамат. Бір қарағанда ол суықтау көрінгенімен, жақындап араласа білсең жаны жайсаң, кішіпейіл, әдепті, үлкенге іні, кішіге аға болып жүрген иманды, ина­батты жан. Мен өзім редакцияға апар­ған мақалаларымнан байқадым, Жан­бо­­лат қолына түскен материал­дарға өте мұқият қарап, автормен санасып, ойын бұзбай, қайта оны ширата түсуге еңбек­­тенетін керемет стилист, өте адал журналист. Ол әрбір авторға өте жауапты әрі мәдениеттілікпен қарайтын, сондай-ақ өзіндік ұстаған белсенді өмірлік бағдары бар, оны өзінің бөлінбес қасиетіне айналдырған, ешкімге өктемдік, менмендік көрсетпейтін, адамгершілік тұғы­рының биігінен көрініп келе жатқан текті жан.

Адамның дүниеге көзқарасы оның сөзінен де, ісінен де байқа­лады. Жанбо­латтың кім екені жазбаларынан анық көрі­неді. Оның мақалаларында лауазымы биік, қолында мүмкіндігі мол адамды дәріптеп, соларға көрініп қалайын, пайдасы тиер деген пендешілік пиғыл жоқ. Керісінше, оның кейіпкерлері қарапайым жандар, тағдыры таңғажайып альпинист, орнитолог, киноактер, ұшқыш, археолог, фотограф, қолөнер шебері, суретші, каскадер секілді сирек мамандық иелері. Оны біз автор­дың «Алакөлде бір құс бар», «Данабек Антарктидадан оралды», «Хантәңірі», «Ақша қар. Айда­ла. Атты адам», «Эверест экспе­ди­циясы», «Раритет» сияқты туындыларынан айқын көреміз. Бұл тізімді одан әрі жалғастырар болсақ, олар, «Гагаринді оқытқан Жақыпбек», «Кеннедимен кездескен Нұрмахан», «Потаниннің туысы», «Есенберлиннің інісі», «Димаш ағаның дәрігері», «Қа­зақ­тың танкист қыздары», «Аб­дель Насер мінген арғымақ», «Диссидент» деп тартымды тақы­рыптарымен-ақ оқырманды өзіне еліктіріп кете береді.

Антик заманының философы Протагор айтқан екен: «Адам – барлық заттардың өлшемі», деп. Әлемде адамды дәріптеу, оның қоғамға, Отанға сіңірген еңбегін құрметтеу – абыройлы іс. Өйткені бәрі де адам ақылымен, қолымен жасалады. Жанболат осыны мықты түсінген. Автор түрлі жа­ғ­­дай­дағы кездейсоқ кездесулер арқылы адам тағдырларын кере­мет ашады. Қажет десе, сол үшін қымбат уақытын аямай жұм­сайды. Мәселе, алыс жолда да, кеткен уақытта да емес, сол фактінің анығына жетуде. Өйт­кені әрбір анығына жеткен факт соған кеткен уақыт пен еңбектің құнына тең келеді.

Жанболат Әлиханұлы Ауп­баевтың журналистік ерекше­лігі – өмірде болып жатқан талай шым-шытырық құбылыс­тардан солардың ерекше бір көріністерін тап басып танып, көре білуі. Мәселен «Кеннедимен кездес­кен Нұрмахан» деген очерк­ті алып қарайық. Онда публицист Нұрмахан Оразбековтің Қара­ғандыда «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы болып тұрғанда, жауапкершілікті жеке өз басына алып, екі рет жасаған ғажап ерлігін баяндайды. Бірі ол – 1991 жылғы 19 тамыздағы ГКЧП кезіндегі батылдығы. Оны жұрт жақсы біледі. Екіншісі, ел тізгіні партия қолында тұрған­да, Қазақстанда шығатын 6 рес­пуб­ликалық, 19 облыстық газет­тер­дің ішінде алғаш рет «Бар­лық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген өз уақытында әулиедей күші бар ұранды бір күнде алып тастағандығы. Оған дызылдап, телефон соққан обком хатшысына қорықпай: «Бұл ұранды сонау 1961 жылы-ақ алып тастау керек еді. Өйткені Н.С.Хрущев сол кезде: «Партия дегеніміз – бүкілхалықтық ұйым»,  демеп пе еді?! Олай болса қашан­ға дейін бір ғана пролетариат, бір ғана жұмысшы табы біздің айымыз да, күніміз де болып, басқасы шетқақпай қала береді. Ренжімеңіз, біздікі дұрыс», деп жауап қайтарғаны.

