• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Қоғам 31 Желтоқсан, 2021

Баспаналы болудың бастамасы

224 рет
көрсетілді

Елімізде халықтың баспаналы болуына бағытталған байып­ты бастамалар аз емес. Соған қарамастан «өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізе алмай салы суға кетіп, сарсаңға түскен отандастарымыз да баршылық. Ал «үйі жоқтың күйі жоқ» екені бесенеден белгілі дүние емес пе? Биыл осы олқылықтың орны толып, ипотека қарызынан құтыла алмай жүрген қазақстандықтардың қарекетіне қан жүгірді. Бұған ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған зейнетақы жинағының бір бөлігін үй алуға пайдалану туралы ұсынысы ұтымды серпіліс берді.

2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Қазір жұмыс істеп жүрген адам өзінің зейнетақы жинағын тек зейнетке шыққаннан соң ғана пайдалана алады. Бірақ олардың бұл қаражатты зейнетке шыққанға дейін пайдаланғысы келетіні түсінікті жағдай. Жұмыс істейтін азаматтар өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін белгілі бір мақсатқа, соның ішінде баспана сатып алуға немесе білім алу үшін пайдалану мәселесін жыл соңына дейін пысықтауды Үкіметке тапсырамын», деген болатын. Үкімет бұл тапсырманы мүлтіксіз орындап, 2020 жылы 1 қыркүйекте Президент «Менің тапсырмам бойынша ел тұрғындарының зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесі пысықталды. Бұл, әсіресе, қазір ерекше маңызды. 2021 жылдың өзінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 700 мың салымшысы өз жинағының бір бөлігін тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алады немесе басқарушы компаниялардың иелігіне береді. Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп, осы жылдың соңына дейін барлық қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдап, дайындық жұмыстарын жүргізуді тапсырамын», деген еді.

Осылайша Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша отан­дастарымызға зейнетақы жина­ғының бір бөлігін белгілі бір мақ­сатқа пайдалануға мүм­кін­дік берілді. Бұл қандай мақ­саттар еді? Ең алдымен ел тұрғын­дарының баспана мәселесін шешуге назар аударылды. Яғни отан­дас­тарымыз екінші деңгейлі банк­тердегі берешегін өтей алады. Мә­селен, ипотекалық тұрғын үй қарызы бойынша берешекті іші­нара немесе толық өтеуге болады (соны ішінде ислам банкінің қаржыландыруы шеңберінде). Сондай-ақ «Отбасы» банкіндегі тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша ипотекалық қарызды ішінара немесе толық өтеуге, тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруға мүмкіндік пайда болды. Бұған қоса, сатып алу құқығымен берешекті толық немесе ішінара өтеуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй сатып алу кезінде пайдалануға болады.

Сондай-ақ қаражатты денсау­лықты түзеуге де жұмсай аласыз. Мәселен, орфандық аурулар­ды емдеуге, стоматологиялық қыз­меттерге, реконструктивті және қалпына келтіру (пластикалық) операцияларына, радионуклидтік және радиойодтерапияға, радио­хирургиялық емдеуге, протон те­рапиясына, офтальмолог қызмет­теріне пайдалануға рұқсат. Соның нәтижесінде, БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсарту, емдеу және инвестициялық басқаруға аудару мақсатында 2,5 трлн теңгеден астам сомаға салымшылардың 850 мыңға жуық өтінішін орындады.

2021 жылғы 27 желтоқса­нын­дағы жағдай бойынша, салым­шы­лардың (алушылардың) зей­нет­ақы жинақтарын тұрғын үй жағ­дайларын жақсарту үшін пай­да­лануға берген 709 894 өтіні­ші орындалды. Уәкілетті опера­тор – банктерде ашылған қазақ­стандықтардың арнайы шоттарына БЖЗҚ 2,4 трлн теңгеден аса қаржы аударды. Біржолғы зейнетақы төлемдерінің орташа сомасы – 3,4 млн теңге. Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы қа­ла­сының (17,6%), Нұр-Сұлтан қаласының (13,4%), Маңғыстау облысының (12,4%) тұрғындары тарапынан жолданды. Бүгінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар «Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қа­зақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ саналады. Орын­далған өтініштердің едәуір бөлігі (орындалған өтініштердің жалпы санының 95%-ы) «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, одан әрі «Қазақстан Халық банкі» АҚ (3,7%), «Банк ЦентрКредит» АҚ (1,3%), «Altyn Bank» АҚ (0,05%) және «Банк Фридом Финанс Казахстан» АҚ (0,03%) арқылы берілді.

