Бүкіл әлемді жаулаған, бүгінде үйреншікті жауымызға айналған Covid-19 індетінің әлі де беті қайтар емес. Өкінішке қарай, пандемиямен арпалысқан тағы бір жылды артқа қалдырып жатырмыз. Адамзаттың амандығына қауіп төндірген бұл алмағайып, ауыр кезеңде індетке қарсы түрлі амал жасалып, күрес күшейе түсті. Жер-жаһанда жаппай вакциналау процесі жүріп, елімізде де ауыз толтырып айтарлықтай ауқымды жұмыс атқарылды.
Коронавирусқа қарсы екпе салу басталды
Адамзаттың басына қандай зауал төнсе де, одан құтылудың бірден-бір жолы вакциналау болғаны тарихтан белгілі. Дүйім дүниені дүрбелеңге салған коронавирус пандемиясына қарсы көп күттірмей түрлі вакцинаның әзірленіп, айналымға енгені – қазіргі кезеңнің үлкен жетістігі. Бүкіл әлемде басталған вакциналау процесінен Қазақстан да қалыспай, ерте қам-қарекетін жасады. Биыл 1 ақпаннан бастап елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакциналау басталды. 2021 жылы 13,3 млн-нан аса адамды қамту үшін вакциналардың жеткілікті көлемі қамтамасыз етілді.
Вакциналау басталғанда азаматтар алдымен ресейлік Спутник V препаратын салдырды. Бұл вакцинаны Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында өндіру қолға алынды. Кейін халыққа қолжетімді вакциналардың тізімі ұлғайып, QazVac, Hayat-Vax , КоронаВак және Синофарм вакциналары салына бастады.
Жалпы, елімізде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның бірінші компоненті 9 236 035 адамға салыпты. Бұл вакцина салдыруға болатын халықтың жалпы санының 76,2%-ын құрайды. Ал екінші компонентті – 8 558 713 адам вакцина алды. Мұның қамтылуы – 70,3%.
Бұған қоса жасөспірімдерді, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналауға қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Pfizer компаниясының Comirnaty вакцинасының 4 млн 230 мың дозасы сатып алынды. Бұл аталған санаттағы 2 млн 115 мың адамды қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда бірінші компонентпен 230 986 бала және 57 045 жүкті және бала емізетін әйел, екінші компонентпен 80 176 бала және 19 853 жүкті және бала емізетін әйел вакцина салдырды. Comirnaty (Pfizer) вакцинасын сақтау ерекшеліктерін ескере отырып, вакцинаны сақтау және тасымалдау ережелерін сақтау бойынша шаралар қабылданды.
Басқа елдердің вакциналау паспорттарын тану бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Бүгінгі таңда вакциналау паспорттарын өзара таныған елдердің саны 20-ға жетті. Атап айтқанда, бұл мемлекеттер – Аргентина, Мажарстан, Грузия, Иран, Иордания, Қырғызстан, Мальдив аралдарын, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия және Эстония.
Халықтың осал топтарын қорғау мақсатында іс-шаралар қабылданып, қайта вакциналау басталды. Бірінші кезекте медициналық қызметкерлер, педагогтер, медициналық-әлеуметтік мекемелер қызметкерлері мен контингенті жабық балалар мекемелері, күш құрылымдарының қызметкерлері вакцина салдыратын болды. Екінші кезеңде бастапқы вакциналауды аяқтаған (вакциналаудың толық курсын аяқтағаннан кейін 6-9 айдан кейін) және 2022 жылдың қаңтарынан бастап ревакциналау мерзімі жеткен азаматтар қайта вакциналаудан өтуіне болады. Қазіргі кезде ревакциналау мен 424 414 адам қамтылды.
QazVac тиімділігін көрсетті
Пандемиямен күрес кезеңінде Қазақстанның әлеуетін байқатқан ең үлкен жетістіктің бірі отандық QazVac вакцинасын әзірлеп, қолданысқа енгізу екені сөзсіз. Әлемді қыспағына алған коронавирус індеті біздің елде де әлек сала бастағанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дауасыз дертке қарсы дереу вакцина жасауды тапсырған болатын. Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты (БҚПҒЗИ) ғалымдары бұл үдеден шыға білді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тіркеуінен сәтті өтіп, клиникалық сынақта тиімділігін көрсеткен QazVac (ғылыми атауы – QazCovid-in) – инактивтелген вакцина.
Аталған вакцина елімізде 26 сәуірден бастап жаппай қолданысқа енгізіле бастады. Республика бойынша КВИ-ге қарсы вакциналауды ұйымдастыру және жүргізу бойынша жұмыс жалғасып, бүгінде QazVac вакцинасының бірінші компонентін 696 103 адам, екінші компонентін 578 522 адам салдырды.
Сонымен қатар ревакциналау кезінде халыққа қолжетімді бірден-бір вакцина өзіміздің QazVac болып тұр. Өйткені Спутник V екпесі ревакциналауға жарамайды. Бұл вакцина екі түрлі құрамдас бөліктен тұрады, яғни Спутник V екпесінің бірінші және екінші компоненттері әртүрлі. Ал ревакциналау кезінде құрамы бірдей екпе ғана салынуы керек. Сондықтан қазір қайта вакциналау кезінде негізінен QazVac препараты қолданылып жатыр. 29 желтоқсандағы деректі келтірсек, ревакциналаумен 479 222 адам қамтылса, оның ішінде отандық QazVac вакцинасын 412 170 адам алдырды.
Жаңа штамды анықтауда зертхананың маңызы зор
Елдегі эпидемиялық жағдайды дер кезінде дәл бағалауда зертханалық әлеуетіміздің жоғары болғаны маңызды. Яғни дертті уақытында анықтау – коронавирус инфекциясымен күрестің негізгі бөлігі.
Қазіргі уақытта зертханалардың санын 165-ке дейін арттыру есебінен тестілеудің тәуліктік қуаты 1 млн адамға 6 315 тестіні құрайды. Күн сайын 50 мыңға дейін зерттеу жүргізіледі.
Еліміздің үш өңіріне үш бірлік жоғары технологиялық зертханалық жабдықтар жеткізілді. Зертханаларды жабдықтау және қызметкерлерді оқыту бойынша қабылданып жатқан шаралар зертханалардың жалпы қуатын тәулігіне 126 мың зерттеуге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастарды зерттеу үшін Ұлттық ғылыми кардиологиялық орталық негізінде Постковидтық орталық ашылды.
ПТР диагностикасын қамтамасыз етумен қатар, импортталған жағдайлардың және вирустың мутациялық өзгергіштігінің мониторингін қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі вирустарды генетикалық зерттеуді үнемі жүргізіп отырады.
2021 жылы Қазақстан Республикасының барлық өңірін қамти отырып, толық геномдық секвенирлеу әдісімен SARS-CoV-2 вирусының генетикалық сипаттамасына 745 сынама зерттелді.
Осы жылдың қараша-желтоқсан айларында 96 үлгіде «Үнді», «Британдық» және «Mu» штамдары анықталды. Ал дәл қазір әлемді дүрліктіріп жатқан жаңа «Омикрон» штамының нұсқасы біздің елде табылған жоқ.
Дәрі-дәрмек тапшылығына жол бермеу қадағаланды
Коронавирус пандемиясының алғашқы толқынында елімізде дәрі-дәрмек тапшылығы сезіліп, халық әжептеуір дүрліккен еді. Осы жағдай сабақ болып, препараттардың жеткілікті қорын қамтамасыз ету, бағаның негізсіз көтерілмеуі сияқты мәселелері жіті назарға алынды. Сондай-ақ дәрі-дәрмекке қатысты орын алған жағдай тағы бір мәселенің бар екенін көрсетіп берді. Бұл – өзімізде өндірілетін дәрі-дәрмектің аздығы. Аталған мәселеге Президент биылғы Жолдауында ерекше тоқталды. Онда елдегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім екенін айтып, 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізуді тапсырды.
Биыл Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларында коронавирус инфекциясын емдеуге арналған жалпы сомасы 6,27 млрд теңгеге дәрілік заттардың 2 айлық қоры қалыптастырылды. Медициналық ұйымдарда жалпы сомасы 11 млрд теңгеге айлық қор қалыптастырылды.
Сондай-ақ коронавирус инфекциясы таралуының барлық қаупін ескере отырып, төсектік орын қорының дайындығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Індет қатты күшейіп, шыңына шыққан жағдайда 50 мыңнан аса төсектік орын және 3 мыңнан аса реанимациялық, резервтік төсектік орын бар.
Бұған қоса жедел медициналық жәрдем қызметінің паркі осы жылы 2 287 санитарлық көлікпен толықты.
Қазақстан – «жасыл аймақта»
Эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес бүгінгі таңда Қазақстан және еліміздің 15 өңірі «жасыл аймақта» орналасқан. Екі өңір – Солтүстік Қазақстан облысы және Нұр-Сұлтан қаласы – «сары аймақта». «Қызыл аймақта» тұрған өңір жоқ. Репродуктивті сан – 0,95 құрайды. Қыркүйек айынан бастап емделіп шыққан адамдардың саны 30%-ға артқан. Ал соңғы екі аптада індетпен ауыру 32%-ға төмендеген.
Жалпы, еліміздегі эпидемиялық ахуал тұрақты. Бірақ бұған тоқмейілсіп, босаңсуға болмайды. Өйткені әлемнің басқа мемлекеттерінде коронавирустың жаңа штамы «Омикрон» жылдам таралып жатыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамы бойынша ауру бірнеше ай ішінде бүкіл әлемге таралады. Сондықтан вакциналау процесін күшейтіп, ревакциналауды да тездету қажет.
Сонымен қатар инфекцияны таратпау мақсатында сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, сауда желілеріне; спорттық-сауықтыру орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога-орталықтарға; караоке; бассейндер; сауналар, моншалар; банктер; «Қазпошта» АҚ бөлімшелері, ХҚО-ларға тек Ashyq қосымшасы арқылы «жасыл» мәртебесі бар тұлғаларға кіруге рұқсат беру бойынша қосымша алдын алу шаралары күшейтілмек. Бұл норманы 2022 жылғы 5 қаңтардан бастап енгізу ұсынылып отыр.