«Шетелдегі қазақ әскерилері» деген мақаласында да автор талай қызықты мәліметтер келтіреді. Солардың бірі 1939 жылы Халхин-Гол шайқасы жеңіспен аяқталғаннан кейін, сондағы соғыста ерлік көрсеткен 14 адамға Моңғол Халық Республикасының Халық батыры атағы берілгені, оның ішінде екеуі КСРО қол­басшылары Г.К.Жуков пен И.И.Федюнинский болса, енді біреуі біздің сол елдегі, яғни Баянөл­гейдегі қандасымыз Ікей Мизамұлы, ал қалған 11-і моң­ғолдар екені, сондай-ақ 1942 жылы Моңғолияның авиация генерал-майоры дәрежесіне көтерілген Хамза Ерзінұлы Зайсановты атайды автор. Жанболаттың жоғарыда аталған кітаптарында бұдан басқа да жүздеген оқиға, түрлі жағдайлар, адамдар іс-әрекеттері баяндалады. Айталық, Қазақстанда белгілі ғалым-биолог болған Кәрім Мыңбаевтың Нью-Йоркта тұратын ұлы Жаффар, «Бірінші Петр» фильміне 1938 жылы түскен Қойлыбай, жазушы әрі киноактер Сәтімжан Санбаев, Балуан Шолақтың немересі Хайролла, Алаш арысы Мұхамеджан Тыныш­баевтың Уфада тұратын ұлы Дәулет сияқ­ты портрет, сұх­баттарда адам тағ­дырлары мен мінез-қасиеттері, ерекше бейне­лері керемет дәлме-дәлдікпен сипатталған.

Автордың жоғарыда аталған кітапта­рында бұдан басқа да тың, қызықты мағлұматтар жетерлік. Біз мәселен, қазақ қыздарынан ұшқыш, пулеметші, снайпер, радист, медбике болып соғысқа қатысқан апа-әпкелерімізді жақсы білеміз. Бірақ қазақ қыздарынан танкист болды дегенді естімеген едік. Бақсақ, олар да болған екен. Жанболат іздеу салып жүріп, ондай жандардың болғанын да тауып, анықтап, түрлі басылымдарда қылт етіп көрініп қалған фактілерді зерттей жүріп, Ұлы Отан соғысына танкист болып қатысқан төрт қазақ қызының есімін атап, атқарған ерліктерін баяндайды. Олар – Жамал Бай­тасова, Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева және Жәмила Бейсенбаева болып шықты. Әрине, танкист болып соғысқа қатысу ең ауыр, ер адамдардың да қабілеті жете бермейтін мамандық екені бел­гілі. Ал ондай істі игеріп, со­ғыс­­қа қатысқан қазақ қыздары бол­ға­ны бұл халқымыздың рухы­н­ың мықтылығын көрсететін құбылыс.

Осы мақаланы жазып отырға­нымда қолыма Жанболат­тың «Біртуарлар» атты тағы бір жаңа кітабы келіп тиді. Мұ­ның тағдыры таңғажайып адамдар өміріне толы шығарма екенін айтқым келеді сіздерге құрметті оқырман. Мұндағы қуатты да қаһарлы автомат қаруының атасы, конструктор М.Т.Калашников, қарт фотограф, республика өмірінің бірден-бір шежірешісі И.Л.Будневич, атақты «Алтын адамды» тапқан археолог К.Ақышев, Кеңес өкіметінің 1928-1932 жылдардағы солақай саясаты кезінде оған қарсы шығып, тотали­тар­лық темір тәртіптің ноқтасына басы сыймаған Жетісудағы дала номады Жақыпберді мен Тянь-Шаньның ковбойы Мергенбай автор творчествосының сирек тақырыптар сериясын одан әрі байыта түскен соқталы объектілер. Біз бұған қуанамыз. Қызығамыз. Сөйтеміз де ризашылықпен қол соғамыз.

