• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 28 Желтоқсан, 2021

«Канелоның» таза емес екендігіне 150 пайыз сенімдімін – Евгений Хитров

3544 рет
көрсетілді

Украиналық боксшы Евгений Хитров екінші орта салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионы, мексикалық Сауль «Канело» Альварестің рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек қолданатындығына сенімді екендігін жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz championat.com-ға сілтеме жасап.

«Кәсіпқой бокс әлеміндегі барлық беделді ұйымдарға сөзіңді жүргізудің бір ғана жолы бар. Қай боксшы көп табыс әкеледі, соның айтқаны заң екені мәлім. Сауль Альварес қазір өзі қалаған боксшымен қолғап түйістіріп жүр. Неге? Өйткені ол негізгі деп саналатын төрт ұйымның бәрін асырап отыр. Мен оның химиялық препараттар пайдаланатындығына 150 пайыз сенімдімін. Жартылай ауыр салмаққа көтеріліп, Сергей Ковалевті нокаутқа жіберудің астарында үлкен мән жатыр.  Әрбір бокс ұйымы оған тексерушілер баратын кезде ескертіп қояды. Ол сол уақытта ағзасын тазартып үлгереді де, кейін қайтадан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмек қолданады. Осылайша қалаған салмағына көтеріліп, қалаған қарсыласын жеңіп жүр», дейді украиналық боксшы өз ойын түйіндеп.

Естеріңізге сала кетейік, біраз уақыт бұрын отандасымыз Геннадий Головкинмен екінші жекпе-жек өткізуге ниет білдірген «Канелоның» ағзасынан рұқсат етілмеген дәрі-дәрмектің бір түрі кленбутеролдың ізі табылған болатын. Әрине, ол кезде «Канелоның» командасы бар кінәні сиыр етінен жасалған тағамға жауып, өздерін ақтағысы келгені есте. Жалпы, бір рет допинг дауымен уақытша спорттан шеттетілген спортшыдан бәрін күтуге болады ғой...