• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 28 Желтоқсан, 2021

Тіліміздің қолданысын кеңейтетін құрал

665 рет
көрсетілді

Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орта­лығында «Қазақ тілі ұлттық корпусы публицис­тикалық мәтіндер кіші корпусының» тұсаукесер рәсімі өтті.

Елімізде қабылданған «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасының құрамында тіл саясатын іске асыруды көздейтін арнаулы бағыттың бірі – қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндер кіші корпусы. Лингвистикалық корпус – тілдік құбылыстарды (әсіресе сөз, фразаларды) іздеуді жеңілдететін белгілі бір тілдегі жазбаша және ауызша мәтіндердің электронды түрде жинақталған ақпараттық-анықтамалық базасы. Ол іздеу нәтижесін табиғи контексте көрсетеді.

Корпустың тұсаукесер рәсімін Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қаба ашты. Ол өз сөзінде «Алдағы уақытта қазақ тілі ұлттық корпусы мәтіндік базасының көлемін арттырамыз. Корпус – дегеніміз белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Ұлттық корпустар тілді ана тілі немесе шет тілі ретінде үйрету үшін де маңызды», деді Ә.Қаба.

Таныстырылым барысында жоба жетекшісі филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова: «Әлемде оқулықтар мен оқу бағдарламалары қазір корпусқа бағытталған. Кез келген шетелдік, мектеп оқушысы, мұғалім, журналист, редактор және жазушы корпусты қолдана отырып, бейтаныс сөзді немесе грамматикалық форманың қолдану ерекшеліктерін тез және тиімді тексере алады. Ұлттық корпус алдымен тілдің лексикасы мен грамматикасын, ондағы жүздеген жылдар бойы болған өзгерістерді ғылыми зерттеу үшін қажет. Қазіргі технологиялық дамудың арқасында ақпаратты іздеуді оңтайландырды», деп сөзін түйіндеді.

Аталмыш жобаны Тіл саясаты комитетінің мемлекеттік тапсырмасымен «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы әзірледі.

Жоба жетекшісі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Нұрлыхан Аитова, ІТ жабдықтау бойынша жетекшісі – Мөлдір Бақыт­қызы. Жоба жұмысына А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­верситеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситеті, Назарбаев Университет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, Байішев университеті, Minialgo ЖШС, «Qazkitap баспасы» ЖШС-ы мамандары қатысты.

Ұлттық корпус – қазақ тілінің бір жүйеге тоғыстырылған барша тілдік материалдарының базасы болуымен бірге мемлекеттік тілдің виртуалды кеңістіктегі қолданысын, семантикалық кеңістігін кеңейтудің, ақпараттық таралымын арттырудың, тілдік ресурсты жаппай қолжетімді етудің тетігі.

Цифрландырылған жүйе түріндегі қазақ тілдегі мәтін­дер базасы – ұлттық тіліміздің өмір сүруінің белгілі бір кезеңінде әдеби тіл стильдерінің, тілдік қолданыстардың барлық түрлерін жинақтап, тұтынушыларға жеткізуші ақпараттық-анықтамалық ашық жүйе.

«Аталмыш корпустың орыс, ағылшын тілдерінде жұмыс жасауы өзге ұлт өкілдерінің қолдануына үлкен мүмкіндік береді. Бұл ерекше атап өтетін жетістік. Соны­мен қатар дизайны нақты, түсінікті, корпус стандарттарына сай және нұсқаулығы жоғары деңгейде жасалған. Меніңше мобильді нұсқасы іске қосылса, тұтынушылар үшін тиімді болар еді», деді татар тілінің ұлттық корпусын әзірлеуші Мансур Сайхунов.

Корпус таныстырылымына Ресей, Башқұртстан, Татарстан, Қырғызстан ғалымдары қатысып, жобаға өз баға, ұсыныстарын білдірді.

Іс-шара пікір алмасып, ұсыныстар білдірумен жалғасты. Мамандар жаңа жобаға жоғары баға беріп, сәттілік тіледі.