• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Желтоқсан, 2021

«Корей толқыны» жаһанды қалай тербеді?

987 рет
көрсетілді

Корей толқынының лебін алғаш сезген елдердің бірі Қазақстан десек қателеспеспіз. Республикалық телеарналардан махаббат хикаяларын баяндаған сериалдар көрерменді баурап алды. Арада он жылдан астам уақыт өткенде корей мәдениеті жаһандық феномен болып шыға келді. Бұл үдерістен біз не үйрене аламыз?

«Поп» мәдениеттің отаны саналатын Батыс аудито­рия­сы­на Азияның өнімін ұсынып, мойындатқан да осы корейлер. Қазір K-drama, K-pop, K-beauty жеке-дара та­нымал салаларға айналып, ел экономикасына үлес қосып отырған табыс көзіне айналды. 20 жылға жуық уақытта қол жеткізген бұл жетістіктің сыры жасы­рын емес. Корей өнімін бәсе­ке­ге қа­бі­летті етіп, үздіктер қа­та­ры­нан көрінуіне мемлекет сеп болғаны белгілі.

Hallyu («Халлю») – қытай термині, «корей толқыны» деген мағынаны білдіреді. Бұл – корей музыкасы, фильмдері, драмасынан бастап, онлайн ойындары мен ұлттық тағамдарының аса танымалдылыққа ие болып, корей мәдениетінің ғаламдық феноменге айналғанын айшықтап көрсететін ұғым. Біз айтып жүрген «жұмсақ күштің» нағыз үлгісі осы емес пе?

Оңтүстік Кореяны әлемдегі «поп» мәдениеттің басты экс­порт­­таушысына айналуды көз­деп, сол бағытта арнайы мем­­­ле­кеттік бағдарлама әзірлеп, соны жүзеге асырған аз елдердің бірі деуге болады. «Корей тол­қы­ны» елдің экономикасы мен мә­дениетіне зор үлес қосып қана қоймай, елдің жағымды имид­жіне де оң әсер етті. Оны соңғы 20 жылдағы Азиядағы ең ірі мәдени құбылыстардың бірі деуге әбден болады. 2004 жылы Оңтүстік Кореяда ІЖӨ-нің 0,2 пайызын осы сала құраған, ол шамамен 1,87 мил­лиард доллар. Ал 2019 жылы корей экономикасына 12,3 миллиард доллар табыс әкелген екен. Бұл – мәдени өнім экс­пор­тының қаншалықты табыс­­ты болатынының анық көр­сеткіші. Соңғы екі он­жыл­дық­та Оңтүстік Корея бай әрі бәсекеге қабілетті озық елдер­дің біріне айналғанын ескерсек, ұлттық мәдениетті дамыту бағыты өзге де салалардың ілгерілеп, табысқа кенелуіне қозғаушы күш болған деген қорытындыға келуге болады.

Батыс әлемі «Корей тол­қы­­нын» феномен ретінде қарас­ты­рып, талдай бастағанына біраз болды. Сол деректерге сенсек, Корея Республикасы елдегі өн­ді­рісті, Samsung, LG секілді ірі компанияларды бас­тапқыда қа­лай қолдаса, мә­дени революцияны да өзінің қамқорлығына алған. Сол алпауыт бизнестерге елдегі «поп» мәдениетті дамыту, қаржылай қолдау сеніп тапсырылған кө­рі­неді.

Оңтүстік Корея бүгінгі дәре­же­сіне қалай жетті? Әлем­дегі озық эко­но­ми­ка­лардың бі­рі­­не қалай айналды? Бұл сұ­рақ­­тарға «технология» мен «поп мәдениет» деген екі жауап сұранып тұр. Өйткені біз білетін Корея Республикасы күнделікті қолданып жүрген смарт­фон, тұрмыстық техникасымен қатар, көзіміз үйренген медиа өнімдерімен де танымал. Мұны Азия құрлығының тұр­ғыны ретінде ғана емес, әлем­дік медиа кеңістіктегі ойын-сауық контентті көріп, ба­қы­лап, тұтынып жүрген адам ретінде айтып отырмыз. Ма­қа­ланың мақсаты да өзге­нің жетістігін жетер жеріне жет­кі­зіп мақтап, тамсанып отыру емес, әрине. Көп жылдан бері олимптен түспеген Батыс «поп» мәдениетін ығыстырып, бәсекесі жоғары ортаға жаңадан қосылса да, өз орнын дәл тапқан тың тәжірибені өзімізше талдап көруге тырыстық. Өйткені әлемдік медиада «Азиялық түр-сипаттың, тұрпаттың» тұ­ты­­нушыны қызықтыра бас­та­уы, жоғары сұранысқа ие болған кезі осы. Корей туындылары көрерменнің ғана емес, кәсіби мамандардың да жоғары бағасына ие болғаны белгілі. Корейлік «Паразит» фильмі 2020 жылы кино әлеміндегі беделді Оскар сый­лығын төрт бірдей аталым бойынша жеңіп алуы соның дәлелі. Ағылшыншадан өзге тілде түсірілген туындының үздік фильм атануы Оскар тарихындағы 92 жылда тұңғыш рет орын алды. Мұны кино тарихындағы жаңа кезеңге бала­ған мамандар да бар.