Өтініштердің көп бөлігі аза­мат­тық-құқықтық мәмілелер бо­­йын­ша (түпкілікті есеп айыры­су) мен­­шікке тұрғын үй сатып алуға бағытталған – 1,7 трлн тең­ге­ге (жал­пы соманың 70%-ы) 339 448 өті­ніш орындалды. Одан әрі ипо­текалық тұрғын үй қарызы бо­йын­ша берешекті ішінара өтеуге (соның ішінде ислам банкінің қар­жы­ландыруы шеңберінде) жал­пы сомасы 179,3 млрд теңгеге 114 315 өті­ніш және тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бо­йын­ша ипотекалық қарыз бере­шегін ішінара өтеуге жалпы сома­сы 118,2 млрд теңгеге 95 735 өті­ніш орындалды.

2021 жылдың 16 жел­тоқса­­ны- нан бастап БЖЗҚ салым­­шы­­ларына «Отбасы банк» ТҚЖБ-да одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымды толықтыра алады. Осы мақсатта 10 күн ішінде 33,1 млрд теңгеге 24 373 өтініш орындал­ды. Сондай-ақ, желтоқсан айында қазақстандықтар жер телі­мін нысаналы мақсаты бар азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша – жеке тұрғын үй құ­рылысы немесе жеке қосалқы ша­руашылық (түпкілікті есеп айырысу) бойын­ша меншікке сатып алуға өз жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын алды. Осылайша биылғы 27 желтоқсанға дейін жинақтарды пайдаланудың осы мақсаты бойынша БЖЗҚ 88 млн теңгені құрайтын 47 өтінішті орындады.

Сонымен қатар БЖЗҚ емделуге берілген 121,8 млрд теңгеден астам сомаға 134 587 өтінішті орын­дады. Бұл ретте алуға бола­тын орташа сома шамамен 0,9 млн теңге. Сонымен қатар салым­шылардың (алушылардың) БЖЗҚ-дағы ЖЗШ-на уәкілетті оператордан («Отбасы банкі» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ) 13,2 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушілердің өтініші және өзге де себептер бо­йынша белгіленген мерзімде пайда­ланылмады. Орындалған өті­ніштердің басым бөлігі стома­тологиялық қызметтерге – 115,8 млрд теңгеге 125 209 өтініш, одан кейін офтальмологиялық қыз­меттерге – 2,8 млрд теңгеге 5 807 өтініш және орфандық ауруларды емдеуге – 0,9 млрд теңгеге 1 110 өтініш бағытталды.

Биылғы 27 желтоқсандағы жағ­дай бойынша, инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) 7 млрд теңге аударып, БЖЗҚ 4 025 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,7 млн теңге. Қазіргі уақытта БЖЗҚ зейнет­ақы активтерін сенімгерлікпен басқа­руға қатысты төрт ИПБ-мен шарт жасасты. Айта кетейік, 7 млрд теңгенің 46,22%-ы немесе 3,2 млрд теңгесі «Jusan Invest» АҚ, 26,77%-ы немесе 1,9 млрд теңгесі «Halyk Global Markets» АҚ, 16,21%-ы немесе 1,1 млрд теңгесі «BCC Invest» АҚ, 10,80%-ы немесе 0,8 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» АҚ аударылды.

«Зейнетақымен қамсыз­дан­дыру туралы» заңға сәйкес, ИПБ инвестициялық басқаруды жүзе­ге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. ИПБ сый­ақысының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5%-нан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын ИПБ-ның басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін. Салымшы зейнеткерлік жасқа толғанға дейін Ұлттық банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепіл­дігі қолданылады. Зейнетақы жи­нақтары ИПБ-ның басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компания­ның зейнетақы активтерінің ең төмен­гі кірістілік деңгейін қамтама­сыз ететін кепілдігімен алмасты­рылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін ИПБ-ның басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірісін негізге ала отырып есептеледі.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Зейнетақы жинақ­тарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрық­ша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын үй жағдайын жақсарт­ты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты», деген еді. Расымен де, отандастарымыз маңызды бас­таманың игілігін көріп, тұрмы­сын, денсаулығын түзеудің тиімді те­тігіне қол жеткізді.