Былтыр ма, әлде жылдың басында ма еді, Шымкентке құдалыққа барғам ғой. Құданың үйінен кейін ағайындары жиналып, кафеде күтті. Қаланың қақ ортасындағы кафеге түс қайта келдік. Келген жеріміз үлкен тойхана екен. Бір бұрышынан осындай құдалық сияқты кішігірім той істейтіндерге арнайы зал ашып қойыпты. Төрге жайғасып, «алың-келің» бастала бергенде даяшы жігітті шақырып: «Жақын жерде мешіт бар ма?» деп сұрадым. Ол ойланып қалды. Есіне түсіре алмады-ау деймін: «Намаз оқиын деп пе едіңіз?» деп өзіме сұрақ қойды.
– Иә..
– Қазір осы залдан шықсаңыз, сол жаққа қарай дәліз бар. Соның төріндегі есікке кірсеңіз, той залына кіресіз. Едені кілем. Бүгін той жоқ. Сол залда оқып алсаңыз болады…
Кешке қарай құдалық қызды. Сөз сөйлеушілер де, билеушілер де көбейді. Екі жақ бір-бірін қимағандай қайта-қайта музыка қойғызып, ортаға секіріп шығады. Қайта-қайта тост көтеру. Стаканын ұстап, стол аралау… Бидің арасында қаншама арақ ішілді. Әйтеуір, бәрі көңілді, бәрі қызу…
Бір үлкен ағамыз шақырып алып: «Құдаларға ескертші, біз жақ енді қайта берсе… Әлі арамызда сонау ауылға қайтатын адамдар бар. Жол ұзақ, күн суық дегендей… Бәріне ризамыз. Енді бата берсін бізге…» деп, жұмсап жіберді. Өзім де шам намазын оқуға асығып, сыртқа шыға алмай отырғанмын. Лып етіп, сыртқа шықтым.
Басқа-басқа шам намазын дәл уақытында оқу керек. Сондықтан алдымен намаз оқып алмаққа әлгі залға бет алдым. Кірсем, далада қас қарайып қалғандықтан бөлме іші ептеп қараңғылау екен. Бірақ, үлкен-үлкен терезелерден көмескі жарық түсіп тұр. Жан-жақтан қоршаған орындықтардың арасына тұра қалдым.
Екі ракатты оқып, енді сәждеге бас қоймаққа еденге еңкейе бергенімде үлкен залдың есігі сарт етіп ашылып, ішке біреулер апыл-ғұпыл кіріп келді. Ар жақта музыка ұрып тұр. Кірген бойда біреуі айқайға басты. Алла өзі кешірсін, намаз оқып жатқанда құлағыңды жауып отырмайсың ғой. Оның үстіне тура жанымда тұр. Айқайлап жатқан әйел адам. Және даусын танитын да сияқтымын.
– Ей, сен тамада балаға айтсаңшы… Болды, құдалықты аяқтасын… «Тағы бір, бір би…» деп, адамның әбден зықысын шығардыңдар ғой… Мұндай да құдалар болады екен-ау… Өзіміз құдалыққа барсақ қайтуға асығып отырамыз. Бұлар болса былқ етпей әлі отыр. Еш асығар емес қой тегі…
Сәждеден басымды көтеріп, тізерлеп отырып, қайтадан сәждеге бас қойдым. Бірақ даусым әлсіз шықты ма, әлде ар жақтағы музыканың даусы басып кетті ме, есіктен кіргендер мені естімеді де, бұрылып та қарамады. Еркек байғұс ақталып жатыр. Әйел тыңдар емес.
– Білмеймін. Қазір кір де, тамада балаға бірден ескерт. Музыканы өшірсін… Енді қайтып қоймасын. Құдаларды қайтармай, сендер ұстап отырсыңдар… Арақ құйсаң, ләкілдетіп іше береді… Болды, аяқтаңдар құдалықты… Арақ та қалмай барады. Білесің бе, екі-ақ бөтелке арақ қалды складта… Неменеңе жетісіп ләкілдеп жүрсің?.. Мен мына жақта жаным шығып, өліп барамын… Сен жүрсің ана жақта «Құдаша, бір би, бір би…» деп, адамның жынын келтіріп…
Мұндай қысылмаспын. Сәждеден тұрайын ба, жоқ па деген ой келді. Әлде өстіп жата берейін бе? Тұрсам, бүлдіремін-ау. Бірақ амал жоқ қой. Мен Аллаға құлшылық жасап жатыр емеспін бе?
«Аллаһу Акбар» деп, бұл жолы даусымды қаттырақ шығарып, тура құдағидың құлағының түбінен орнымнан тұра бердім. Айқайлап жатқан апайдың «Астапыралла» деген даусы естілді де артынша есік сарт етіп ашылып, екеуі ұмар-жұмар далаға атып шықты. Көзім көрген жоқ, бірақ есі шыққан әйел еркекті баса-көктеп, үстінен аттап өтіп кетті-ау деймін. Еркектің де «Ойбай» деген даусы естіліп қалды. Артынша есік сарт етіп жабылды.
Намазымды оқып болып, ішке кірсем, ел жаппай батаға қол жайып жатыр екен…
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы