Нұр-Сұлтанның «Барысы» Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын өз мұз айдынында Екатеринбургтің «Автомобилисіне» қарсы өткізді.
Қос команданың жанкүйерлері бұл бәсекені тағатсыздана күтті. Себебі «Барыс» пен «Автомобилист» жарыс кестесінде қатар тұр. Плей-офф додасына жолдама алу үшін қазіргі кезде екеуіне де жеңіс ауадай қажет. Соны қаперіне мықтап түйген ойыншылар мұз айдынында аянбай айқасты. Бірінші кезеңде таблодағы есеп үш мәрте өзгерді. 4-минутта Никита Михайлис елордалық клубты алға шығарса, 8-минутта Стефан Да Коста таразы басын теңестірді. 16-минутта Кертис Волк жергілікті көрермендерді тағы бір қуантты. 39-минутта екатеринбургтік команданың шабуылшысы Анатолий Голышев мергендік танытты. Одан кейін осы есеп негізгі уақыт пен овертаймның аяғына дейін сақталды. Буллит соғу барысында «Барыстың» бағы жанды. Есеп – 3:2. Бұл жолы жеңіс шайбасын қақпаға енгізген Линден Вей.
Осы жеңістен кейін «Барыс» жарыс кестесінде 17-орынды сақтап қалды. Олардың қоржынында 42 ұпай бар. Жерлестеріміз бүгін Нұр-Сұлтанда Уфаның «Салават Юлаевын» қабылдайды.