Бұл өзгерістер Қазақстанның креативті индустриясына да өзіндік серпін берген болуы мүмкін. Өйткені соңғы жыл­да­­ры қазақстандық өнер­паз­дар­ға посткеңестік аудитория ерекше назар аудара бас­та­ды. Бұл жағдайдың «корей толқынымен» тұспа-тұс келуін қа­лай түсіндіруге болады? Әлеу­меттік желілерде қа­зақ­тар жасаған орыс не қазақ тілін­дегі кез келген контенттің қа­ра­­лымы жоғары. Ресейдегі ең танымал өнімдерге қазақ өнер­паз­дарының қатысы барын аңғару қиын емес. Қазақстан пост­кеңестік кеңістікте бейресми «шығармашылық ұста­ха­наға» айналып үлгерді. Мұның барлығы кездейсоқ емес. Бұл жаһандық өзгерістер мен трендтер жергілікті дең­гей­де де қайталанатынын көр­сетеді. Қазақстандық өнер­паз­дардың алдында оңтүстік­ко­реялық тәжірибені шағындау аудиторияның аясында қай­талап көру мүмкіндігі тұр, ал­ғы­­шарт­тары да бар.

Көптің санасында «ш­ы­ғар­маш­ылық табыс әкел­мей­ді» деген тұжырым қанша шегеленіп қалса да, нарықтық заманда ереже басқа екенін ұмытпаймыз. Жоғарыда корей мәдениетінің ел экономикасына қанша табыс әкелгені босқа айтылған жоқ. Соңғы уақытта креативті экономика дегенді жиі естуіңіз бар шығар? Міне, дәл осы шығармашылық, мәдениет пен сәннен қыруар табыс тауып жатқандар бар. Әйтпесе Біріккен Ұлттар Ұйымы 2021 жылды креативті экономика жылы деп жариялап несі бар? Сарапшылар пандемия салдарынан болған экономикалық дағдарыстан шы­ғу­дың жол­дарының бірі ретінде дәл осы креативті экономиканы көрсетіп отыр. Қазақстан да креативті индустрияның ма­ңы­зын мойындап, Үкімет осы бағытта шаралар қабылдап жат­қаны белгілі. Ел Президенті Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында Қазақстан мәдениетін жаһандық деңгейде танытып, алайда елеу­сіз қалып жүрген жас дарындар мен шығармашылық топ өкілдерін қолдау жайлы айтып, нақты тапсырмалар берді. Креативті индустрияны қолдау қорын құру жайлы сөз болды. Ай басында Үкімет Креативті индустрияларды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасын да қабылдап үлгерді. Десе де мем­­ле­кеттік органдар шығар­ма­­шылық индустрияны креа­тив­тен ада шешімдері мен ша­ралары арқылы шаршатып жібере ме деген қауіп жоқ емес. Жылдық жоспарды орындаймыз деп жүріп, сапа мен идея жоғары тұратын саланың мазасын алмаса болғаны.

«Корей толқынының» бізге қан­дай қатысы барына көз жет­кіз­гендейміз. Бұл – біз үшін тың тәжірибе. Осы тұс­та айта кететін бір жайт, шығар­ма­шылық туын­ды­ның сәтті шығуына әсер ететін тағы бір шарт бар. Ол – еркіндік, шығармашылық тәуелсіздік. Мәселен, 1996 жыл­ға дейін Кореяның цензура туралы заңдары режиссерлер мен басқа да өнерпаздарына дау­лы деп саналатын көптеген тақырыпты көрсетуге тыйым салып келді. Тек сол жылдан бастап жас және жігерлі дарын иелері кино мен музыка арқылы жаңа әрі батыл идеяларды қаузауға мүмкіндік алған. Дәл осы кезеңде көптеген ық­пал­ды кинорежиссерлердің пайда болғаны айтылады.

Бүгінде қазақ қоғамында жас­тардың шығармашылығы қай­шылық тудырып, қатаң сын астында қалып жатқанына куәміз. Көп жағдайда сол шы­ғар­машылықпен өмір бойы айналысқан аға буынның өзі жастарды шектеп, ішкі цензурадан аса алмай жатқан сәт­терін байқап жатамыз. Шығар­машылық пен еркіндік – егіз ұғым екені естен шықпаса керек.

Жарыққа шыққан алғашқы айда 111 млн қаралым жина­ған «Кальмар ойындары» корей өнімдерінің әлемде қанша­лық­ты танымал екенін тағы бір рет көрсетті. Оңтүстік Кореяның мәдени революциясы әлі талай зерттеу мен тақырыпқа арқау болатыны анық. Ал медиа кеңіс­тік­те тікелей байланысы жоқ «корей толқыны» мен қазіргі қазақ мәдениеті қалай қатар дамып жатқаны тіпті бөлек, ауқымды ғы­лыми зерттеуге сұранып-ақ тұр.