Жанболат тапқыш, шебер. Аз сөзбен мәселені дәмді етіп бере біледі. Оның шеберлігі сол әрбір қайраткердің ең ерекше іс-әрекетін, қоғамдағы орнын тауып, көрсете білуі. Өмірді суреттеп, болған жағдайды айтып берудің бірнеше жолы бар. Кейде шығарма авторлары бір сөзді бас­таса, соны жан-жақты баяндап, бір ғана нәрсені бірнеше бетке толтырып, содан кітап көлемі өсіп, оқырманның уақытын жейді. Кешегі күндері бұл стильді өмір көтеретін, керек ететін. Бүгін­гі ғылыми-техникалық прогресс оны қажет етпейді. Қа­зір көлемі шағын, мәні терең еңбек­тер өтімді. Бұл – өмір талабы. Мәселен, Жанболаттың, «Олжас» атты материалы мына сөздермен аяқталады: «Қыс. Кеш. Медеуден қалаға қайтып келемін. Жанарымда тау, орман көрінісі, ал санамда ақын ағаның жүрек тебірентетін сөздері. Қар қылаулап тұр». Осы сөздерде қанша ойлар, сезімдер, көріністер тұр. Көп сөздермен баяндаудың керегі жоқ. Қалғанын әр оқырман өзінше түсінеді, табады, ғанибет алады.

Міне, ой экономиясы мен уақыт экономиясы деген осы. Бұл жаңалық ХХ ғасыр басында өмірге ене бастады. Оны саяси идеология мен гуманитарлық ғылымда ертерек сезген философ Н.Бердяев болатын. ХХ ғасырдың 90-жылдарына дейін көп жұртқа есімі, еңбегі белгісіз болып келген тұлғаның «Өзіңді өзің тану» жазбалары соның бір көрінісі. Ал өнер әлемінде оны алғаш ендірген француз суретшісі П.Пикассо еді. Ол ренессанс дәуіріндегі Рафаэль, Микеланджело сияқты өмірді реалистік тұрғыда дәлме-дәл бейнелейтін шығармалар сол кезеңге жататынын, енді кино, фото, телевизия заманында объектіні олай кескіндеудің орнына ой салатын шығарма тудырудың қажет екенін айтып, сол ағымды бастаған болатын. Мақсат – өмірді көшіріп, натура түрінде көрсету емес, көрерменді меңзеу мен ойлауға баулу. Бұл, әрине, жаңашылдық еді. Кейін оның бас­тамасын абстракционистер бұзып әкетті. Бұл басқа мәселе.

Пикассо бастамасы қазір өмір талабына сай тарай бастады. Аз сөзбен көп мағына беру – бұл математика әдісі. Осы тәсіл бүгінгі компьютер дәуірінде ғылымға, саясатқа, әдебиетке ене бастады. Міне, Жанболат журналистикада осы бағытты ұстауда. Мәселе том-том кітаптар шығаруда емес. Сол кітаптарда мәнді ой айта білуде. Өйткені тақырыптың мәнісін, білген адам қалғанын өзі тауып алады.

Сөз соңында мынаны айт­пақ­пын. Мен әңгіме етіп отыр­ған автордың бір басында бірне­ше қабілеттік қасиет көрі­ніс тапқан. Ол алдымен журналист. Журналист болғанда қандай: шыншыл, еш бүкпесі жоқ, оқиғаны дәлме-дәл айтып, жаза білетін, елдің ойынан шығатын, олардың көңілінде күдік қалдырмайтын, тиянақты журналист. Екіншіден, ол – жазушы. Объектісін жан-жақты суреттеп, кейде өзі емес, сол объектіні классикалық әдеби әдістер арқы­лы көркем тілмен сөйлете білетін жазушы. Үшіншіден, ол – ғалым. Оның жазбаларының бәрі тек ақпараттық бағыттағы материалдар емес, ғылыми ізденіс­тер, әр нәрсенің түбіне жетіп, түйінін табуға тырысатын, ойын қорытып беретін зерттеуші. Сон­дықтан автордың жазбалары ғылыми еңбекке жақын дүниелер. Төртіншіден, кейіпкеріміз – жаңашыл. Оның бұл қабілеті сонау кеңестік кезеңдегі журналис­тикада да алдына жан салғызған емес. Қазіргі тəуелсіздік заманында тіпті жаңарып, жанданып, əріптестерінің жазған-сызғандарынан жеке дара алға шығып кетті. Ал бұл өміршең еңбек, өшпейтін тақырып иесі деген сөз.

