«22 желтоқсанда «Шахтинская» шахтасында металл бұйымдарды тиеу кезінде 1975 жылы туған кенші жарақат алды. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, кейін ауруханаға жатқызылды. Өміріне қауіп жоқ. Оқиға тергеліп жатыр», деді «АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметі өкілдері.
Жұмысшысы профессор Хафиз Мақажанов атындағы клиникаға жатқызылды. Ол бас-ми жарақатын алған.
«Ер адам жедел травматология бөліміне жатқызылды. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты», деді Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы өкілі.
Айта кетейік, биыл қарашада «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының «Абай» кенішінде метан шығуы салдарынан алты адам қаза тапқан болатын. Кеніште барлығы 64 жұмысшы болған. 56 адам дереу эвакуацияланды. Сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан екі кенші зардап шекті. Кейін қаза тапқан кеншілер отбасына он жылдық еңбекақы төленетіні хабарланды.