Қарағанды облысының екі тұрғыны арасында жанжал шығып, атысқа ұласқан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Оқиға 17 желтоқсанда орын алды. Қарағанды облысы Осакаров ауданының полиция бөліміне кенттердің бірінен екі ауыл тұрғыны арасында қақтығыс болғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Оқиға орнына дереу жеткен тергеу тобы елеулі салдарға әкелген жанжал бұрынғы өкпе-реніштен басталғанын анықтады.
«Сөзге келісіп қалған азаматтардың жанжалы төбелеске ұласты, кейін олардың бірі, 35 жастағы ер адам үйге кіріп, өзімен бірге аңшылыққа арналған мылтығын алып шығып, оған оқ жаудырды. Атыстан зардап шеккен адам Қарағандының медициналық мекемесіне жеткізілді. Күдікті өз кінәсін толықтай мойындады», деп түсіндірді Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Тергеу барысында күдіктіден заттай дәлелдемелер, мылтық пен гильза тәркіленді. ҚР ҚК 293-бабы «Бұзақылық» бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.