17-30 қаңтар аралығында теннистен «Үлкен дулыға» санатына жататын жарыстардың бірі – Аустралияның ашық біріншілігінің жалауы желбірейді.
Осындай дүбірлі додада бой көрсету әр спортшы үшін үлкен абырой әрі зор мәртебе екені белгілі. Бір жағынан әлемдік рейтингте жоғарылауға тамаша мүмкіндік туындайды, екінші жағынан материалдық жағдай да күрт жақсарады. Алайда бірқатар әйгілі теннисшілер Мельбурнге барудан бас тартып отыр. Әрқайсысының өз уәждері бар. Мәселен, Новак Джокович коронавируске қарсы вакцина алуды қаламайды. Басқа да біраз теннисші дәл сондай ұстанымда. Ал ұйымдастырушылар онсыз жарысқа қатысуға тыйым салып отыр.
Сарапшылар мен мамандар жасыл құрлыққа әлемдік теннистің жарқын жұлдыздарының келмеуі жарыстың деңгейін күрт төмендетеді деп есептейді. Сол себепті де олар Джокович бастаған саңлақтарға Аустралияның ашық біріншілігіне вакцинасыз-ақ қатысуына рұқсат беруі жайында өтініш білдіруде.