Оралда өтіп жатқан Қазақстан чемпионатының жартылай финалдық жекпе-жектері мәресіне жетті. 212 спортшыдан іріктелген 26 боксшы бүгін 13 салмақ дәрежесінде өзара жеңімпазды анықтайды. Аталған доданың басы-қасында жүрген Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Маратбек МЫҚТЫБЕКОВПЕН әңгімелесудің сәті түскен еді.
– Маратбек Сәменбекұлы, ел чемпионатын өткізу үшін неге Орал қаласы таңдалды?
– Әу баста биылғы чемпионатты батыс өңірінде өткізуге ұсыныс түскенде, кейбір бокс мамандары тарапынан қарсылық болған еді. Соған қарамастан ел біріншілігін Орал қаласында өткізуге шешім қабылдадық. Өйткені бұған дейін осы өңірде КСРО кезінде ғана ішкі чемпионат өткен екен. Енді араға 40 жылдай уақыт салып Қазақстан чемпионатын өткізіп отыр. Оның үстіне Рио Олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусінов осы жердің тумасы екені белгілі. Бұл ішкі біріншілік өңірде боксты дамытуға және Даниярдай чемпионды шығаруға үлкен септігін тигізетіні анық.
– Биылғы Қазақстан чемпионатының ерекшелігі 13 салмақ бойынша үздіктер анықталады. Салмақтың көбеюі ішкі бәсекелестікті төмендетіп жібермей ме?
– Қазақстан чемпионатына 212 спортшы қатысып отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Біріншіден, жаңа салмақта боксшылар әлі көп емес. Себебі олар өздерінің үйреншікті салмақтарында жұдырықтасқысы келеді. Кейбір салмақта 5-10 спортшы, ал кейбір салмақта 27 боксшы сынға түсіп жатыр.
– Жарыстың алғашқы күндерінде, ширек және жартылай финалдық айқастарда бірнеше жекпе-жек өте тартысты өтті. Тіпті финалдық айқас деуге болады.
– Бұл дегеніңіз боксшылардың деңгейі өскенін білдіреді. Біз биылғы чемпионатта 2003 жылғы жастарға мүмкіндік бердік. Солардың арасынан чемпион шығуы да мүмкін. Егер де бағы жанып жатса, олар халықаралық жарыстарда ел намысын қорғайтын болады.
– Финалға дейін рингте бірнеше боксшы жарақат алды. Спортшыларды жарақаттан сақтандыру үшін бокс шлемін қайтару керек деп ойламайсыз ба?
– Жанкүйерлер шлемсіз өткен кездесуді дұрыс көретін секілді. Соққылар дөп тигенде, жанкүйерлер қиқулап жатады. Сол себепті қазіргі таңда бас киімсіз ерлер боксы қызықтырақ деп ойлаймын.
– Чемпионат алдындағы жеребе қалай тартылды?
– Әдетте жеребе құрама боксшыларының деңгейіне қарай бөлінеді. Яғни былтырғы Қазақстан чемпионатынан бөлек, жыл бойы әртүрлі турнирде жеңімпаз болған төрт мықтыны жартылай финалда кездесетіндей мүмкіндік жасадық. Қалған боксшыларға IBA-ның (бұрынғы AIBA) ережесі бойынша жеребе тартылды.
– Құрамаға әр салмақтан неше боксшы алынады?
– Жүлдеге ие болған төрт боксшы құрамаға алынады. Сондай-ақ болашағы бар-ау деген боксшыларға да мүмкіндік беріледі.
– Келер жылы Қазақстан құрама боксшыларын қандай жарыстар күтіп тұр?
– Қаңтар айының аяғында Ташкентте тұңғыш рет 23 жасқа дейінгі боксшылар арасында Азия чемпионаты өтеді. Одан кейін Азия ойындарына қатысамыз.
– Жақында Нұр-Сұлтанға ат басын тіреген IBA басшысы Умар Кремлев қазақ боксын дамыту үшін келгенін айтқан еді. Умар Назаровичпен қандай келісімге келдіңіздер?
– Сербияда өткен әлем чемпионатында Умар Назаровичтің өзі біздің құрамадағы боксшыларымыздың деңгейіне, бапкерлер жұмысына жоғары баға берді. IBA-ға Умар Кремлев келгелі үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, биыл әлем чемпионы болған боксшы 100 мың АҚШ долларын алса, келесі әлем біріншілігінде ерлер де, қыздар да чемпион атанса, 200 мың доллар алады. Болашақта командалық әлем кубогы, үздіктер чемпионаты секілді жаңа жобалар іске асырылады. Олардың жүлдесі миллион доллардан асады. Мұның барлығы боксты бұрынғы деңгейіне қайта көтеру үшін жасалып жатқан жұмыс. Сондай-ақ еліміздің оқу орындарында бокс пәнін ашу жоспарымызда бар. IBA басшысы осындай ұсыныс айтып отыр.
– Жақында қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионатында +81 килодағы финалдық айқаста жеңілген Ләззат Күнгейбаеваның төрешілерге сұрағы бар. Осыған байланысты не айтар едіңіз?
– Ішкі чемпионатта төрешілерден бөлек, баға беруші және бес адамнан құралған бақылаушыларды енгіздік. Олардың ішіне федерация өкілі, аға жаттықтырушы, төрешілер, т.б. тәуелсіз екі адамды облыстардан алдырамыз. Егер де төрешілер тарапынан бұрмалаушылық болса, баға берушілердің пікірін тыңдаймыз. Олардың да пікірі қанағаттандырылмаса, бақылаушыларға жүгінеміз. Сондықтан боксшылардың ойында «бұрмалады» деген түсінік болмауы керек. Екіншіден, Күнгейбаеваның бапкері бізге шағым түсірген жоқ. Сондықтан, шағым болмағандықтан бұл кездесуді қарай алмаймыз. Ал ерлер боксында да финалға дейін сегіз шағым түсті. Екеуінің шешімі өзгертілген жоқ, алтауы қанағаттандырылды.
– Ғалым Кенжебаев баптаған ұлттық құраманың биылғы Азия чемпионаты мен Олимпиадада нашар өнер көрсетуінің себебі неде деп ойлайсыз?
– Біле білсеңіз, Ғалым Кенжебаев – өте білікті маман. Ол ұлттық құрамада қабілетін толыққанды көрсете алған жоқ. Меніңше, оған өзінің командасын жинауға мүмкіншілік берілмеді. Дегенмен жастар құрамасымен әжептеуір жетістікке жеткен Ғалым Қалиұлының сол қызметіне қайта оралғаны өте дұрыс болды деп ойлаймын.
– Жалпы, бас бапкерді, аға жаттықтырушыны кім тағайындайды?
– Бас бапкерді тағайындау бойынша федерация тарапынан ұсынысты Ұлттық олимпиадалық комитет пен Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне жібереміз.
– Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановтың жұмысына қандай баға бересіз?
– Бүгінде бас бапкерге үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Ол қазір ұлттық құрама бапкерлерін толық өзгертті. Құрамаға биылдың өзінде 2003 жылғы боксшылар алынады. Себебі Қазақстан чемпионатында үздік үштікке кірген бірнеше жас боксшы бар. Дәл қазір Қайрат Сәтжановқа үлкен сенім артып отырмыз. Барлық нәтижеге бас бапкер жауап беретін болады. Біз қазақ боксын әлемдік деңгейде қайта көргіміз келеді. Осы бағытта жұмыс істеп жатқан жайымыз бар.
– Әңгімеңізге рахмет.