Тәуелсіздік мерекесінің ертесінде-ақ Өскемендегі орталық алаңға шырша тіктеліп, безендіруге кіріскен. Бірақ бұл жолғы жасанды шырша бұрынғыдан өзгерек. Әлем-жәлем ойыншығы жоқ. Жан-жағына қазақтың қошқар мүйіз оюы жапсырылған.
Жаңа жыл қарсаңында Өскемен шаһары жалт-жұлт етіп, ертегідегідей ерек кейіпке енеді. Әсіресе орталық алаң өзгеше құлпырады. Жасыл желекті орманнан қиып әкелмейді, жасанды. Дұрыс та бұл. Бес күнгі қызыққа бола жайқалып тұрған шыршаға балта шабу – қиянат. Дегенмен, кейбір ауылдарда шырша кесіп, алаңға орнату әлде де тыйылмай тұр. Ал облыс орталығында неше жылдан бері мерекені жасанды шыршамен-ақ өткізіп жүр. Ал биылғы сәукеле тәрізді шырша елді елең еткізбей қоймады. Қоғам пікірі де екіге жарылды. Бірі шырша жаңа жылдық көңіл күй сыйлауы керек десе, енді бірі оюлы шырша қазақы рухымызды көтеріп салды десті.
– Өскемендегі алаңға орнатылған жаңажылдық шырша біразының бетпердесін шешті. Ұлтаралық татулықты қолдамайтын, керісінше өршіте түскісі келген өзге ұлт өкілдері су бетіне қалқып шыға келді. Ал қала басшылығы биыл батыл қадамдар жасай білді. Дәл Өскеменге орнатылған шырша Қазақстанның ешбір қаласында жоқ. Шыршаны қазақыландырдық. Ертең Аяз атаға да қазақтың шапанын кигізсек, артық болмайды, – дейді қоғам белсендісі Аян Қалымбек.
Иә, сәукеле іспеттес шыршаны кемсітіп, келеке еткен ел де жоқ емес. Қалай болғанда да, Өскеменнің өзгеше шыршасы көпшіліктің назарын өзіне аудармай қоймады. Шыршаны қызықтап суретке түсіп жүрген жұрттың қатары қалың...
ӨСКЕМЕН