Айтпақшы, тақырып.., иә-иә, тақырып дегеннен шығады. Сөз етіп отырған творчество иесі­нің бесінші қасиеті міне, нақ осында. Олай дейтініміз, бұ­рын­ғыларын жоғарыда айттық. Енді кейінгі кездегі қолға алған шығар­машылық жобасына сəл-пəл ой тоқтатып қарайықшы. Шопан ата Жазылбек Қуанышбаев, атақты ақын Нұрпейіс Байғанин секілді ұлылар­дың ұрпақтарын іздеп барып, қазақ баспасөзінде жіпке тізгендей етіп бұ­рын-соң­ды кім жазды? Сол. Ал 50-60-70-жылдардағы Венгрия, Куба, Вьетнам, Египет-Израиль, Анголадағы «құпия соғысқа» қатысқан қазақтар ше? Оларды ұзақ уақыт бойы тірнектеп жүріп тауып, жалғанның жарығына алғаш рет кім шығарды? Тағы да сол. Алтыншы, ол ұраншыл журналист емес. Оған көрінген науқанға үн қосып, билікке сол арқылы көрініп қалайын деген пиғыл о бастан жат нəрсе. Міне, құдайдың берген жасы 90-нан асып отырмын ғой. Өз басым күні бүгінге дейін бұл інімнің: «Ура! Ура!» немесе: «Қуаттаймыз. Қолдаймыз!»  деген науқаншыл мақалаларын оқы­маппын. Көрмеппін. Осы жайт есіме түскенде Ресейдің ХІХ ға­сыр­дағы бекзат ақыны А.Феттің: «Көркемөнер – көркемө­нер үшін!»  деген руханият атаулыға адал ойы көз алдыма келеді. Менің пікірімше бұл – адамның өмірлік бағдары. Ұстанымы. Осындай ізгілік ізінің Жанболаттың бойынан табылғанына қуанамын. Риза боламын.

Бір кездері мен Жанболатқа айтқан едім: «Кездейсоқтық – ол да өмір заңдылығы, – деп. – Мәселен, орыстарда «момент истины» (шындық сәті) деген ұғым бар. Сол шын сәт соққанда, әр адам өзінің кім екенін байқатады. Күнделікті өмірде елеусіз жүрген жан, сын сағаты келгенде, ойламаған жерден ерлік көрсетеді. Ал керісінше, кейбір көзге түсіп жарқ-жұрқ етіп жүргендер ондай сәтте бұғып қалатын, тіпті сатқындық халге түсетін пенде болып шығады. Осындай жағдайлардың ішкі заңдылығы бар. Осы тақырыпты зерттеп, материал жазсаң қайтеді?» деген едім. Одан бері біршама уақыт өткен. Сол себепті ұмытқан немесе керексіз деген шығар деп ойлағанмын. Жоқ, олай емес екен. Менің бір кездегі айтқан идеям ескеріліпті. Жадында қалыпты. Оның дәлелі жоғарыдағы жайтқа байланысты жазған «Кешігіп жеткен даңқ» пен «Даладағы дивер­санттар» мақалалары. Бұ­лар­да философиядағы мен еске салған «шындық сәті» шынайы келтіріліп, терең ашылып көрсетілген. Өз басым содан кейін Жанболаттың жетінші қыры сірә, осында-ау деген тұжырымға келгенімді жасырмаймын. Өйткені айтылған ойды есте ұстап қалу, үлкенді-кішілі ғылым өкілдерінің идеяларын жерге тастамай сол бағытта іздену, ақыры одан нәтиже шығару бұл пікірлес, ниеттес жанды сыйлау, құрметтеу! Жақсы қасиет. Иә, жақсы қасиеттің ішіндегі ең жақсы қасиет.

