• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
Пікір 27 Желтоқсан, 2021

Кемшілікті кеңшілікпен түзесек

259 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласының соңына қарайғы мынадай сөздер көзіме оттай басылды. «Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек», дейді Ұлт Көшбасшысы.

Дәл осы жерге келгенде газетті қоя тұрып, қалың ойға шомдым. Иә, мен өзім осы жасқа келгенше не тындырдым? Ел есінде жақсы атыммен қалатындай қандай игі һәм шарапатты істер атқардым? Қарап тұрсаңыз, бұл өзін өзі саналы санайын әрбір азаматтың ұйқысын қашырып, мазасын алатын сауал екен-ау...

Иә, бұл сұрақты өзіне қоя білген арлы жанның жауабы да дайын болуы шарт. Түптеп келгенде, бұл дегеніңіз адам­ның өзіне өзі есеп беруі ғой. Ме­нің­ше, Қазақстанның әрбір елжанды аза­маты бұл сұрақты өзіне күнде қойып, жауа­бын адал ісімен, сіңірген еңбегімен көрсетуі тиіс деп ойлаймын.

Әлі есімде, тәуелсіздік алған жыл­дардың бас жағында Жезқазған өңірі­не жұмыс сапарымен келген Тұңғыш Президенттен көптеген журналис­тердің арасында тұрып, радио тілшісі ретінде сұхбат алған едім. Сол кезде жанары от шашқан Нұрсұлтан Назарбаевтың әрбір сөзі мергеннің атқан оғындай нысанасына дөп тиіп жатып еді. «Иә, – деген сонда Тұңғыш Президент, – қазіргі қиындықты ел болып бірігіп жеңетінімізге бек сенімдімін. Бұл қиын­шылықтың бәрі бір көрген түстей өте шығады, ұмытылады. Біз бірлігіміз бен ынтымағымыздың арқасында әлі-ақ өсіп-өркендеген мемлекетке айналамыз».

Міне, содан бері жылжып бірталай жыл өтті. Бүгінде Елбасының айтқаны ай­дай келді. Жоғарыда аталған ма­қала­сында ол былай деп жазады: «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлем­дік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын».

Тура осы жолдарға келгенде кейбір пиғылы теріс пенделердің сыңарезу пікір айтып,  жақтырмағандай мыр­сыл­дағанын естіп те жүрміз. Иә, тарихтың өлшемімен алғанда қас қаққандай-ақ уақыт – отыз ғана жылдың ішінде ойды да, қырды да түгел гүлдендіріп тастау деген ақылға сыймайтын шаруа. Тәуекелге бел буып, ірі істердің жалынан алған жас мемлекетте ұсақ-түйек кемшіліктер, олқылықтар болмайды деп кім айтты?!

Түймедейді түйедей ету әркімнің қолынан келеді, ал бір түйір болса да елге пайдамды тигізсем деген пиғыл, өкі­нішке қарай, кейбір азаматтарда аз бо­лып тұр. Ендеше, ниетті оңғарып, кем­шілікті кеңшілікпен түзейтін сана биі­гіне көтеріле алсақ, еліміздің еңсесі бұ­рын­ғыдан бетер асқақтай түсер еді-ау!

 

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

Қарағанды облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты

 

Қарағанды облысы