Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаментінің қызметкерлері «Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімінің аппараты» КММ абаттандыру бөлімінің басшысы мен «Аstana-Курылыс ХХІ» ЖШС басшысына қатысты бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Бұл туралы агенттіктің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Белгілі болғандай, мердігер «Аstana-Курылыс ХХІ» ЖШС мен Түрксіб ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімі арасында 71 млн теңгеден астам сомаға «Бас Қарасу» өзенінің арнасын қайта жаңартуға шарт жасалған. Алайда аталған құжатқа жалған мәліметтердің жазылғаны анықталды.
«ЖШС басшысы 2019 жылдың тамызынан қыркүйекке дейін аудан әкімдігінің лауазымды тұлғасының көмегі арқасында орындалған жұмыстар актілеріне жалған мәліметтер енгізу арқылы жалпы сомасы 28 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру әрекеттері жасалды. Бөлім басшысы К.Воропаев пен «Аstana-Курылыс ХХІ» ЖШС басшысы Е.Исаев 7 және 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды», делінген хабарламада.