Қазіргі халықаралық лексиконда эталон атты сөз бар. Əу баста бұл метрология ғылымына, соның жұмысына қатысты пайда болған термин еді. Мағынасы заттың ең жоғары деңгейіндегі өлшемі дегенге саяды. Уақыт өте келе бұл ұғым өмірдің басқа да салаларындағы озық үлгі, жақсы нəтижелердің шегі ретінде де пайдаланыла бастады. Олар мəселен, əдебиеттегі градациялық символ мен образ деңгейін бейнелеу, тіл ғылымы семантикасындағы бір нəрсені екіншісіне қарап салыстыру арқылы соның артықшылығын білдіру, синонимдегі үлгі, идеал ұғымдарының баламасы ре­тінде қолдану. Осыларды ойға алғанда өз басым Жанболат Аупбаевтың жарты ғасыр бойы қазақ баспасөзі беттерінде жария­ланып, уақыт, заман сынынан өткен деректі дүниелерін төл журналистикамыздың эталоны дер едім. Себебі тақырыптары тың, жаңа. Тіл байлығы мен сөз тазалығында гəп жоқ. Материал­дарының қай-қайсысы болса да терең танымдық сипатқа ие жəне сапалы орындалуымен құн­ды. Автор творчествосында бірса­рындылық пен жаттандылық жоқ. Оған əманда жаңашылдық, шығар­маларын түрлі формамен жазып, дерек-фактілерді ұтым­ды түрде ойнатып беру тəн. Ең бас­тысы ол жазу мəселесі барысында «кəкір-шүкір», «көр-жерге» ешқашан да араласпаған. Өмір бойы адам қызығарлықтай белгілі бір салаға ғана бейімделіп, тек соған қалам тартқан. Ол: өз еліміз бен шетелдердегі қандаста­рымыз арасынан шыққан сирек мамандық иелері, 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыс пен 1952-1989 жылдар аралығындағы «құпия соғыстағы» таңғажайып тағдырға ие қазақтар жəне туған республикамыздағы əлі көп ешкім сөз етпеген табиғат əлемінің тылсым жұмбақтары. Автордың осындай ерекшелікке ие шымыр, салмақты, соны əрі қызықты мақала-сұхбаттары мен эссе, очерк-фрагменттерін неге төл журналистикамыздағы үлгі – эталон демеске?! Мақаламды міне, осындай ізгі оймен аяқтағым келеді.

 

Досмұхамед КІШІБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, философия ғылымдарының докторы, профессор

 

АЛМАТЫ

 

Қазақтың қайсар қара баласы!

Жанболат інім!

Бағалар елің қолғанат ұлын.

Жұмыс деп жүріп ұмытып кетпе,

Журналисте де жан болатынын,

Жан болса ғана – ән болады, інім!

 

Басқалар бақса әліптің артын,

Бағумен жүрсің әріптің қалпын.

Таланттың бағы бейнет екенін,

Тағдырыңмен таныттың әр күн.

 

Қиырын барлық кездің даланың,

Тынысын елдің сездің, қарағым.

Бала-шағаңды Ләззатың бақса,

Бақтың сен жалғыз сөздің қабағын.

 

Қырандай көкте келді самғағың,

Шаршадым демей, елді шарладың.

Тәңірім сенің өзіңе емес,

Сөзіңе батпан берді салмағын.

Тәңіртаулардың тастүлегі едің,

Қыраны болдың, асты беделің.

Еңбегіңмен сен көшін бастадың,

«Егемен» деген басты кеменің.

 

Жастанып айды, жамылып түнді,

Боран тоңдырды, дауыл ықтырды.

Ақиқаттарға бүйрегің бұрып,

Бүйрегің содан ауырып тынды.

 

Жүрегіңді енді жараламашы,

Аурухананы араламашы.

Қатарда жүрген қаһарман інім –

Қазақтың қайсар қара баласы!

 

Жүрсін ЕРМАН,

ақын,  Қазақстанның еңбек

сіңірген қайраткері

  АЛМАТЫ