Адам жаны – мың түрлі құбылыс. Оның тереңіне қандай да бір психологиялық, менталдық талдаулармен жете қоймайсың. Кейде мұхиттың тереңіндегі Мариана шұңғымасынан да әрі жатыр ма деп ойлайтынымыз бар. Әйткенмен, әдебиетте сан түрлі образдар жиынтығына түрлі тәсілдермен барлау жасалып жатады.
Шығармалары жаһанның тоқсанға жуық тіліне тәржімаланған Пауло Коэльоның қай туындысы да оқырмандарын бейжай қалдырған емес. Әлбетте, әркім әртүрлі қабылдайды. Солай болуы – заңдылық.
«Жарық жауынгерінің кітабы» 1997 жылы жазылған. Бұл Пауло Коэльоның реттік жағынан келсек, жетінші романы.
«Жарық жауынгерінің кітабы» әдеттегі сюжеттерден тұтасымен ажыратылған. Бұл стилистикалық тұрғыдан өңделген және көркем түрде қайта ойластырылған астарлы әңгімелер, афоризмдерден тұрады десек те болады. Кітаптың семантикалық өзегі – даналық пен даралықты біртұтас жиынтыққа біріктіретін жарық жалған жауынгерінің романтикалық бейнесі. Бір образдың ішіне мың түрлі мінез бен пайымдау сыйып кеткен. Олардың әрқайсысы адамзат тыныштығының күзетшісі болуға ұмтылады.
Кездесулердің бірінде жұмбақ қонақ балаға жарық жалғанның жауынгері туралы романның мәтінін жазады, оны жас студент дәптерге түсіреді. Тосын «сабақ» түгесілген шақта бейтаныс адам өз атын атамай жоғалады. Роман негізінен философиялық пайымдаулардан тұрады.
Туындының басты миссиясы – жарық жауынгерінің бейнесін ашу. Әсілінде, автор адамзаттың мистикалық қорғаушысы қайдан пайда болғандығы туралы тұспалдап та айтпайды. Бейненің шығармадағы маңызын түсіну үшін «жарық жауынгерінің» моральдық принциптері мен рухани құндылықтарына назар аударады.
Жауынгердің басты қаруы – сенім, үміт және махаббат. Сол сенім жүректі қанжардың жүзінен қорғауға, амал таусылған кезде екінші демді ашуға қабілетті. Кісі қиналған кездерде оның бойын жын билейді. Ол адамды шатастыруға, сол арқылы оның осалдығын білуге тырысады. Бұл уақытта кісі бойындағы періште үнсіздік әлеміне сапар шегеді. Ол ойлау мен пайымдау қажеттігін ұдайы еске салады. Сондықтан қиын жағдайда жауынгер ешқашан «ішкі дауыс» деп аталатын нәрсеге сенбейді, бірақ жағдайды тыныштық күзетшісі ретінде талдайды. Ішкі қарсылықтар мен бұлқыныстарды салқынқанды қалыпта зерделейді.
Кез келген адам сияқты жарық жауынгерін адамзат бойындағы кертартпа мінездер мазалайды. Егер жауынгердің денесі демалса, оның санасы, ақыл-ойы, қиялы жұмыс істейді. Ми демалған кезде дене жаттығады.
Адамдар бостандық туралы көп айтады ғой. Алайда олар шынайы бостандықты жалған бостандықтан ажырата алмайды. Шын мәнінде адам мүлдем еркін бола алмайды, жалған құндылықтарға ұмтылушылықтардың зардабынан өмірге деген қызығушылығын жоғалтады. Сондықтан жарық жалған жауынгері «өз іс-әрекетінде еркін, бірақ ол – өз арманының құлы». Оның пайымы – осы.
Ішкі әлемін қызғаныш оты өртегендер оны еркіндігінен айырылған деп айыптауы мүмкін. Бірақ ол адамның айдаладағы арал немесе түбек емес екенін біледі, ол жалғыз өмір сүре алмайды. Сондықтан ешқашан одақтастарының көмегіне жүгінбейді және әрқашан мақсаттары мен мұраттары өзінікімен үйлесетін адамдарға қолдау көрсетеді. Ол шынайы және жалған достарды ажырата біледі. Біріншісі көп емес. Екіншісі жүздеген болуы мүмкін. Олар жалған көз жасын төгіп, жалған күлімсіреуді біледі. Бірақ олармен көп уақыт өткізу – өлім. Жауынгер мұны миына шегелеп алған.
Ол ғажайыптарға сенуді ұмытпады. Ол ойдың материал екенін түсінеді. Ал сапалы материал өмірді өзгерте алады. Жауынгер түптің түбінде махаббатпен кездесетініне күмәнданбайды. «Міне, махаббат пайда болады», дейді өзіне-өзі...
Біздің өмірімізде айтылатын әрбір сөз бен ойдың маңызы бар. Алайда адам бойына сенім қақпасын орнатқан сөздердің салмағы ауыр. Өмірдің кілті – сенім. Сенімсіз айтылған сөздер – бос дыбыстар. Туындының түпкі айтар ойы да сол. Кісіліктің ең басты күзетшісі – сенім.